«Қазқұтқару-2019» басталды

10 қыркүйекте «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында (Алматы облысы, Тамғалы Тас шатқалы) құтқару көпсайысы бойынша республикалық жарыстардың ашылуы өтті.
Жарысты өткізудің негізгі мақсаты:
– іздестіру-құтқару, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, құтқарушыларды кәсіби даярлау, апаттық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық технологиялары мен әдістерін меңгеру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесімен алмасу;
– ІІМ ТЖК құтқару бөлімшелері арасында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тән табиғи және жасанды кедергілерден тұратын арақашықтықтан өту барысында құтқарушылардың үздік командаларын анықтау;
– шартты зардап шеккендерді іздеу, апаттық-құтқару құралдары мен штаттық жарақтарды пайдалана отырып, оларды блоктау, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету және тасымалдау бойынша арнайы тапсырмаларды орындау, су, табиғи және жасанды кедергілерден өту, күш жаттығуларын орындау және қиылысқан жер бойынша жүгіру.
«Қазқұтқару-2019» құтқару бөлімшелерінің 24-ші жиын-семинары ІІМ ТЖК Өрт сөндіруді ұйымдастыру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу басқармасының бастығы Асылхан Құдайбергеновтің жиналысты өткізуге дайындық туралы баяндамасымен басталды.
ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол қатысушыларға табыс пен жеңіс тіледі және «Қазқұтқару-2019» жиын-семинарын ашық деп жариялады. Мемлекеттік ту Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының әуенімен көтерілді.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту орталығының директоры Валерий Петров, азаматтық қорғау жүйесінің ардагері Әлихан Кобжаков, Алматы облысы ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісов, «Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының үйлестірушісі Айсұлу Ерсайын сөз сөйледі.
Жиын-семинарға қатысушылардың салтанатты шеруі аяқталғаннан кейін қатысушылар қазіргі заманғы апаттық-құтқару құралдарының, шағын механизация құралдарының, жабдықтар мен жарақтардың, сондай-ақ, отандық өндірушілер мен алыс және жақын шетелдердің өндіруші зауыттары шығаратын техника мен қазіргі заманғы байланыс түрлерінің көрмесін тамашалады.
Құтқарушылардың республикалық жиын-семинары он күн бойы өтеді.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*