Дәстүрлі байқаудың жаңа деңгейі

Ақтау қаласында 4-6 қыркүйек аралығында республикалық «Парасатты полицей» байқауы дүркіреп өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйі» ғимаратында өткен дәстүрлі шарадан биыл жаңаша сапалық деңгей байқауға болады. Қалай дегенде де қатысушы 21 команданың қай-қайсысы да республикалық жарысқа үлкен дайындықпен келген екен.
Ақтау қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам тәртіп сақшысы мен ІІМ-нің 3 жоғары оқу орынының өкілдері жиналды. Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров арнайы келді.
Дәстүрлі дода 5 қыркүйек күні басталды. Байқаудың бұл күнге белгіленуінің де өз сыры бар еді. Өйткені, бұл күн – қазақтың біртуар перзенті, «Ұлт ұстазы», қазақ тілінің емлесін бір ізге түсірген лингвист-ғалым, қазақ көсемсөзінің корифейі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сонымен қатар, республикалық шара «Қазақстан халықтары тілдері күні» мерекесімен де ұштастырылды. Сондықтан да байқау мақсаты – ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, оның қызметте де, тұрмыста да қолданыс аясын кеңейту, полиция қызметкерлерінің Отанға, тілге деген патриоттық рухын көтеру және полиция мамандығының беделін арттыру.
Байқау үш турдан тұрды. Олар – «Таныстыру» сәлемдесу, «Жастар – елдің болашағы» сахналандырылған көрініс және «Абайдың қара сөздері» мәнерлеп оқу турлары. Ашылу салтанатында полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров құттықтау сөз сөйледі.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күнгі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатыны туралы атап өткен болатын. Одан бөлек, ұлт жанашырлары әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерейтойларын атап өтуге қызу дайындық жүруде. Осы секілді бүгінгі шарада осы тақырыптардың қамтылуы – Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттауға арналған маңызды қадам. «Парасатты полицей» байқауы биыл оныншы рет өтіп отыр. Оны былтырғы жеңімпаздар – Маңғыстау облысының Полиция департаментінің қабылдауы да айшықты нышан. Ендеше барша қатысушыға тек сәттілік пен жеңіс тілеймін», – деді Арыстанғани Расылханұлы.
Осы ретте командалармен танысып өтелік. Олар – Алматы қаласы ПД-нің «Полиция жастары», Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нің «Елорда», Шымкент қаласы ПД-нің «Мегаполис», Қарағанды облысы ПД-нің «Алаш айбыны», Шығыс Қазақстан облысы ПД-нің «Алтын Алтай», Түркістан облысы ПД-нің «Түркістан қырандары», Батыс Қазақстан облысы ПД-нің «Жетінші аймақ», Қостанай облысы ПД-нің «Алаш ұлы», ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясының «Алатау қырандары», Көліктегі ПД-нің «Көлік сақшылары», Жамбыл облысы ПД-нің «Тараз қырандары», Қызылорда облысы ПД-нің «Сыр сарбаздары», Алматы облысы ПД-нің «Жетісу арландары», ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының «Полиция ажары», Атырау облысы ПД-нің «Елдің баласы», Ақтөбе облысы ПД-нің «Серт береміз!», ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының «Қабылбаев ұрпақтары», Ақмола облысы ПД-нің «Көкше сақшылары», Солтүстік Қазақстан облысы ПД-нің «15-өңір», ІІМ Малғаждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының «Бөкенбаев барыстары», Павлодар облысы ПД-нің «Сарыарқа сақшылары» командалары.
Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі А. Заппаров төрағалық еткен қазылар құрамы келесідей: қазылар алқасы төрағасының орынбасары, ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Айжан Есімбекова, Маңғыстау облысы Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері Қ. Бержанов, Қазақстанның кино және телевидение актері Е. Төлегенов, «Каспий» тобының әншісі А. Сергебаев, режиссер-драматург Н. Манатов, әлеуметтік желі белсендісі, блогер Р. Өтесбаева, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялық және инжиниринг университеті Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А. Отарова. Бағалау кезінде командалардың тақырыпты толық ашуы, шығармашылық ізденісі, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі, белгіленген уақытта регламентті сақтауы ескерілді.

