Сарытаудағы сындарлы сайыс

Өрт-құтқару спортынан Қазақстан құрамасы Сарытау (Саратов) қаласында өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті.
8-16 қыркүйек күндері Ресей Федерациясының Сарытау қаласында өрт-құтқару спорты бойынша төрт чемпионат – ерлер арасындағы XV, әйелдер арасындағы VI, жасөспірімдер мен жастар арасындағы IX, қыздар мен юниорлар арасындағы V әлем чемпионаты өтті. Жалпы жарысқа барлығы 20 елден: Австрия, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Иран, Үндістан, Италия, Қазақстан, Қытай, Латвия, Моңғолия, Польша, Сенегал, Словакия, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Хорватия және Ресей командалары қатысты.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысы бойынша көтерілу, 100 метрлік жолақты еңсеру, жауынгерлік қанат жаю және 4-тен 100 метр өрт сөндіру эстафетасы бойынша сайысты. Біздің спортшылар жаттықтырушы берген барлық тапсырмаларды орындай отырып, жарысқа қызу дайындалды. Олар сайыстарда өз қабілеттерін көрсете білді.
Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның ерлер құрама командасы жалпыкомандалық 2-орынды иеленді. Жас өрт сөндірушілер мен құтқарушылар құрама командасы 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту сайысынан 2 күміс жүлде алды, жауынгерлік қанат жаюда 2-орын, өрт сөндіру эстафетасында 3-орын және жалпыкомандалық 3-орынды иеленді.
Әйелдер құрамасы жалпыкомандалық IV орынға ие болды. Мұндай нәтижеге біздің құрама бұған дейін жеткен жоқ. Біздің туымызды қорғай отырып, спортшылар өздерінің кәсібилігі, ерік-жігері, күші, рухы, ерен еңбегі, өздерінің сүйікті істеріне және Отанға деген сүйіспеншілігі арқасында қол жеткізді.
Іс-шараның жабылу салтанатында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының туы келесі Әлем чемпионаты өтетін елге – Қазақстан Республикасына берілді.
Айта кетсек, жалпыкомандалық есепте бас жүлдені Ресей Федерациясы, 2-орынды Қазақстан Республикасы және 3-орынды Чехия Республикасы иеленді.
Жасөспірімдер мен жастар арасында 1-орынға Ресей Федерациясы, 2-орынға Беларусь Республикасы, 3-орынға Қазақстан Республикасы лайық деп танылды.

ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*