Полиция полковнигі Нұрлан БИЕКЕНОВ: Білікті маман даярлау – биік меже

Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында ішкі істер органдарын реформалаудың сара жолын көрсетіп, полиция қызметі сервистік аяға көшірілуі тиіс екендігін баса айтқан болатын. Бұл жаңашылдықтар мен өзгерістердің бір парасы осы саладағы маман дайындау жүйесін де қамтыды. Соның бірі мұндағы формат пен стандарттарды өзгертуге қатысты. Осы тұрғыда Елбасы: «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі де қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Бізге мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет», – деген еді.
Қостанай қаласына сапарымызда Тобыл өңіріндегі ішкі істер саласы мамандарын дайындайтын оқу ордасының бірі де бірегейі – Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекеновпен сұхбаттасудың сәті түсті. Жаңа оқу жылы қарсаңында соңғы өзгерістер туралы оқу орны басшылығы кеңінен айтып берді.
Нұрлан Амангелдіұлы, уақыт озып, еліміз алға дамыған сайын қоғамымызда көптеген өзгерістердің орын алып жатқандығын көріп-біліп келеміз. Қазір де сондай бір өзгерістердің қарсаңында тұрған секілдіміз. Әуелі өзгеріске дейінгі жағдайды сөз етелікші. Академияның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Әлемдік стандартқа сай білікті маман даярлау – барлық жоғары оқу орындары үшін биік меже. Тәуелсіз еліміз де осы үрдіске ілесіп келеді. Біздің оқу ордамыздың алдында тұрған міндет осы. Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті, интеллектуалды, ғылымға бейімі бар, ел экономикасын жоғары дәрежеге көтеретін, көкірегі ояу, рухы биік, қазақстандық патриоттық сезімі жоғары, ұлт¬жанды кадрлар дайындау – ел алдында тұрған ең көкейкесті мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңда Қостанай Академиясында курсанттардың білім алуына барлық материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Академияның оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге, курсанттардың спортпен шұғылдануына, тәрбие жұмыстары үшін де бай материалдық-техникалық база жасақталған. Оқу орнында компьютерлік сыныптар, спорт кешені, мергендік тир, оқу-жаттығу алаңы бар. Тәжірибелік сабақтар өткізуде облыстық Полиция департаменті және Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен тығыз байланыс орнатылған. Оларға қарасты полигондар, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері сабаққа кеңінен пайдаланылады. Оқу үдерісіне инновациялық-педагогикалық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл курсанттарымыздың теорияны жақсы игеруіне және оны тәжірибеде қолдануына көп көмек береді.
Өткенге көз жүгіртсек, оқу ордамыздың тарихы 1971 жылдан басталады. Осы уақыт аралығында көптеген курсанттар оқу ордасынан қанат қақты. Биыл 22 маусымда Академияны 242 курсант тәмамдады. Оның 19-ы үздік диплом алды. Соның ішінде 2 курсант Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ал 6 түлек Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «лейтенант» погонын алды. Бітірген түлектердің 147-сі Полиция департаменттеріне, 95-і қылмыстық атқару жүйесіне қызметтік міндеттерін атқару үшін жіберілді.
Елбасымыздың жаңа формация туралы көтерген бастамалары сіздердің оқу орындарыңызда көрініс тапқандығын аңғарып отырмын. Сол тұрғысында кеңірек айтып беріңізші. Сонымен не өзгермек?
– Жыл басынан ішкі істер саласында жаңа форматтағы полицейлерді дайындау жобасы қолға алынды. Бұл – Қазақстан полициясына жаңа үлгідегі алғашқы мамандар қосылады деген сөз. Ішкі істер саласын реформалау білім беру жүйесін де қамтиды, яғни, полицейлерді дайындайтын 12 жоғары оқу орнының бесеуі ғана қалады. Солардың бірі – осы Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы.
Полиция кадрларын даярлаудың үлкен тәжірибесі мен қалыптасқан жүйесіне қарамастан, қызметкерлердің қазіргі жұмыс жағдайлары, бірқатар сыртқы сын-қатерлердің өзектілігі, жедел жағдайдың өзгеруі, сондай-ақ, халықтың жалпы білім деңгейі – ведомстволық білім беруді түбегейлі түзетуді талап етеді. Саланы реформалау барысы жан-жақты дамыған және дайындалған, оның ішінде психологиялық тұрақты, ойлау қабілеті жоғары қызметкер дайындауға бағытталуы тиіс. Яғни, полиция қызметкерінің жаңа стандартын қалыптастыру үшін моральдық тазалықпен, патриотизм және мықты дене дайындығымен қаруланған жоғары білікті маман дайындап шығаруымыз қажет.