Парасат парағы
Алғашқы «Таныстыру» турында командалар полицияда қызмет ету мәртебесін, жұмыстарының ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолдану жетістіктерін ерекшелей отырып өздерін таныстырды. Биресми түрде бұл турды «Парасат парағы» деп атауға болғандай еді. Өйткені, байқаудың парағын ашқан осындағы көріністер болды. Командалардың «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының стильдік сипатын кеңінен қолданғандығына куә болдық. Әрі бұл тұрғыда полиция қызметкерлерінің анау-мынау кәсіби командаларды шеберлігімен он орап алатындығына да көзіміз жетті. Әсіресе, үшінші болып шыққан Шымкент қаласы командасының өз нөмірлерін «Біз бөлінбейміз де, Құдайдың өзі бөліп тастаған» деген «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың сөзімен бастағаны көңіл нысанасына дөп тиген. Осылайша бірінші турдың шырайы ашыла түсті.
Расында да полиция қызметкерлеріне КТК элементтерін ұтымды пайдалана білгеннің еш сөкеттігі жоқ. Әскери тәртіпті әдемі әзілмен тұздықтаған қандай жарасымды еді. «Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша ең әдемі, ең ақылды қыздар біздің полицияда екен!», «Иә, сол ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, ең аңғал, аңқау қыздар да полицияда қызмет етеді екен!», «Неге?», «Өйткені, олар жаңа ғана сен айтқан сөзге сеніп қалды»… Осындай тізбекпен ұласқан қысқаша әзілдер кезек күттірген жоқ. Көрермендердің де қуанышында шек жоқ еді. Көпшілігі полиция қызметкерлерінің соншалықты өткір әрі тапқыр әзілдей алатынына таңданысып жатты. Өзім де залда отырып осы сезімдерді бастан кешіріп жатқандықтан, күнде әскери сипатта көріп жүрген полиция қызметкерлерінің парасаттылығына көзім жете түсті. Әттең берілген уақыт қысқа болып, көп команда регламентке сыймай жатты. Сонысы үшін де ұпайлары кемітілгендер болды. Бұл ұйымдастыру кезінде ескерілетін жайт екен деп ой түйдім. Бірақ, кейбір командалардың сәлемдесуде әзілге баса көңіл бөліп, өздерін таныстыруды ұмыт еткен кездері де болмады емес. Бұл да командалар үшін ескеретін жайт. Өйткені, қатысушы командалар саны 21 болғандықтан, олардың көптігіне сәйкес регламент те 5 минут. Бұл туралы байқау барысында да бірнеше мәрте ескерілді.
Қарағанды облысы ПД-ның «Алаш айбыны» командасының «362 әулиелі Маңғыстау даласына 365 күн сапта тұратын Сарыарқа сақшыларынан дұғай сәлем» дегеніндей, сөздің балын тамызған сәлемдесу туры жоғары деңгейде өтті. Көрермен ретінде командалар арасынан әзілмен әдемі ой айтып, астарлы түйін түйген Шымкент қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарының командаларын ерекше атай кеткім келеді. Әсіресе, қызылордалық полиция қызметкері баласының сөйлеген сөзі көпшілікті қатты елжіретті. Әкесінің күні-түні қызметте жүріп, бала-шағасының қасында аз болатындығын айтқан оның сөзін әдемі әнмен жалғаған «Сыр сарбаздары» өз өнер көрсетуін министр, генерал-лейтенант Ерлан Заманбекұлының «Давайте, будем патриотами своей Родины!» деген сөзімен шебер аяқтай білді.
Ал алматылық тәртіп сақшылары сахнаға «ат мініп» келді. Бұл сахнадағы үлкен экраннан көрсеткендей, Алатау баурайынан жолаушы шыққан бесеудің Маңғыстауға дейін, құдды байқау өтіп жатқан «Достық үйінің» сахнасына дейін атпен келгендей әсер қалдырған. Арғымақтың тұлыбын мінген бесеудің өнерінен ескіліктің, ұлттық құндылықтың иісі аңқып тұрды.

