Азаматтық қорғау полковнигі Қуанар БАЗАРБАЕВ: Төтенше жағдайлар толық бақылауда

Маңғыстау тарихи қазынаға да, табиғи қазынаға да бай мекен. Мұнайы мен газы – ел игілігі болса, Каспий теңізі – еліміздің мақтанышы. Тақырыбымыз төтенше жағдай болғандықтан, мұнда техногенді де, табиғи да апаттар сипаты аз емес. Бұл туралы бізге Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қуанар Базарбаев айтып берді.
Қуанар Бекенұлы, Маңғыстау – табиғатымен де, өмір салтымен де еліміздің басқа өңірлеріне ұқсамайтын аймақ. Өзіңіз басқарып отырған салада не хабар, қандай өзгерістер бар?
– Осы Маңғыстау өңіріне келіп қызмет жасап жатқаныма төрт жарым жылдай уақыт болды. Содан бергі кезеңде өңірдің азаматтық қорғау саласындағы қыр-сырын толық зерделедім десем де болады. Жетістіктеріміз де көп, шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес. Осындай жұмыстардың барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан да соңғы жаңалығымыздан бастайын. Ол биыл Ақтау қаласы маңындағы Басқұдық ауылында өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталып кеткендігі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 540 млн теңге ақша бөлінді. Екі кезеңге бөлініп жүргізілетін жұмысқа биыл 100 млн, келесі жылы 440 млн теңге қарастырылған. Мұндай соңғы стандарттағы өрт сөндіру бөлімі облыста бұрын-соңды тұрғызылмаған.
Ал одан кейінгі ауыз толтырып айтуға болатын тағы бір үлкен жетістігіміз – Маңғыстау облысының құрама командасы биыл өрт-құтқару спортынан Атырауда өткен республикалық чемпионатта бас жүлдені жеңіп алды. Бас жүлдеге өрт сөндіру-құтқару жұмыстарына арналған екі арнайы ауыр техника тігілген болатын. Мұнда да біздің жігіттердің үлкен еңбек сіңіргендігін ерекше атай кету керек. Спортшыларымыз бұл жарысқа үлкен дайындықпен барды. Ересек командалардан бөлек, Атырауға жергілікті оқушылар мен студенттерден құралған жасөспірімдер командасын да алып бардық. Сондықтан да бұл біздің сүйінші сұрарлықтай жаңалығымыз.
Басқа өңірлерге қарағанда Маңғыстау облысында елді мекендер аз. Бірақ, біздің өңірдің басымдылығы – өндірістік нысандар, соның ішінде мұнай-газ өндіру орындарының көптігінде. Одан қалды Каспий теңізіміз бар. Сондықтан біздің сала үшін мұнда атқарар жұмыстар жетерлік. Оның үстіне биыл өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі мен арнайы құтқару жасағы қосылып жатқанын да білесіздер. Бұл өзгерістердің барлығы да жұмысымызды жандандыра түсері анық.
Ал енді биыл атқарылған жұмыстарымызға келсек, жыл басынан бері облыс аумағында 174 өрт тіркелді. Бұл 2018 жылғы 192 дерекпен салыстырғанда 10%-ға аз. Бұрынғыша өрттің көп бөлігі тұрғын үй алаптарында болып отыр, яғни 89 оқиға, жалпы өрттің 51% және автокөліктерде 55 жағдай – жалпы өрттің 33%. Осыған орай тұрғын үйлерде кең көлемде өткізілген үгіттеу-профилактикалық жұмыстарға сәйкес өрт саны алдыңғы жылмен (2018 ж. – 101 өрт) салыстырғанда 12%-ға азайды. Автокөліктердегі өрттер саны да (2018 ж. – 75 өрт) 22%-ға төмендеді.
Осы ретте ең бірінші маңыздағы шара – тұрғындарды оқыту және ақпараттандыру. Адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу және өрттердің санын азайту мақсатында тұрғындарды өрт қауіпсіздік ережесіне оқытуға көп көңіл бөлінді. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдарында 997 рет сөз сөйленді. Оның ішінде телеарнада 51, басылымдарда 172, радиода 93, дауыс зорайтқыш арқылы 681 рет.
