Қарапайым ереже – қауіпсіз өмір

Жаңа оқу жылының басталуына орай еліміздің аумағында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасы басталды. Акция әдеттегідей қыркүйектің 1-і мен 30-ы аралығында өтпек. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары балалардың жол-көлік оқиғаларында зардап шегуінің алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізіп, жас бүлдіршіндерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.

Қостанай облысының ПД
«Құлаққапты шеш!», «Баланың қолынан ұста!», «Жолдың қауіпсіздігіне көз жеткіз!». Осындай ескертулер Қостанай қаласының Чехов көшесіндегі лицейдің алдындағы тас жолға жазылды.
Бұған Жергілікті полиция қызметі мұрындық болып, жас полиция инспекторлары жапсырғыш жазуларды дайындады. Қалалық ТКШ бөлімімен бірлесіп, ескертулерді жолға салды.
Акция «Назар аударыңыз, балалар!» шарасы аясында өтті. Баласын мектепке апаратын ата-аналар бұл жазулар расымен жол қауіпсіздігін еске салатынын атап өтті.
– Осылайша, қарапайым ережелерді сақтай отырып, өз өмірімізді қауіпсіз етуге болатынын ескертуге тырысамыз, – дейді Қостанай қаласының ПБ Жергілікті полиция қызметінің қызметкері Карина Базарбаева.
«Дневной дозор» жасағының жас көмекшілері Дарина Аренова мен Әсет Ақтас бұл жазбаларға бірінші кезекте ата-аналар назар аударуы тиіс деп санайды.
Алдағы уақытта мұндай жазулар қаланың тағы 5 мектебінің алдында пайда болады.
Сонымен қатар, Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері «Өрлеу» АҚ филиалы өткізген бірыңғай облыстық интерактивті сабаққа қатысты. Мақсат – педагогтармен бірге балаларды жол жүру ережелеріне үйрету. Олар балалар жарақатының алдын алу бойынша ақпаратпен, оқушылардың ата-аналарына арналған ЖҚЕ оқу кеңестерімен бөлісті.
Облыста жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 55 ЖКО тіркелген, онда 60 бала зардап шегіп, екі бала қаза тапты. Тікелей эфир мүмкіндіктерінің арқасында интерактивті сабаққа облыстың әр өңірінен педагогтар мен ата-аналар қатысып, полиция қызметкерлері онлайн дәріс оқыды.
– Балаларды жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларына үздіксіз оқытудағы жүйелі жұмыс міндетті түрде оң нәтиже береді, – деп санайды Қостанай облысы ПД ЖПҚБ инспекторы, полиция капитаны Раджан Асқар.
Балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақаттануының алдын алу бойынша осындай интерактивті сабақтарды облыс мектептерінің тәжірибесінде қолдану ұсынылды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне жұртшылықты, БАҚ-ты тарту бойынша жұмысты жандандырмақ.
Сабақ соңында жас инспекторлар алғыс хаттармен марапатталды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқаны үшін №21 мектеп-лицейінің ЖЖИ инспекторы Александра Петренкоға және №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Салтанат Өтегеноваға алғыс хат табыс етілді.

Шымкент қаласының ПД
Шымкент қаласы Полиция департаменті Ювеналды полиция инспекторлары балалардың жол-көлік оқиғаларында зардап шегуінің алдын алу, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өтіп жатқан қыркүйек айындағы жедел-профилактикалық іс-шара аясында күнделікті білім ордаларында жұмыстар атқаруда.
Атап айтар болса, іс-шара шеңберінде қаладағы №77, 79 білім ордаларында Ювеналды полиция инспекторларының қатысуымен оқушылар мен жасөспірімдерге жол жүру ережелерін сақтау, қылмыс пен құқық бұзушылық жасамау туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары қаладағы жол бойында орналасқан мектептердің алдында таңғы сағат 7:00-ден кешкі 19:00-ге дейін оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Жалпы, осындай іс-шаралардың мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, олардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Еске сала кетсек, бұл жедел-профилактикалық іс-шара 1-30 қыркүйек аралығында өтіп жатыр.

Қызылорда облысының ПД
Сыр өңірінде «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық акциясы жалғасуда. Акция аясында тәртіп сақшылары балаларды жолда жүру ережелерімен таныстырып, жол қауіпсіздігін есте сақтауға шақырды.
Полиция қызметкерлері қала орталығында орналасқан №233 және №140 орта мектептерінің 1-4 сынып оқушыларына жол қозғалысы ережелері бойынша сабақ өткізді.
1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге көшеде өзін қалай ұстау керектігіне және өз бетінше жол қозғалысы қатысушысы болуға үйретіп, жол қозғалысы ережелерінің маңыздылығын түсіндірді.
Алдағы уақытта акция аясында білім беру мекемелерінде балалардың жол жүру ережесі бойынша білімдерін арттыру мақсатында арнайы дәрістер, семинарлар, тренингтер, сауалнамалар ұйымдастырылатын болады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*