Абайлаңыз: балалар!

Жыл сайынғы дәстүрге сай жаңа оқу жылы басталар алдында ел көлемінде «Абайлаңыз: балалар!» республикалық акциясы басталды. Бүгінде осы акцияның екінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл шығарылымда Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында аталмыш шара қалай жүзеге асып жатқандығын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Батыс Қазақстан облысының ПД
Оралдық тәртіп сақшылары балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақат алуын болдырмау, сондай-ақ, жаңа оқу жылының қарсаңында жасөспірімдер мен балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүру дағдыларын нығайту мақсатында қолға алынған «Абайлаңыз: балалар!» атты акцияға атсалысты.
Жыл сайын көлік санының артуымен бірге жол-көлік апаттары да көптеп орын алуда. Биыл жыл басынан балалардың қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның ішінде төрт жасөспірім қаза болды, 43-і әртүрлі дене жарақатын алды.
Акция барысындағы іс-шаралардың бірі қаладағы №7 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Мектеп жанында арнайы жаяу жүргіншілер жолағы қайнаған көлік қозғалысының ортасында қалған, бұл жол арқылы оқушылар күнде сабаққа өтеді. Шара сабақ түрінде ұйымдастырылды. Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Айнұр Жаңабайқызы алдымен балаларға интерактивті тақта арқылы жол ережелерін сақтау бойынша бейнеролик көрсетіп, артынан оқушылардың жол ережесіне қатысты түрлі сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, мектепте құрылған жас жол инспекторлары жаяу бүлдіршіндерге жолдан өтуге көмектесіп, жол ережесін түсіндірді. Жол инспекторы ұсынған жол жүру қауіпсіздігі жөніндегі парақшалар, күнтізбелер мен шағын блокноттарды көлік жүргізушілеріне және жаяу жүргіншілерге таратты.
– Көлік құралын бірден тоқтату мүмкін емес, сондықтан жолдан өткен кезде мұқият әрі сақ болуды әрқашан есте сақтауыңыз қажет. Жолдан тек жаяу жүргіншілер өтпесі көрсетілген жерлерден, қиылыста бағдаршамның жасыл сигналы арқылы өту қажет. Қозғалыс ағыны көп көшелерден өтуге тыйым салынады, ол өмірге және денсаулыққа өте қауіпті, – деді Орал қаласы ПБ Абай полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы Бибінұр Нұрхатова.
Жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, жылдамдықты арттыру, тәжірибесі аз жас жүргізушілердің көлік рөліне отыруы, т.б. салдарынан орын алуда. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушылардан жол ережелерін қатаң сақтауды талап етеді.

Түркістан облысының ПД
Оқушылардың жол-көлік апатынан жарақаттануының алдын алу мақсатында жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалаларда «Абайлаңыз: балалар!» атты республикалық жедел профилактикалық іс-шара өтуде. Акцияның басты мақсаты – көлік жүргізушісінің қауіпсіздік белдігін тағуы және автокөлік салонында балаларды тасымалдау кезінде балаларды ұстап тұратын құрылғының болуы, балалар мен ересектердің көлік қозғалысына баса назар аударуын қалыптастыру. Осы бағытта, облыстың барлық мектеп оқушыларына жол жүру ережелерінің маңыздылығын түсіндіру және апаттың алдын алу бойынша кең көлемде сабақтар өткізіліп, түрлі бағдарламалық брошюралар таратылды. Іс-шараны насихаттау бойынша 142 плакат, панно, бильборд ілінді. Республикалық «Абайлаңыз: балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасының 1-кезеңінде біршама жұмыстар атқарылды. Облыс бойынша 903 білім беретін мектеп, 387 мектепке дейінгі мекеме, 128 қосымша білім беру орнында оқушылардың жол жүрісі қағидаларын зерделеу мәселелері бойынша сабақтар өткізілді. 300-ге тарта білім беру мекемесінде «Балалар жолда» тақырыбында сауалнама жүргізілді. Профилактикалық сабақтар, жол жүрісі қауіпсіздігі тақырыбында дәрістер, әңгімелесулер, түрлі конкурстар ұйымдастырылды. Облыс аумағында «Сіздің жолаушыңыз – бала!», «Қымбатты жүргізуші жолдас!» атты үгіт-насихат акциялары өткізіліп, көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысындағы барлық мектептер тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша актілер түзіліп, жергілікті атқарушы органдар мен Білім басқармасына 512 жол бақылау ұйғарымдары берілді. Сондай-ақ, мектеп жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтау және жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын азайту және болдырмау мақсатында, жыл басынан бері «Дабылды жолақтар» сызылған.
Облыстық Білім басқармасынан автобустары бар жалпы білім беретін мекемелердің тізімі алынып, осындай 542 автобус пен шағын автобустар тексерілді. Барлық жүргізушілерге балаларды тасымалдау кезінде жол ережесі талаптарын қатаң сақтау керектігі жөнінде сұхбаттар жүргізілді.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*