Қаза тапқан ұландарға ескерткіш

Полиция – мәртебелі мамандық. Ішкі істер органдарына қабылданған қызметкер Қазақстан Республикасы азаматтарын құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауға, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында белгiленген қоғамдық тәртiптi өз өмiрін аямастан қорғауға, қызметке байланысты қиындықтарға шыдамдылықпен төзе бiлуге, адал, батыл, қырағы қызметкер болуға ант қабылдайды.
Антқа адалдық – ардың ісі десек, еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері 800-ге жуық полиция қызметкері Отан алдында қабылдаған антына адалдық танытып, қарсы келген ажалға да қарамай ел тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігі үшін өмірлерін қиса, 3500-ден астам полиция қызметкері жарақат алыпты. Иә, қаншама өмір қыршынынан қиылды, қаншама бала әкесін жоқтап өксіп өсіп келе жатса, қаншама жар жесір қалды. Олардың ата-аналары Отан үшін құрбан болған балаларын қанша мақтан етсе де, қайғының қара қазанында тұншықты.
Қызмет бабында қаза тапқан ержүрек ұлдар Алматы қалалық мамандандырылған күзет қызметі саласында да бар. 1993 жылы Мәскеу қаласынан Алматыға дейін жеткізілетін жүкті күзетіп келе жатқан милиция старшинасы Владимир Геннадьевич Ирискин қарулы қарақшылар қолынан қаза тапты. Мәскеу-Челябі тас жолында қарақшылар шабуылына ұшыраған кезде ол өзінің міндетін жауапкершілікпен атқарудың үлгісін көрсетті.
Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, В. Ирискинді әріптестері ешқашан жадыларынан шығарған емес.
Алматы қалалық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-батальонының полицейі Аян Ғалиевтің ерлігіне тек әріптестері ғана емес, тұтас алматылықтар бас иеді. 2016 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында қанды қасап ұйымдастырған Күлекбаевты ұстау кезінде қаза тапқан Аянның ерлігі мәңгі есімізде.
«Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Басқарма бойынша еліміз Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 9 полицей қызмет бабында қаза тапты. Өмірлерінің соңына дейін Отан алдындағы антына адал болған әріптестеріміз мәңгі біздің жүрегімізде. Олардың ерліктері барлығымыз үшін өшпес өнеге», – деді Алматы қалалық МКҚБ бастығы, полиция полковнигі Айтжан Әлмұханбетов.
Жуырда аталған басқармада қызмет бабында қаза тапқандарға арналған ескерткіш ашылды. Енді салтанатты жиындар ерлік пен батылдықтың нышанындай болып тұрған ескерткіштің алдында өтетін болады. Жақында мұнда Алматы қалалық Мамандандырылған күзет қызметіне жаңадан қабылданған қызметкерлер ант қабылдап, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, милиция старшинасы Владимир Ирискинді, милиция сержанты Долкун Гожаковты, полиция старшинасы Нұрсәбит Манапбаевты, милиция аға сержанты Нұрғали Бөлековті, полиция аға сержанты Ерлан Шегебаевты, полиция сержанты Темір Слямовты, полиция аға сержанты Курванжан Саутовты, полиция аға лейтенанты Ербол Оспановты, полиция старшинасы Аян Ғалиевты еске алды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*