Кубок – елордалық департаментте

Щучинск қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында шағын футболдан «QAZAQSTAN QYZMET CUP: TUNGI FUTBOL LIGASY» финалы өтті. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев жарыс жеңімпазы – елордалық Полиция департаментінің құрамасын құттықтады.
Мәдениет және спорт министрлігі атынан департамент бастығы Ержан Сәденовке Кубок пен арнайы Алғыс хат табыстады. Шағын футболдан өткен турнирге 40 команда қатысып, 8 команда ақтық сынға өтті. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті де бар. Бірінші орыннан бөлек, Полиция департаментінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Жұмажан Мұсабеков турнирдің ең үздік ойыншысы деп танылды.
Полиция департаментінің ұжымын құттықтаған Серік Жұманғалиұлы қызметкерлердің турнирге дайындықтарын жоғары бағалап, жеңіске деген құлшыныстарын ерекше атап өтті.
Елордалық Полиция департаментінің басшысы өз кезегінде, спорттың қызметкерлер өміріндегі маңыздылығын айта келе, келесі жылы да өздерінің аталған Кубокқа ерекше дайындалатындарын жеткізді.
– Бұл турнир үш ай бойы өтті. Біз әр апта сайын қатыстық. Щучинск қаласына барып, финалда көптен күткен жеңіске жеттік, – деді Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Жалдығұлов.
Сурет Нұр-Сұлтан қаласы

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
ПД баспасөз қызметінен алынды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*