Ұстаздар ризашылығы

Ұстаздар ғылыми жұмыс жүргізуге көмектескен Солтүстік Қазақстан облысының полицейлеріне ризашылықтарын білдірді.
Облыстық полиция ведомствосы бастығының азаматтарды қабылдауы ерекше сәттен басталды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшілері ғылыми зерттеу жүргізуде көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Алғыс хаттардың бірі арнайы мұрағаттың жұмысын ұйымдастырғаны үшін ведомство бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа, ал екіншісі мұрағат қызметкері, полиция аға лейтенанты Айнұр Мұқашеваға берілді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы, профессор Гүлнас Ахметованың ғылыми жұмысы өткен ғасырдың 30-50 жылдары репрессияға ұшыраған ұстаздарға арналған. Олар туралы сауалдар республикамыздың барлық Полиция департаменттеріне жөнелтілген. Солтүстікқазақстандық арнайы мұрағат алғашқы болып жауап ұсынды. Тәртіп сақшыларына келген меймандар айтып өткендей, мәліметтер асқан жауапкершілікпен дайындалып, жүйеленген қалыпта ұсынылған. Бұл жұмыспен Айнұр Мұқашева айналысты.
Полицейлер ұстаздарды Ақпараттық-аналитикалық орталықтың арнайы мұрағатымен танысуға шақырды.
«Арнайы мемлекеттік мұрағат мемлекеттік қызметтің 2 түрін көрсетеді: олар мұрағаттық анықтамалар беру және құжаттарды апостильдеу», – дейді облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев. – Жыл басынан мұрағат қызметкерлері 357 мемлекеттік қызмет көрсетіп, репрессияға ұшырағандар мен әскери тұтқында болған КСРО азаматтары бойынша 26 мұрағаттық анықтама берді. Мұнда азаматтар көбінесе туыстарының тағдырын білу үшін жүгінеді».
Күнделікті қызмет барысында арнайы мұрағат қызметкерлері қайғылы кезеңнің материалдарымен танысады. «Мұрағатқа тарихшылар мен өлкетанушылар да жиі келеді. Мұнда оларға сапалы жинақталған материалдар ұсынылады. Репрессияға ұшыраған солтүстікқазақстандықтар ұлттары бойынша топтастырылған. «Алашордалықтар» туралы материалдар да іріктеліп алынған. Мағжан Жұмабаевтың туыстары бойынша материалдарға сұраныс бар», – дейді облыстық ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Самал Құсайынова.
Ұстаздар келешекте де осындай ынтымақтастық жалғасатындығына сенім білдірді. Полиция мұрағатына оқушылар мен студенттер де жүгінеді. Олар үшін өткен жылдарда болған оқиғаларға куә материалдар қызығушылық тудырады. Әрі мұндай танымдық кездесулер туған өлкенің тарихын жақсы білуге мүмкіндік береді.
«Менің педагогикалық қызметпен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Бүгінде педагогика ғылымдарының докторымын, профессормын, – дейді Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚОФ директоры Алма Мырзалинова. – Полиция мұрағатында көптеген зерттеулер жүргізуге болатындығына көзім жетті. Полиция департаментімен атқарылып жатқан жұмыстар біздің педагогикалық жұмысқа зор үлесін қосады деген сенімдеміз. Департамент басшылығына ризашылығымызды білдіреміз».

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*