Жемқорлықты жою жолдары талқыланды

Елбасы Н. Назарбаев қоғамдағы моралдық-этикалық ахуалға жағымсыз әсер ететін жемқорлықтың алдын алуда оған мүлде төзбеушілікті қалыптастыру қажет екенін қадап айтқаны белгілі. Осынау өзекті мәселе «Қазақстан-2050» Стратегиясында да қамтылып, онда жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер екені көрсетілген. Оның бір бағыты – мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс жүргізу.
Осыған байланысты «Ашықтық. Айқындық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет» атты дөңгелек үстел Орталық коммуникациялар қызметінде ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди, ІІМ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қоғам өкілдері, ІІМ қоғамдық кеңесі, Парламент депутаттары, Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен өтті.
Отырысты ашқан Алексей Калайчиди ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік және ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қоғам өкілдерін 2019-2020 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Жұмыс барысында жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстар пысықталып, аса өзекті төрт бағыт бойынша 28 іс-шараға біріктірілді.
Ішкі істер министрінің орынбасары А. Калайчиди атап өткендей, 28 мамырда бұл жоспарды азаматтық қоғам өкілдері таныстырды. Үшжақты жоспарға үш тарап қол қойды: ІІМ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «ІІМ реформасы үшін» бастамашыл тобы.
Одан әрі қатысушылар алдында ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов сөз сөйледі. Ол көтерілген тақырып – өзекті мәселелердің бірі және ел басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, мемлекеттік органдардың, соның ішінде Ішкі істер министрлігінің қызметіндегі басымдықтар қоғамдық диалог, ашықтық және адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету.
– ІІМ 200-ден астам үкіметтік емес ұйымдармен қызметтің түрлі бағыттары бойынша, оның ішінде өз қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады. Бізге халықпен кері байланысқа негізделген қоғамдық бақылау маңызды. Бүгін бізге бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелерін айтуға, пікір алмасуға, ұсыныстармен бөлісуге және одан әрі ынтымақтастық үшін қадамдар белгілеуге бірегей мүмкіндік берілді, – деп атап өтті Арман Саданов.
Сондай-ақ, ол Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметі, ІІМ-нің маңызды құрылымдық бөлімшелерінің бірінің функциялары мен міндеттері туралы айтып, қол қойылған үшжақты құжатқа және оның мақсатына егжей-тегжейлі тоқталды. Біріншіден, бұл халықпен өзара іс-қимыл процестерін цифрландыру. Екіншіден, қоғамның сенімін арттыру. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету.
Бүгінгі таңда, спикердің айтуынша, бірқатар іс-шаралар орындалды, оның ішінде жол қозғалысын реттеу кезінде патрульдік полиция қызметкерлеріне жезлдарды қайтару; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру жөніндегі функцияларды беру; тіркеу-емтихан бөлімшелерін жою; ЖҚЕ бұзушылықтарын тіркейтін интеллектуалды камералармен нашар жарақтандырылған елді мекендерді қоспағанда, қалаларда қол және ұтқыр тасымалды радарларды пайдалануға тыйым салу; пробациялық есепте тұрған адамдарға жазбаша ескертулерді енгізу мерзімдерін реттеу және тағы басқалар. Сондай-ақ, жол парақтарын жою мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтеді.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы осы бағыттағы алдағы жұмыс жоспарын да атап өтті. Бұл ІІМ қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу және Мемлекеттік сатып алу кезінде баға ұсыныстарын талдау; жекелеген кадрлық процестерді автоматтандыру.
Сонымен қатар, Арман Саданов ведомство қызметкерлері арасындағы қылмыстың азаю үрдісін атап өтті. «Осы жылдың 8 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны 25%-ға (351-ден 265-ке дейін), 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 6%-ға (600-ден 561-ге дейін) азайды», – деп түйіндеді ол.
Дөңгелек үстел барысында арнайы мониторингтік топтың мүшелері және жұртшылық өкілдері құқық қорғау саласын одан әрі дамыту, атап айтқанда, қызметкерлер қатарындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

 Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*