Апаттар 40 пайызға азайды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев өңір жолдарындағы тәртіпті қадағалайтын облыстық патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен жұмыс кездесуін өткізді. Күн тәртібінде – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен қызметтік тәртіп сұрақтары, Президент Жолдауында көрсетілген даму бағыттары.
Облыстың бас полицейі Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтқан тезистеріне тоқталды. Полиция мемлекеттің күш құрылымы тетігінен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға қызмет көрсететін органға айналуы тиіс. Марат Төлебаев қарамағындағы қызметкерлерге алдағы үш жылда Ішкі істер министрлігін реформалауға 173 миллиард теңге бөлінетіндігін айтты.
«Бұл қаражаттың басым бөлігі патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға бағытталады. Сондықтан сіздерге қойылатын талап та зор. Тәртіп пен заңдылықты сақтау, өз білімдеріңізді арттыру, нормативтік-құқықтық актілерді білу – қызметті жетілдірудің басты шарттары», – деді Марат Төлебаев.
Бөлініс командирі, полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев жыл басынан атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. 8 айдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғалары саны азайды. Оқиғалар саны 40,7 пайызға (27-ден 16-ға), қаза тапқандар саны 81,1 пайызға (22-ден 4-ке) және жарақат алғандар саны 42,9 пайызға (49-дан 28-ге) азайды. Апат деңгейін азайту мақсатында облыс орталығы мен аудан орталықтарында рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
Патрульдік полиция батальоны облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда, сондай-ақ, «Шеп» жүйесінің «Оңтүстік» бекетінде қызмет көрсетеді. Қызмет атқаратын 15 бағыттың жалпы ұзындығы – 1347 шақырым. Қызметкерлер осы күнге дейін жол үстінде түрлі ақаулармен тоқтауға мәжбүр болған жүргізушілерге көмек көрсеткен. Ал сақшылардың жұмысына риза болғандар басшылық атына білікті қызметкерлер үшін алғыстарын білдірді. Марат Төлебаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін азаматтар сақшылардың қызметіне қарап жалпы мемлекетке баға береді.
Жиын соңында департамент бастығы патрульдік полицейлерге тәртіпті сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Жақын арада полиция полковнигі Марат Төлебаев аудандық полиция бөліністерінің жеке құрамымен де кездеспек.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*