Министр науқастар жағдайын білді

Түркістан қаласында болған өрт салдарынан жарақат алған облыстық төтенше жағдай қызметкерлерінің жағдайын білуге Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келді. Олар Түркістан облысының орталық ауруханасына барып, науқастармен кездесті.
Екі министр де ауруханада күйік шалып жатқан 6 өрт сөндірушімен тілдесіп, олардың дін-амандығы мен денсаулықтарының жақсарғанына көздерін жеткізді. Қажет болған барлық көмектердің дер кезінде көрсетілетінін атап өтті.
Еске сала кетсек, 10 қыркүйекте шамамен сағат 18.25-те Түркістан қаласындағы «Роял-гранд» қонақ үйі өртенді. Оқиға орнына полицейлер мен ТЖ қызметкерлері жедел жетіп, жақын маңдағы аумақтарды қоршауға алып, қонақ үйдің қызметкерлері мен қонақтарды эвакуациялады. Өрттен құтқару жұмыстары барысында жалпы 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Өрт кезінде патрульдік полиция батальон командирінің орынбасары, полиция майоры Қанат Рақышев пен Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау майоры Болат Түйменов адам шығынын келтірмес үшін барлық бөлмелерді тінтіп шықты. Нәтижесінде тәртіп сақшылары өрт қаумалаған ғимараттан 4 жасар қызды және Түркияның екі азаматын құтқарды. Төтенше жағдайдан қаза болғандар жоқ.
Өртті ауыздықтау барысында Түркістан облысы ТЖД-нің 5 қызметкері жарақаттанып, түрлі дәрежедегі күйік және жарақаттарымен орталық ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан Түркістан облысы ТЖД ҚБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаров бар. Қазір оның жағдайы жақсарған.
Бүгінде Түркістан қалалық Полиция басқармасының тергеушілері қонақ үйдің өртке орануы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде өрттің шығу себебі анықталатын болады.

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*