Одан басқа өрт қауіпсіздігіне байланысты сенбіліктер өтіп тұрады. Тұрғын үй иелеріне өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар, буклеттер таратылып, жиналыстар мен кездесулер және нұсқаулықтар ұйымдастырылады. Жыл басынан бері осы мақсатта тұрғын секторында 23 мыңнан аса ауланы аралау арқылы 103 031 адам қамтылды. Соның ішінде 4 345 адамға 228 жиналыс пен кездесу ұйымдастырылып, тексерістер кезінде 5 016 адамға 729 нұсқаулық жүргізілді. Ауланы аралау кезінде негізгі назар тұрғындардың ішінде әлеуметтік тәуекелі жоғары топтарға қойылды. Олар – қария адамдар, көпбалалы отбасылар, жұмыссыздар және тағы басқалар. Бұл санаттағы отбасыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Автокөліктердегі өртерді болдырмау мақсатында қалалық және аудандық бөлімшелер Жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірігіп рейд өткізді. Рейд кезінде автокөліктегі өртті болдырмау бойынша жүргізушілерге түсіндіріп, 1340 дана жадынама таратылды. Облыстың қала-аудандарында қоғамдық орындарда және адамдар көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіретін 22 билборд орнатылды. Осы 8 айда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 20 дөңгелек үстел өткізілді. Олар «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі», «Өндірістік мекемелердегі өрт қауіпсіздігі», «Биік үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «Сауда нысандарындағы өрт қауіпсіздігі» сынды тақырыптарды қамтыды. Одан бөлек 516 мектепті және 19 884 оқушыны қамтыған 62 интерактивті сабақ болды.
Азаматтық сектордағы өрттерден бөлек, биыл Қаламқас кен орнында үлкен өрт болғандығын білеміз. Газды су араласқан грифон өртенді. Оған Сіздер қатыстыңыздар ма?
– Әрине! Биылдыққа болған ең үлкен өрт – осы Қаламқас кен орнындағы жағдай. Мен жергілікті билік тарапынан ұйымдастырылған төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб бастығы болдым. Сол жерде көптеген жұмыстар атқардық. Осындай өндірістік орындағы төтенше жағдайдың қаншалықты күрделі болатындығын білдік. Мұнай-газ мекемелеріндегі төтенше жағдайға қарсы күрес жөніндегі ахуалды түсіндік. Шындығын айтқанда, бұл өрт оқиғасы өндірістік мекемелердегі біраз проблемаларды жалаңаштап кетті. Ол туралы өзіміз бағынысты Төтенше жағдайлар комитетіне, жергілікті әкімдікке де жеткізіп жатырмыз. Ол туралы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылары да біледі. Оқиға болған кен орындарының өздерінің төтенше жағдайға қарсы күрес, соның ішінде өрт сөндіруге арналған құрылымдары бар. Бірақ, Қаламқастағы өрт кезінде олар өздерінің шамалары жетпегеннен кейін, бізді көмекке шақырды. Біз барғанда байқағанымыз, олардың жанып жатқан газды бұрқақты сөндіретін дұрыс техникасы жоқ екен. Өйткені, жер астынан қысыммен шығып жатқан бұрқаққа жанып жатқан кезінде жақындау мүмкін емес. Оның температурасы өте жоғары. Сондықтан 45-50 метр радиустан артық жақындай алмайсың.
Ал бізде газды ауаның жануын сөндіретін ГТ (газавоздушноетущение) маркалы бір арнайы техникамыз бар. Мұндай техника республика бойынша бізде және Атырау облысында бар. Грифонды сөндіру жұмыстарына кіріскен бойда біз Атыраудағы техниканы да көмекке шақырдық. Бұл көліктердің өндірістік қуаты секундына 200 литр су береді. Бірақ, өрттің алапат болғандығы сондай – екі машина қосылып секундына 400 литр су шаштық, соның өзі жалынның күшін басуға жетпей жатты. Мезгіл-мезгіл газ қысымының азайғанын күтуге тура келді. Осылайша, мүмкін болған әдістерді қолданып, өртті ауыздықтадық.