Парасат пернесі
ІІ тур – «Жастар – елдің болашағы» сахналандырылған көрініс турының шарты бойынша үміткер командалар «2019 жыл – Жастар жылы» болып жарияланғанын ескере отырып, қоғамдағы жастардың орнын, оның ішінде полициядағы жастардың орнын, жастарды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да тұрғыдан қамтамасыз етіп жатқан істерді және жастардың оған қосып жатқан үлестерін сахналық көрініс арқылы көрсете білуі тиіс. Негізгі талап – көріністер музыкамен өрілуі қажет. Біз де өз мақаламызда биресми түрде бұл турды «Парасат пернесі» деп атадық. Мұндағы талаптар үдесінен табылудан қай команда да қалыс қалған жоқ.
Командалар негізінен үш тақырыпты қозғады. Олардың ең біріншісі – қызмет бабында қаза болған полицейлерді, соның ішінде жастай қыршын кеткен боздақтарды еске алу. Екіншісі – жастар мәселесі, әлеуметтік проблемалар және үшінші тақырып – діни экстремизм туралы. Осы үш тақырыптың бірін таңдауға сайыскерлерге ерік берілсе керек. Солардың ішінде Алматы қаласы ПД «Полиция жастары» командасы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны мен қазақ тілі, жастар мәселесін көтерсе, Нұр-Сұлтан қаласы ПД «Елорда» командасы жас полиция маманының бір күні туралы көрсетті. Шымкент қаласы ПД «Мегаполис» командасы хан билеген замандағы тарихтан тамыр тартып, жастар мәселесін қозғады. Қарағанды облысы ПД «Алаш айбыны» командасы екі достың үлгісінде синтетикалық есірткі мәселесін сөз етті. Шығыс Қазақстан облысы ПД «Алтын Алтай» командасы бір қылмыстық істі бидің тілімен жеткізді.
Батыс Қазақстан облысы ПД «Жетінші аймақ» командасы теріс ағымға бет бұрған ұлдың анасы қайғыдан қаза болғаннан кейін ақыл тоқтатқаны туралы сөз етеді. Одан кейінгі командалар да уақыт тынысын паш еткен көріністерін қойды. Осы ретте Ақтөбе облысы ПД-нің «Серт береміз!» командасы сахнаға отбасын ала шыққанын атай кеткен жөн. Сол арқылы олар полиция отбасының қандай болатындығын көрсетті. Осылайша көрермендерін риза етті.
Ал Көліктегі ПД «Көлік сақшылары», ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының «Полиция ажары», Атырау облысы ПД-нің «Елдің баласы» командалары қызмет бабында қаза болған қызметкерлер туралы көңілге қаяу ғана емес, ой да салар көріністерін паш етті.

Парасат пайымы
Үшінші тур – «Ұлы Абайдың қара сөздерінен» көркемсөз оқу сайысы. Жастар жылы аясында дана Абайдың тағылымын ұрпақ санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу мақсатында республика көлемінде Ұлы ақынға арналған көптеген іс-шаралар жүзеге асырылмақшы. Шараға қосқан үлес ретінде байқаудың үшінші туры осыған арналыпты. Бұл сайыста бар салмақ капитанға түседі. Өйткені, мәнерлеп оқуға команда капитандары қатысады. Бұл күні көрермендер сахнадан жиырма түрлі Абайдың бейнесін көрді. Қай-қайсында да Ұлы ақын ерекше толғаныс үстінде еді. Бірінде дала төсінде ерсілі қарсылы кезген ақын, келесіде дастарқан басында ой толғайды. Енді бірінде Абайды өз ойының тереңінен, яғни өзінің кейіпкерлері – қайрат, жүрек, ақылдың қасынан көруге болатын еді. Ол тұста ақын жүректі таңдайды. Сахнадан Ұлт атасының бірінші, жиырмасыншы, отыз сегізінші қара сөздері жиірек оқылды. Көзіқарақты көрерменнің көкейіне терең ой салды.
