Тәлімгерлер тәжірибе алмасты

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінде өңірлік басқармаға қарасты әскери бөлімдер мен Ұлттық ұлан Әскери институты тәрбие құрылымдары жетекшілерімен үш күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Шараға Орталық Қазақстан өңірі мен Петропавл, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларынан отыздан астам офицер қатысты.
Шараның өту барысына Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов басшылық етті.
– Жоғары жауынгерлік рухсыз әскерлердің дайындығын елестету мүмкін емес. Барлығы даярлықтың мықты болуына қызмет етуі қажет. Сондықтан әскерде тәрбиеші офицерлерге үлкен сенім мен жауапкершілік артылады. Өткізілген оқу-әдістемелік жиын тәжірибе алмасу алаңы мен болашақ жетістіктердің негізі болатынына сенім артамын, – деді Ұлттық ұланның Бас тәлімгері, генерал-майор М. Сатов.
Үш күндік шара барысында жеке құрамды қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеуге бағытталған оқу дәрістері жүргізілді. Сондай-ақ, әскери қызметшілерді тәрбиелеуге арналған маңдайалды технологиялар көрсетілді. Төтенше жағдайда жеке құрамды тәрбиелеуге бағытталған психологиялық тренинг сабақтары, тәжірибелік сабақтар өтті. Жауынгерлердің апталап әскери бөлімнен шалғайда қызмет атқаруына байланысты жиынға қатысушыларға далалық ақпараттық-тәрбие бөлмесінің жабдықталуы паш етілді.
Жиын барысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен тұспа-тұс келді. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамына және өзара ықпалдастық органдар өкілдеріне Жолдауды түсіндіру жұмысын өткізді. Осылайша, құқықтық тәртіп әскерінің Бас тәлімгері жиынға келген тәрбиеші офицерлерге идеологиялық жұмыста бағыт-бағдар көрсетті.
– Қазіргі кез – ақпарат заманы. Еліміз идеологиялық шайқастың ортасында тұр. Мемлекет басшысы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің ел дамуындағы орнын жетік түсінеді. Сондықтан Ұлттық келісім кеңесін құрып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді талқылауға дайын екенін көрсетіп тұр. Ұлттық ұлан әскеріне елдің тыныштығын қамтамасыз ету секілді жоғары міндет жүктеліп отыр. Әскердегі тәртіп пен заңдылық – жауынгерлік рухтың негізі, – деді генерал-майор М. Сатов.
Жолдауда әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындарға қолдау көрсету мәселесі қарастырылған. Ұлттық ұланда да әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы назардан тыс қалған емес. Осыған орай жиын барысында көпбалалы әскери қызметшілер отбасыларын құрметтеу кеші ұйымдастырылды. Шара барысында жиынға келген офицерлерге құрметтеу кешін ұйымдастыру үрдісі мен тәжірибесі көрсетілді. Осы тәжірибе жергілікті жерлерде жалғасады деген үміттеміз.
Жиын соңында генерал-майор М. Сатов үш күндік жиынның қорытындысын шығарып, тәрбиешілердің алдына бірқатар тапсырмалар қойды.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*