Батырға бай ел бақытты

Өткен жұма күні Қазақстан Президенті Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттады.
Мемлекет басшысы 24 маусымда Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды. «Ақорда» резиденциясында өткен салтанатты жиында 40 адам марапатталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұрғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан барлық азаматқа ризашылық білдірді.
Президент 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалатынын айтып, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегенін айтты.
– Қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта нысандардың 97 пайызының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, ең алдымен, көпбалалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілгенін хабарлады. 1 қыркүйек күні 16 мектеп 12 мың оқушыны қабылдады, оның 2,5 мыңы бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер.
Айта кетейік, осы күні Президент қолынан марапат алған 40 адамның 25-і – ішкі істер органдарының қызметкерлері. Оның ішінен 9 адам – полиция бөліністерінің, 8 адам Ұлттық ұланның және 8 адам төтенше жағдайлар саласының өкілдері.
Атап айтар болсақ, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Ержан Баймолдин, Түркістан облысы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов, Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуаәлиев;
«Ерлігі үшін» медалімен Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаров, Арыс ауданы ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары, полиция подполковнигі Нұрмахан Арынов пен Марс Асанбаев, Арыс ауданы ПБ кезекші бөлімінің бастығы, полиция капитаны Нұрмаханбет Еркебаев, Шымкент қаласы ТЖД ӨС және АҚЖҚ бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бексұлтан Ибадулла, Арыс ауданы ПБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Исабеков, Шымкент қаласы ТЖД ӨС және АҚЖҚ №1 Мамандандырылған жасағының аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Жұмағали Құдайбергенов, Арыс ауданы ПБ криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрсұлтан Нәбиәлиев, Түркістан облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ №14 Өрт сөндіру бөлімінің командирі, азаматтық қорғау сержанты Бекжан Нұрназаров, Түркістан облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ №7 Өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі, азаматтық қорғау прапорщигі Ерген Орынбасаров, Арыс ауданы ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Төлеген Рысбеков пен Дәулет Төретайұлы, Түркістан облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі, азаматтық қорғау майоры Арман Сапарбеков;
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі кинологиялық қызметі мамандары тобының бастығы, сержант Мейіржан Әбдіразақов, ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі БТР-мен жедел бағдарлау батальонының командирі, майор Тілеулес Айтбаев, ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі 1 жедел бағдарлау ротасының командирі, капитан Елдос Берденов, ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөліміи нженерлік-саперлік взводының командирі, аға лейтенант Мақсат Жетпісбаев, Арыс қаласындағы №7 ӨСБ өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Нұрбек Маханов, ҰҰ 5573 әскери бөлімі инженерлік-саперлік тобының бастығы, старшина Қайрат Сабырбаев, ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі жедел бағдарлау батальоны командирінің орынбасары, майор Рүстем Сайдуов, Арыс ауданы ПБ кезекші бөлімшесі жедел кезекшісінің көмекшісі Жақсылық Тәттібаев, ҰҰ 5573 әскери бөлімі аға сапері, кіші сержант Әскербек Юсупов марапатталды.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.
– Шын мәнінде, бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал, осы залға келе алмағандардың бәрі ордендермен және медальдармен марапатталатын болады, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.
– Ел басына күн туса, көмекке келіп, қол ұшын созу – біздің басты міндетіміз. Біз бұны марапат немесе атақ алу үшін істемейміз. Халықтың қорғаны, қоғам қауіпсіздігін сақтаушы деген атымызға сай әрекет етеміз. Бүгін еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысым шексіз. Бұл бізді бұдан да өнімді еңбек етуге итермелейді. Президенттің өзі ерім деп қолдап отырғанда біз де елім деп жанқиярлыққа баруға әрдайым әзірміз, – деп ойын білдірді Арыс ауданы ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Дәулет Төретайұлы.
– Арыста апат болған күні Түркістан облысы ТЖД құрылымдық бөліністері тез іске кірісіп, 1647 адамды қауіпсіз аймаққа, атап айтсақ, Ақдала, 41-разъезд секілді жерлерге көшірдік. Азаматтарға қолдан келгенше бар көмегімізді көрсеттік, орын алған өрттерді сөндірдік. Жеке құрам толық деңгейде атсалысып, қызмет етті. Бүгін Президентіміз тапсырып жатқан марапатқа үлкен рахмет. Әрине, біз марапат үшін жұмыс істемейміз, бірақ осындай іс-шаралар бізге үлкен күш-жігер береді, – деді Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаров.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*