Оқиғадан соң мен таяуда облыс әкіміне осы мәселемен кіріп шықтым. Облыстық Төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысында осы сұрақты көтерейік, отырысқа Қазмұнайгаздан, Маңғыстаумұнайгаздан, Қаламқасмұнайгаздан, Жаңаөзенмұнайгаздан және тағы да басқа мұнай компанияларынан жауапты өкілдерін шақырайық деп ұсындым. Ірі өндірістік мекемелер өздеріне төтенше жағдайларға, соның ішінде өрт сөндіруге қажеті техникаларын алуы керек. Оны өзіміз талап етпесек болмайтынын жеткіздім. Ол кісі мені қолдап, комиссия отырысын қыркүйек айына белгілеп, күн тәртібін бекітті.
Енді өрт сөндіруден құтқару жұмыстарына ауыссақ. Маңғыстау түбегінің ең басты мақтанышы – Каспий теңізі. Әйтсе де, бұл мақтанышымыздың бір ұшығы қайғылы жағдайға да әкеп жатады. Суда құтқару жұмыстары туралы не айтасыз?
– Бұл тұста ой желісін үзбей, біздің облысқа халықаралық стандарттарға сай суда құтқару станциясын салу қажеттігін бірінші кезекте айта кеткім келіп отыр. «Каспий маржаны» аталып кеткен ақ шаңқан Ақтау қаласы – еліміздегі теңіз жағасындағы жалғыз қала. Оның туристік әлеуеті өте зор. Тіпті, «Қазақстанның Анталиясына айналады» деген батыл бастама бар. Алғашқы қадамдары да жасалып жатыр. Оны жағалау бойында көзіміз көріп отыр. Сондықтан да мұнда өңірдің туристік әлеуетіне лайық суда құтқару станциясы салынуы қажет деп ойлаймын. Бұл туралы мен осы қызметке келгелі айтып келемін. Облыс әкімдігі тарапынан да қолдау бар. Жедел шығуға ыңғайлы тұстан жағалаудан жер телімі қарастырылып отыр. Болашақ станцияның жобалау-сметалық құжаттамаларын даярлауға әкімдік өз тарапынан қолынан келгенше көмектерін көрсетті. Ендігі кезек республикалық бюджетке тіреліп тұр. Жыл сайын бюджет жобасына қосылғанымен, өзгерістер енгізілген кезде түсіп қала береді. Әйтсе де, алдағы жылдан үлкен үмітіміз бар.
Енді атқарылған шаруаларға келсем, Каспий теңізі Маңғыстау түбегінің жартысынан астамын шайып жатыр. Оның жағалау жолағы 1300 км құрайды. Сондықтан оны 54 адамдық штатпен қайтсек те жаба алмасымыз анық. Әйтсе де, біз жағдай солай екен деп, қол қусырып отырған емеспіз. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өңірімізде Каспий теңізінің болуына байланысты біздің облыс үшін су объектілерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие. Мәселен, суға шомылу маусымы басталғаннан-ақ су жағасына келіп демалушылар саны күрт өседі, сәйкесінше, жазатайым оқиғалар саны, атап айтқанда, адамдардың теңізге батып қаза болу дерегі де артады. Биыл жыл басынан бері теңізде қаза болғандардың статистикасы 14 адамды құрайды, оның ішінде 6 бала бар. Ал 2018 жылы 10 адам, оның ішінде екеуі бала, суға кеткен. 2017 жылғы көрсеткіш – 19 адам, олардың 3-і бала.
Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланысты. Талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылу болып қалып отыр. Биылғы 14 жағдайдың 13-і сондай орында болған. Статистиканы ары қарай жалғастырсақ, 2019 жылы біздің құтқарушылардың күшімен 15 адам құтқарылды, оның ішінде 4-і бала, 2018 жылы 22 адам, олардың ішінде 7 бала.
Шомылу маусымына дайындық кезеңінде адамдардың суда қаза болуын болдырмау және азайту мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің 2019 жылғы 3 сәуірдегі №47 «Маңғыстау облысы халқының 2019 жылғы шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Өкімі әзірленді. Осы өкімнің шеңберінде халықтың суда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған іс-шаралар кешені көзделген. Оған біздің департамент, сондай-ақ, қалалар мен аудандардың әкімдіктері, құқық қорғау органдары және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын органдар жұмылдырылған. Сонымен қатар, департамент тарапынан биыл «Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар кешенін өткізудің жоспар-кестесі» әзірленіп, 1 маусым күні бекітілді. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 10 отырысы өтті. Оның ішінде 3 облыстық, 7 қалалық және аудандық комиссия отырыстары.
