Жеңімпаздарды құттықтады

Алматы облысында еліміздің үздік полицейлеріне құрмет көрсетілді.
5-6 қыркүйекте Ақтау қаласында өткен Х «Парасатты полицей» республикалық байқауында бас жүлде иеленген Алматы облысы Полиция департаментінің «Жетісу арландары» командасын полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
«Мәні мен мағынасы зор республикалық іс-шараның бас жүлдесін иелену зор абырой деп білемін. Былтыр ұйымдастыру ісіне жұмыла атсалысып, жоғары деңгейде өткізгенбіз. Биыл сол байқауда үздік шыққан департаментіміздің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Олар департаменттің ғана емес, жер жәннаты – Жетісудың абыройын арттырды. Осы жеңіске өз үлесін қосқан барлық қызметкерлердің еңбегі мен үміті ақталды», – деді Алматы облысының бас полицейі М. Ұрұмханов.
Сонымен қатар, салтанатты шараға Полиция департаментінің жеке құрамымен қатар, қалалық және аудандық полиция бөліністері бейнебайланыс арқылы қатысты. Қызметкерлерінің қатысуына жағдай жасаған бөлініс басшыларының еңбегі ерекше аталып өтті.
Байқаудың бас жүлдесін иеленген сақшыларға полиция генерал-майорының алғыс хаты табысталып, сыйақы берілді. Сондай-ақ, топтың әр мүшесіне сағаттар тарту етіп, істеріне сәттілік тіледі.

Алматы облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*