Бұл тур полиция қызметкерлерінің қаншалықты деңгейде актер бола алатындығын, өнердің ең биік шыңы – болмысқа ену қасиетін де меңгере алатындығын көрсетті. Командалар байқауға өте жоғары дәрежеде дайын болып келген. Барлығы да мақтауға тұрарлық. Олардың барлығын бірдей сөз етуге бір баспа табақ материалдың көлемі жетпес. Ал тәрбиелік мәні зор байқаудың әсері ұзақ уақыт есімізді қалары рас. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың бабы шапты ма, бағы шапты ма, келесі күні ғана біле алдық.

Марапаттау рәсімі
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткен кезекті «Парасатты полицей» республикалық байқауын қорытындылау және марапаттау келесі күні өтті. Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамына алғысын білдірді. Сонымен бірге, облыс әкімі Серікбай Трұмовқа ІІМ-нің алғыс хатын табыс етті.
Қазылар алқасының шешімімен мемлекеттік тілде білімдері мен біліктіліктерін көрсеткен, үздік деп танылған командаларды анықтау сәтінде арнайы номинациялар бойынша дипломдар мен жүлделер тапсырылды. Соған сәйкес «Актерлік шеберлігі үшін» номинациясымен Батыс Қазақстан облысы ПД-нің «Жетінші аймақ» командасы марапатталды. «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясы Павлодар облысы ПД-нің «Сарыарқа сақшылары» командасына, «Көркемсөз шебері» номинациясы Қостанай облысы ПД-нің «Алаш ұлы» командасына берілді.
ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының «Полиция ажары» командасына «Ұйымшыл команда» номинациясы табысталса, Қызылорда облысы Полиция департаменті ПД-нің «Сыр сарбаздары» командасы «Өнерлі команда» атанды. Атырау облысы ПД-нің «Елдің баласы» командасы ерекше көзге түсіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД-нің «15-өңір», Жамбыл облысы ПД-нің «Тараз қырандары» және Ақмола облысы ПД-нің «Көкше сақшылары» командалары 3-орынға ие болды.
2-орынға ие болған Шымкент қаласы ПД-нің «Мегаполис» пен Ақтөбе облысы ПД-нің «Серт береміз!» командалары ерекше өнерлерімен ерекшеленді.
Жүлделі 1-орынды Көліктегі Полиция департаментінің «Көлік сақшылары» командасы еншіледі.
Бас жүлде парасатты өнер көрсеткен Алматы облысы ПД-нің «Жетісу арландары» командасына берілді.
Сонымен қатар, сахна төрінде облыс әкімі Серікбай Трұмов құттықтау сөзін айтып, байқауда жүлделі орындарға ие болмағанмен, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда белсенділік танытып, өнер көрсеткен 8 командаға Маңғыстау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етті.
Сахнаға шыққан Маңғыстау облысы ПД-нің бастығы, полиция полковнигі Қанат Таймерденов командаларды құттықтап, Ішкі істер министрлігіне ерекше алғыс білдіріп, дәстүрге айналған «Парасатты полицей» республикалық байқауының рәмізін 2020 жылы аталған байқау өтетін Ақмола облысы ПД-не табыстады. Ақмола полицейлері марафонды қабыл алып, көрермендерге ән шашуын сыйлады.
Әр команда мүшелері бағалы сыйлықтар мен марапаттарға, команда жетекшілері де арнайы сыйлықтарға ие болды. Еліміздің батыс өлкесінде өткен осынау байқау Қазақстан полициясының мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға үлес қоса отырып, халықпен байланысын арттыра түсетінін көрсетеді. Сөз соңында келесі жылғы байқау иелері Ақмола облысы Полиция департаменті өздерінің сыйлықтары мен марапаттарын Ақтау қаласындағы балалар үйіне табыстайтындарын мәлім етті. Бұл да болса осынау шараның ғана емес, жалпы полиция қызметінің тәрбиелік бедерін тереңдете түскендей. «Парасатты полицей» дегенің осындай болуы керек шығар, сірә!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Нұр-Сұлтан – Ақтау – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*