Суға түсу маусымы басталғанға дейін облыс аумағындағы суға шомылу орындарына түгендеу жүргізілді. Түгендеу қорытындысы бойынша облыста Каспий теңізінің жағалауында орналасқан 38 демалыс орны анықталды. Осыдан кейін Маңғыстау облысы әкімінің «Маңғыстау облысының су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарында бұқаралық демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Қазіргі таңда осы қаулы әділет органдарында тіркеуден өтуде.
Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы «Маңғыстау облысында жалпы су пайдалану қағидалары туралы» шешіміне суға шомылуға тыйым салынған орындар қатары толықтырылды. Атап айтқанда, Ақтау қаласынан 43 км қашықтықта суға түсетін жер, «Голубая бухта» (Ақтау қаласынан 64 км), «Саура» (82 км, «Тамшалы» (Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 30 км) және «Сарытас» (Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 51 км) сынды 5 жерде енді суға түсуге болмайды.
Суға шомылу маусымы басталғаннан бастап Жедел құтқару жасағы күштері күшейтілген қызмет атқару нұсқасына ауыстырылды. Шомылуға арналған қауіпті учаскелерде кезекшілікті жүзеге асыратын мобильдік бекеттер ұйымдастырылды. Күн сайын Жедел құтқару жасағының күшімен патрульдеу және судағы жаппай демалу орындарына рейдтер жүргізіледі. Сонымен қатар, әр аптаның сенбісінде департаменттің жеке құрамы осындай рейдтер жүргізеді. Биылғы шомылу маусымында судағы қауіпсіздік шаралары туралы 25 535 үгіт-насихат өнімдері таратылды. Аталған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін халықты жұмысқа орналастыру орталығынан 35 қоғамдық-ерікті жасақ волонтерлері тартылғандығын атай кету керек.
Теңіздегі құқық тәртібі мәселелерін жергілікті полиция қызметі бақылайды, олармен бірге 481 рет рейд жүргізілді. Рейд барысында ішкі істер органдары 485 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы сомасы 4 213 375 теңге әкімшілік айыппұл салды, оның ішінде 364-бап – «Ортақ су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 159 адамға ескерту берілді. Қайталап бұзған жағдайда оларға 2 АЕК айыппұл салынады. Сондай-ақ, 440-бап – «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу» бойынша 326 адамға айыппұл салынды.
Қала және аудан әкімдіктері жағалау аймақтарында қаза тапқан және зардап шеккен адамдардың статистикалық деректерін көрсете отырып, 30 тыйым салатын белгі мен 39 стенд орнатты.
Есепті кезеңде департамент қызметкерлері теледидар мен радио арқылы 32 рет сөз сөйледі, басылымдарда 55 мақала жарияланды, «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында 4 брифинг өткізілді, демалыс орындарында
14 070 рет демалушылармен 585 әңгіме жүргізілді. WhatsApp, Fasebook, Instagram және т.б. әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы 67 бейнеролик таратылды.
Суға шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Білім басқармасымен бірлесіп «Судағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-насихаттау
іс-шараларын өткізу жоспары» құрылды. Осы жоспар шеңберінде келесідей жұмыстар атқарылды: судағы қауіпсіздік бойынша акция, флэш-моб, ашық есік күні және т.б. сынды 15 шара, 5110 оқушы қамтылған 26 интерактивті сабақ, 10575 оқушыны қатысқан 423 ашық сабақ, 7231 оқушыны бақ сынаған 235 спорттық жарыс мен суреттер, шығармалар, өлеңдер байқауы өткізілді. 16 мыңнан астам буклет пен жадынама таратылды. Облыстың білім беру мекемелерінде 128 ақпараттық-анықтамалық стендтер ресімделді.
«Үкіметтік емес ұйымдар мен ішкі істер органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру жөніндегі 2019-2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес «Жас Отан», «Эко Маңғыстау» сияқты және т.б. үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп үгіт-профилактикалық рейдтер жүргізілді. Сонымен қатар, жастар саясаты орталығымен бірлесе отырып, Каспий теңізінің 15 шағын аудандағы жағалауында «Кеңестік алаң» акциясы ұйымдастырылды. Онда қоғамның назарына судағы қауіпсіздік шаралары ұсынылды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Нұр-Сұлтан – Ақтау – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*