Азаптауға жол жоқ

Ішкі істер министрлігі өңірлердегі Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің қызметін инспекциялау жұмысын жалғастыруда. Министр Ерлан Тұрғымбаев осы мақсатта өз орынбасары Арыстанғани Заппаровқа Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ мекемелерін тексеруді тапсырды.
Министрдің орынбасары облыстың қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Павл Дудин, «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының» директоры Райхан Бекмановалармен бірге Маңғыстау облысы ҚАЖ департаментіне қарасты үш мекемені аралап, сотталғандардың тұрмыстық және медициналық жағдайларымен танысты. Олар – қауіпсіздігі ең жоғары ГМ-172/6 мекемесі (қатаң режим), қауіпсіздігі ең төмен ГМ-172/8 мекемесі (қоныс-колониясы) және қауіпсіздігі аралас ГМ-172/10 мекемесі (тергеу изоляторы). Мұнда 900-ге жуық жаза мерзімін өтеушілер мен тергеу-қамауға алынғандар қамауда отыр. Сонымен қатар, колонияларда сотталғандардың еңбекпен қамтылуы жоғарылап келеді. Бүгінгі таңда еңбекке жарамды 501 жазасын өтеушінің 69,2%-ы, яғни 346 жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылған.
«Жұмыспен қамту бойынша көрсеткіш, әрине, төмен деп ойлаймын. Бұл бағытта Еңбек-Атырау филиалының №1 телімі көптеген жұмыстарды атқаруы керек. Өз күштеріңізбен өндіріс ұйымдастырып қана қоймай, сырттан азаматтық тұлғаларды – жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарту қажет. Жұмыс орындары ашылса, сотталғандар жұмыспен қамтылса, ішкі тәртіпке де көп әсер етеді. Одан бөлек, жазасын өтеушілердің жасаған қылмысымен келтірген залалдарды өтеуге немесе мекеме ішіндегі дүкендерден жеке қажет заттарын алуға, отбасына көмектесуге көп көмек болады. Егер өздері сатып алса, ата-ана, туыстары да темекі, шәй секілді заттарды әкеліп беремін деп сапар шекпес еді», – деді Арыстанғани Расылханұлы.
ГМ-172/6 мекемесінде кәсіптік-техникалық колледж жұмыс істейді, онда дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, тігінші, слесарь-сантехник мамандықтары бойынша 100 сотталған білім алады. 7 кәсіпкерлік субъектісіне іске қосылмаған өндірістік алаңдар сенімгерлік басқаруға берілді, қазіргі уақытта онда 127 сотталған жұмысқа орналастырылды.
Тексеру барысында А. Заппаров мекеме басшылары мен кәсіптік лицейлер басшылығының бірлесіп күш салуымен сотталғандарды кәсіби оқыту үшін жақсы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Министр орынбасарының айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандар үшін кәсіптік оқыту – еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуге, сот шешімдерін орындау бойынша жәбірленушілерге келтірілген зиянның орнын толтыруға, бостандыққа шыққан кезінде қалыпты өмірге жылдам әрі табысты бейімделуіне мүмкіндік береді.
А. Заппаров аймақтық ҚАЖ департаментінің және мекемелердің жеке құрамымен кездесу кезінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамытуға, сотталғандардың құқықтарын сақтауға және ҚАЖ қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі кәсіби біліктіліктеріне ерекше назар аударды. Министрдің орынбасары қызметкерлерден сотталғандар тарапынан орын алатын заң бұзушылықтарға міндетті түрде заң шеңберінде назар аудару, құқық бұзушылыққа жол бермеу және заңнама талаптарына сәйкес жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
«Біздің министрлік бойынша жаңаша өзгерістерге құрылған «Жол картасы» жүзеге асуда. Осы құжат шеңберінде көптеген оң қадамдарға баратын боламыз. Соның бірі – еңбекақы мәселесі. Биылдан бастап ҚАЖ саласында да еңбекақы қорында көптеген өзгерістер бар. Ендеше, сіздерден талап етілетіні – тек қана жұмыс. Жұмыс барысында жазасын өтеушілерді азаптау деректеріне жол бермеулеріңізді сұраймын. Бұл жағдай тікелей министрдің қадағалауында. Мұндай әрекеттерге біз тамырымен балта шабатын боламыз. Азаптауға жол берген қызметкерлердің өздері де сондай жазасын өтеуші атанғанын барлығыңыз да көріп-біліп отырсыздар», – деді Арыстанғани Расылханұлы.
Сапар барысында министрдің орынбасары бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жұмыспен қамту және туыстарымен кездесу мәселелері сөз болды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Нұр-Сұлтан – Маңғыстау – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*