Тарихтан тағылым түйген күн

ІІМ-нің мұражайында ІІО-ның қалыптасу тарихы, оның ішінде Кеңес милициясы тарихын көркем сөзбен кестелеп кеткен детектив жазушы Кемел Тоқаевқа арналған фотокөрмеде мұражай басшысы Алмагүл Сәтмағамбетова экскурсияға келген ІІМ Орталық аппаратының қызметкерлері алдында ҰОС ардагері, детектив жанрының атасы туралы кеңінен айтып берді. Қызметкерлер ұйып тыңдап, қызықты дәріске ұласқан сол әңгіменің бір парасын оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.
Кеңес милициясының тамаша дәстүрінің бірі – мәдениет және өнер қайраткерлерімен тұрақты және терең достығы. Өмір көрсетіп отырғандай, бұл достықтың пайдасы зор болды, ол милиция қызметкерлерінің ішкі әлемін байытты, онда әртүрлі өнер түрлерінің өкілдері жаңа тақырыптар мен жаңа шығармашылық күштерді тоғыстырды. Кеңес жазушылары өз шығармаларын құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арнай отырып, ішкі істер органдарының халық мүддесін қорғаудағы ерлік істерінің даңқты жылнамасын жасады. Әдеби шығармалардың, көркем фильмдердің кейіпкерлері адамдардың жүрегіне жол тауып, өзінің қиын қызметін атқарып жүрген құқық тәртібі жауынгерлеріне еліктеу үшін жарқын үлгі болды.
Кеңес милициясының даңқты істері Қазақ КСР әдебиет және өнер қайраткерлерінің шығармаларында лайықты көрініс тапты. Қазақ кеңес әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі – Кемел Тоқаев. Ол 1923 жылы 2 қазанда Талдықорған облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Жастайынан ата-анасынан айырылған, Жамбыл, Шымкент облыстарының балалар үйлерінде тәрбиеленген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1948 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақстан пионері» республикалық газетінің редакторы, «Социалистік Қазақстан» республикалық партиялық газетінің жауапты хатшысы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болып жұмыс істеді және Қазақстан Жазушылар одағының бас кеңесшісі болып қызмет атқарды.
Жазушының қаламынан он бір шығарма оқырман жүрегіне жол тартты. Олардың арасында «Жұмбақ із», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Арнаулы тапсырма», «Түнгі атыс», «Соңғы соққы» романдары бар. Милицияның батыл, адал, әділ қызметкерінің бейнесі қазақ жазушысының қызығушылығын оятты. Шығармаларда автор партизандардың жау тылындағы ерлігі, милиция қызметкерлерінің қауіпті қылмыскерлерді ұстаудағы күрделі және игі жұмысы, шетел интервенциясымен күресте кеңестік чекистердің батырлығы мен тапқырлығы туралы қызықты әңгімелейді.
Іс-әрекеттің қарқынды дамуы, сюжеттік жағдайдың өткірлігі, ұрлық мен ізге түсу себептері, құпиялар мен жұмбақтар жазушының шығармашылығына тән сипат. Әрине, осындай милиция қызметкерлері туралы кең көлемді романдар, повестер, публицистикалық материалдар, олардың чекистік дәстүрлері оқырман қауымды бейжай қалдырмады. Сонымен қатар, милиция қызметкерлері үшін оның шытырман романдары мен повестерінің тәрбиелік рөлі орасан және заң мен құқық тәртібін нығайтуға белсенді ықпал етті.
Сондай-ақ, К. Тоқаев драматургия жанрында да өзін белсенді көрсетті. Оның құқықтық тәртіпті қорғаушылардың қиын қызметі туралы «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып, зор табысқа жетті.
К. Тоқаев – белсенді публицист және очеркші. Оның Қазақстан баспасөзінің беттерінде жарияланған публицистикалық сөздері өмірдің терең білімімен және көтерген проблематикасымен ерекшеленді.
2005 жылы «Әке туралы толғаныс» («Слово об отце») кітабы жарыққа шықты, онда белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті дипломат Қасым-Жомарт өзінің әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Сол кітапта: «…Әкеме Ішкі істер министрлігі үлкен моральдық қолдау көрсетті, милиция қызметкерлерінің қызметіне арналған әдеби байқауларда оның алғашқы сыйлықтарына үш рет ие болды. Ол лауреат атақтарын мақтан тұтып, оларды құрмет деп санады. Өмірінің соңына дейін әкем «Милиция үздігі» белгісін мақтан тұтты», – деп сағынышпен еске алады.
Кеңес милициясының тарихы – бүкіл ел тарихының ажырамас бір бөлігі. Әрбір елдің орасан зор жетістіктерінде бірнеше ұрпақтың, полиция қызметкерлерінің еңбектерінің қомақты үлесі бар. Қазақстан полициясының қазіргі ұрпағы үшін кеңес милициясының тарихын білудің танымдық маңызы ғана емес, онда үлкен тәрбие күшінің қуаты қалануы тиіс. Жеке құрамды аға буынның даңқты дәстүрлерімен тәрбиелеу және ішкі істер органдарының ведомстволық мұражайларында ішкі істер органдарының тарихи мұрасына құрмет көрсету мақсатында құқық қорғау органдары тарихының беттеріне арналған іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі.
Мәселен, К. Тоқаевтың туған күні қарсаңында ІІМ мұражайында Орталық аппаратының қызметкерлеріне ішкі істер органдарының құрылу тарихы туралы экскурсия өткенін атап айтсақ болады. Келушілердің назарына жазушы К. Тоқаевтың бірегей материалдары ұсынылды. Мұнда КСРО Ішкі істер министрі Н. Щелоков қол қойған Кеңес милициясының 60-жылдығына арналған «Құрмет грамотасы», Ш. Қабылбаев қол қойған «Сарғабанда болған оқиға» повесі үшін Қазақ КСР ІІМ әдеби конкурсының І дәрежелі дипломы, 1983 жылғы 28 наурызда автордың өз қолтаңбасымен сыйлаған «Соңғы соққы» кітабы және музей қорларында ұқыпты сақталған басқа да қызықты құжаттар мен фотосуреттер қойылған.
Қазақ әдебиетінің шытырман оқиғалы-детективтік жанрында ерекше орын алған жазушының шығармашылық қызметі туралы әңгіме ішкі істер органдары тарихының мұражайына кезекті рет келген полиция қызметкерлерінің қызығушылығын тудырды. Өйткені, құқықтық тәртіп пен заңдылықты қадағалаушылардың қиын және игі жұмысына арналған осындай шығармалардың арқасында құқық қорғау органдарының жас буыны өздерінің таңдаған мамандығы үшін мақтаныш сезімдерін кешіп, өз елінің азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауда абыройлы болуға ұмтылып бағарсы сөзсіз.

Дайындаған Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*