Бұл саладағы жаңалықтардың бірі – жоғары оқу орындарында бакалавриаттан бас тарту. Яғни, тергеу-сараптамалық мамандану бойынша 250 курсантты қабылдау жүйесі сақталып қалған Қарағанды Академиясын қоспағанда, қалған төрт оқу орнында бұған дейінгідей 4 жылдық оқу түрі болмайды. Енді бұл жүйеден бас тартып, жаңаша оқытуға көшпекпіз. Ал бүгінде 40-қа жуық адам оқып жатқан магистратура (ғылыми-педагогикалық, 2 жыл) қала бермек. Сонымен бірге, Тәжікстаннан келіп білім алып жатқан 29 курсант та оқуын жалғастырады. Сондай-ақ, 2018 жылдың қазан айында докторантура бағдарламасы бойынша (3 жыл) даярлауға лицензия алынған болатын. Бүгінде дайындық жұмыстары аяқталды, бірінші қабылдауды 2020 жылға жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта ЖОО-да 900-ден астам адам білім алуда.
Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Академия 2019 жылдың қыркүйегінен бастап келесі санаттағы бастапқы кәсіби даярлық аясында жоғары білімі бар адамдарды оқытуға кіріседі: учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, оқу мерзімі – 3 ай; психологтар, ҚАЖ және пробация қызметкерлері, оқу мерзімі – 3 ай; ҚАЖ жедел қызметкерлері, оқу мерзімі – 6 ай.
Бакалавриаттан бас тартқаннан бөлек, өзге оқу ордаларымен өзара меморандумға отырғандарыңызды және тағы да басқа шараларды ақпарат құралдарынан естіп-біліп отырмыз. Осылар туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту шеңберінде, сондай-ақ, кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, білім және ғылым саласында ынтымақтастықтың өзара тиімді мүдделерін ескере отырып, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетімен, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетімен, Челябі мемлекеттік университеті Қостанай филиалымен, М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетімен және Рудный индустриалдық институтымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.
Ынтымақтастық туралы меморандум аясында тараптар өзара инновациялық оқыту әдістерімен алмасады, бірлескен сабақтар өткізеді, профессорлық-оқытушылық құрамын шақыра отырып, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастырады, магистранттар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми біліктілігін одан әрі арттыруда өзара көмек көрсетеді деп уағдаластық. Сонымен қатар, мәдени және спорт саласындағы қатынастар дамытылатын болады.
Ендігі айтайын дегенім, Қостанай Академиясы 2021 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Оны ЖОО-ның Ғылыми кеңесі мақұлдады. Оның негізгі ережелеріне ғана тоқтала кетейін.
Біріншіден, оқытудың қысқа мерзімін (3-6 ай) ескере отырып, біз іріктеу процесіне және бастапқы кәсіби бағдар беру жұмысына баса назар аударамыз. Осы мақсатта біз азаматтық жоғары оқу орындарының 2-4 курс студенттерін факультативтік қолданбалы сипатта оқыту үшін «Полиция кафедрасы» жобасын ұсынудамыз. Оның мәні – өз ЖОО-да олар қылмыстық құқықты зерделейді, ал бізде қылмысты саралау бойынша арнайы курстан өтеді. Бұдан басқа «Әкімшілік қызметі» және «Хаттамалар жасау бойынша практикум» оқытылады. «Криминалистика» пәні оқиға орнын қарау бойынша практикалық сабақтарымен толықтырылады. Сонымен қатар, студенттер жауынгерлік даярлық негіздеріне оқытудан өтеді және 2-3 жыл ішінде болашақ мамандығын анықтайды. Бұл жұмысқа қосымша кеңестер беретін психологтар тартылады.
Бұл заң факультетінің студенттеріне қатысты. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда ІІО-да заң саласынан басқа да мамандар жетіспейді. Мысалы, психологтар, тәрбиешілер, әлеуметтанушылар, бағдарламашылар, IT-мамандары және тағы да басқалар. Осы санат үшін біз қолданыстағы заңнама негіздері бойынша қосымша заң дайындығының бағдарламасын дайындадық.
Сонымен қатар, «Полиция кафедрасының» студенттері құрылып жатқан еріктілер клубы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін ерікті топ жұмысына тартылады. Бұл жастардың құқық қорғау қызметі туралы нақты түсінігін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алу міндеттерін шешуге және кадр аппаратына жинақтау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы жобаның басты мақсаты – ЖОО студенттерін ішкі істер органдарына (тегін) түсу үшін даярлау. Сонымен қатар, «Полиция кафедрасының» курсын аяқтағаннан кейін, студенттерге сертификаттар тапсырылады. Біз бұл тұрғыда үгіттік ролик дайындадық және тиісті ақпараттар Академия сайтында орналастырылғандығын да айта кеткім келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, мен Қостанай өңірінің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттерін бізге оқуға шақырамын.
