Әлем чемпионатына жолдама

Жуырда Сыр сұлуы – Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған қаласында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған белбеу күресінен 1999-2001 жылы туған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Аламан додаға еліміздің әр өңірінен тепсе темір үзетін балуандардан құралған 12 команда қатысты. Солармен қатар сап түзеген Қостанай облысының құрамасы да дайындаған жүйріктерін аламан додаға қосқан болатын.
Осы сайысымызда Қостанай облысының абыройын қорғаған тәртіп сақшылары арасынан Бекет Қалдыгүл 76 келі салмақ дәрежесінде жүлделі 1-орынды иеленді. Ол өзінің білікті бапкерлері Б. Мұхамедияров, С. Рыздықов, А. Ахметов, К. Құдабаев атты жаттықтырушыларының қолында тәрбиеленіп, олардын үмітін ақтай білді.
«Ер атағын ел сақтар» дегендей, облысымыздың жаттықтырушылары Д. Қарпықов, Е. Кабидуллиновтың қолында шыңдалған Бәшір Ғасырбек 57 келі салмақ дәрежесінде 3-орынға жайғасты. Осылайша қос саңлағымыз алдағы әлем чемпионатына жолдама алды.
Бұл дода 2019 жылдың желтоқсан айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатына іріктеу мақсатында өткен болатын. Еліміздің мықты балуандары осы сайыста сап түзеп, «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей әлемнің мықтыларымен кездесіп, оларға дес бермесіне және көк туымызды көкке өрлетіп, әңұранымызды шырқататынына сеніміміз мол.

Ержан КАБИДУЛЛИНОВ, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*