Қылмыс саны қысқарып келеді

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы бекіткен кестеге сәйкес, Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров биылғы сегіз айдың жұмыс қорытындысы бойынша халықпен кезекті кездесуін өткізді.
Есеп беру жиыны барысында полиция полковнигі А. Мадимаров өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыстардың жалпы саны 14%-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыстар 6,9%-ға, ауырлығы орташа қылмыстар 22,9%-ға және онша ауыр емес қылмыстар 9,9%-ға, нақтырақ айтқанда, кісі өлтіру 40%-ға, тонау 23,1%-ға, бұзақылық деректерінің саны 18,6%-ға төмендегенін, сонымен қатар, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін екі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталғанын айтты.
2019-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы әрекет ету бойынша ведомстволық бағдарламаны орындау шеңберінде ұрлық деректері санын 21,1%-ға азайтуға қол жеткізілді. 35-тен астам ұрлық оқиғасын жасаған алты қылмыстық топ құрықталды.
Соңғы уақытта автокөліктерден аккумуляторларды ұрлауға тиімді тосқауыл қойылуда, аталған құқық бұзушылықтар бойынша 45 адам анықталды. Ұялы телефондарды ұрлау мен қалта ұрлығын жасағаны үшін тек облыс орталығында 160-тан астам адам ұсталды. Сондай-ақ, мал ұрлығының тоғыз дерегі анықталып ашылды, оның ішінде біреуі – ауыр санаттағы қылмыс.
Мұндай көрсеткіштерге кешенді жедел-профилактикалық, оның ішінде «Учаске», «Құқықтық тәртіп», «Есепке алу», «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп», «Қауіпсіз жол», «Тұрмыс» және т.б. іс-шаралар нәтижесінде қол жеткізілді.
Кездесу барысында тараздықтар тарапынан көтерілген мәселелер аз болған жоқ. Көбіне олар көшелер мен аулаларды жарықтандыру, жолдарды сапалы жөндеу секілді жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты болды. Мәселен, «Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғыны Людмила Севрюкова №21 үйдің жанына және жақын маңдағы балабақшаға баратын көшеге жарық пен жол кедергісін орнатуды сұрады.
Осыған ұқсас өтінішпен №40 орта мектептің жанында көлік қозғалысын шектеу туралы «Талас» шағын ауданының тұрғыны Роман Алиев мәлімдеме жасады.
Хадиша Оспанова Достоевский көшесі тұрғындарының атынан осы көше бойынша жол қозғалысын біржақты етуді, себебі жолдың өте тар екендігін айтып, өтініш білдірді.
Валентина Видская басқа мәселе бойынша шағымданды: ол Жұбанышев көшесіндегі көппәтерлі үйде тұрады, ал аулада жақын маңда орналасқан Политехникалық колледжінің студенттері жиі жиналып, спирттік ішімдіктер ішіп, шулайтынын айтты.
Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, кейбіреулеріне қатысты басқарма бастығы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Кез келген жағдайда, бір дебір өтініш құқықтық тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалмайды.
Тараз қаласы ПБ басқармасының басшылығы облыс орталығының тұрғындарымен осындай кездесулерді тоқсан сайын өткізеді. Сонымен қатар, басқарма бастығы Ардақ Мадимаров облыс орталығының тұрғындарына кез келген уақытта қоңырау шалуға болатынын айтып, өзінің ұялы телефон нөмірін ұсынды. Сондай-ақ, ол азаматтарды жеке мәселелері бойынша әркез қабылдауға дайын екендігін білдірді. Осындай ашықтық тараздықтардың шынайы ризашылығын тудырып, қалалық Полиция басқармасының басшысына алғыстарын айтты. Қатысушылар полиция шын мәнінде халыққа жақын болуы керек, ердің сөзі екі болмас деп тарқасты.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*