Екіншіден, оқу процесін жетілдіру аясында полицейлерді даярлаудың жаңа форматына көшу бойынша үлкен әдістемелік жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Академияда әкімшілік полиция қызметкерлерін дайындау үшін авторлық бағдарлама әзірленді. Оның үлгілік бағдарламадан ерекшелігі – оқу процесін блоктар мен пәндер бойынша емес, талап етілетін нақты білім, дағды мен шеберліктің айналасында құру. Мысалы, тағылымдамадан өтушіге келесі модульдер ұсынылады (теориялық материал порциялармен беріледі және практикалық жаттығулармен бекітілген интеграцияланған сабақтар өтеді): «Құқық бұзушылық туралы хабарлама немесе өтініш алған кездегі іс-әрекеттер», «Әкімшілік-аумақтық учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыру», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу», «Азаматтарды қабылдауды жүзеге асыру және есепте тұрған адамдардың құқық бұзушылықтарының алдын алу» және т.б.
Бұл ретте «тереңдету» әдісін қолдану жоспарланған, онда материалдың теориялық бөлігі күннің бірінші жартысында беріледі, ал екінші жартысында тағылымдамадан өтушілер полицияның учаскелік инспекторларына бекітіледі де, олар солардың жанында жүріп жұмыс істейді. Одан бөлек, жедел топпен оқиға орнына шығуы да мүмкін немесе мекемелерге барып, жасақ бастығының көмекшісі міндеттерін атқарады. Бұл оларға тек теориялық материалды ғана емес, полицияның негізгі қызметінің жұмыс механизмін түсінуге де мүмкіндік береді.
Академияда практикалық бағытта оқытуға аса көңіл бөлінетінін атап өту қажет. Кафедра филиалдары базасында көшпелі сабақтар, іскерлік ойындар, тренингтер, кешенді жедел-тактикалық оқу-жаттығулар оқу процесіне дендей енгізілді. Алайда, өмірдің тез өзгеруіне орай, бұл процесс те тұрақты динамикада болмақ. Мысалы, биыл сәуірде Академияның компьютерлік сыныбы ІІМ-нің ақпараттық жүйелеріне қосылды, бұл курсанттарға «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі» (СДТБТ), «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» (ӘӨБТ) және т.б. жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа міндеттерді шешу шеңберінде тек ІІО ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың практикалық қызметкерлерін тарту арқылы оқытудың қолданбалы бағытын кеңейту көзделіп отыр. Академияның құрылымдық жетілдірілуі де осы міндетке бағытталған: жазаларды орындау, ІІО әкімшілік қызмет, сотқа дейінгі және жедел-криминалистикалық дайындықты ұйымдастыру, кәсіби-психологиялық дайындық, ІІО-да әлеуметтік жұмысты басқару және ұйымдастыру кафедраларын құру жоспарлануда.
Үшіншіден, ғылыми қызметті дамыту шеңберінде Академия құрылымында Қылмыстық атқару жүйесі ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастыру мәселесі пысықталуда. Алғашқы маңызды жоба ретінде Академия сайтында ҚАК-не белсенді ғылыми-практикалық түсініктеме әзірленді.
ҒЗО құрылымына екі топ кіреді: қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаны орындау және қоғамнан оқшаулауға байланысты мәселелерді зерттеу бойынша.
Сонымен қатар, БҰҰ ЕҚБ қолдауымен экстремистік және террористік қылмыстар үшін сотталғандармен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастырудың жаңа орталығын ашу жоспарлануда.
Психологиялық жұмыс орталығына қолданбалы әлеуметтік зерттеулер жүргізу функциялары қосымша жүктелетін болады. Бұл зерттеулер апробация орталығымен бірлесіп жүргізілмек. Ол кадрларды даярлаудың және ҚАЖ қажеттіліктерін ғылыми қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Өз күшімізбен Академияның ақпараттық-талдау порталын әзірледік, ол оқу процесін қанағаттандыру үшін ғана емес, сонымен қатар, практикалық қызметкерлердің қажеттіліктеріне де бағытталған. Оны алғашқы толтыру және тестілеу аяқталғаннан кейін ол ведомстволық ақпараттық жүйе ретінде пайдалану үшін таныстырылатын болады.
Интеграциялық байланыстарды одан әрі дамыту шеңберінде Академия Полиция академияларының халықаралық қауымдастығы (ИНТЕРПА) желісі және алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстарды кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады. Пробация орталығына өңірлік мәртебе беру мәселесі де пысықталатын болады. Осылайша, белгіленген іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ішкі істер органдарының кадрлық құрамы біздің қоғамымыздың сұраныстарына жауап беретін білікті қызметкерлермен толығады. Білімді, білікті, тәжірибелі адамды ешкім де жеңе алмайды. Сондықтан полицейлердің біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып және оны растап отыруын қамтамасыз ету баршамызға маңызды.
Осы атқарылып жатқан іс-шаралар болашақ құқық қорғау мамандарын патриоттық рухта тәрбиелеуге, Отанын, елін сүйетін, адамгершілігі мол, сыпайы, кәсіби білікті маман, құқық бұзушылыққа жол бермейтін, қоғамдық тәртіпті сақтайтын, полиция қызметкерін қалыптастыруға негіз болады деп сенім артамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Нұр-Сұлтан – Қостанай – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*