Жол ережесі жалпыға ортақ

Ақмола облысының полицейлері жолаушылар көлігі жүргізушілерінің жиі жол беретін бұзушылықтары туралы баяндады.
Облыстық Полиция департаментінде ведомство басшысы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің төрағалығымен жолаушылар көліктерінің қызмет көрсету саласындағы өзекті проблемаларды талқылау және оларды шешу жолдарын қарастыру бойынша кездесу өтті. Шараға мүдделі мемлекеттік органдардың және Көкшетау қаласы автобус парктерінің басшылары, полиция қызметкерлері, сондай-ақ, «Ақылы жол дирекциясы» АҚ филиалының директоры Ерлан Рысбеков қатысты.
Берік Біләлов Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмаларына қатысты Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар өткізіп тұратынын айтып өтті. Мәселен, кез келген жол-көлік оқиғасының себептері мен салдары талданып, жол белгілері жиі жаңартылып тұрады, қосымша бағдаршам объектілері, жасанды жол кедергілері және жаяу жүргіншілер жолағы жасалуда.
Десе де, қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Бұған статистикалық деректер дәлел. Биыл жолаушылар көліктері 11 жол-көлік оқиғасына тап болған. Онда 25 адам түрлі жарақат алған. Бұл көрсеткіштің ішінде 6 жағдайда автобус жүргізушілерінің өздері кінәлі болған.
Ақмола облысы жолаушылар көлігінің жүргізушілері жиі жіберетін жол-көлік оқиғалары туралы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Баймұқанов айтып өтті. Спикердің ақпараты бойынша, патрульдік полиция жасақтары облыс жолдарында 960 ЖКО-ға тосқауыл болған. ЖКО-ға жасалған сараптама қорытындылары жолаушылар көлігі мен такси жүргізушілерінің көлік жүргізу кезінде ұялы телефондарды пайдаланатынын көрсетті. Сондай-ақ, тиісті рұқсатсыз көлікті жабдықтап алу, еңбек және демалу режимін бұзу, мемлекеттік және техникалық тексерістерден өтпеу, рейске шығар алдында медициналық тексерістен өтпеу, жолаушыларды, жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу сияқты бұзушылықтардың жиі кездесетіні анықталды .
Аталған бұзушылықтарды ескерту және алдын алу мақсатында полицейлер өңір аумағында «Автобус» жедел алдын алу іс-шараларын өткізіп тұрады.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алумен қатар, тәртіп сақшылары қоғамдық көліктерде жасалатын қалта ұрлықтарына да ерекше көңіл бөлуде. Криминалды полиция басқармасының бастығы Талғат Асылбеков Көкшетау қаласында тіркелген 54 қалта ұрлығының ішінде 40 ұрлық қауырт уақытта, яғни сағат таңертеңгі 8.00-ден 11.00-ге дейін, түскі уақытта 12.00-ден 15.00-ге дейін, кешке 17.00-ден 20.00-ге дейін болғанын атап өтті.
Полиция қызметкерлері қалта ұрлығының алдын алудың ең тиімді әдісі автобус салондарында бейнебақылау камераларын орнату екенін көрсетті. Қазіргі таңда бейнебақылау жүйелерімен 37 автобус жабдықталған, сондай-ақ, полиция қызметкерлері мен мүдделі тұлғалар барлық жолушылар көліктеріне бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Берік Біләлов аталған бейнекамералардағы жазбаларды Жедел басқару орталығындағы мониторларға шығару туралы ұсыныс жасады. Бұл кез келген бұзушылықтар мен басқа да оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жиналыс барысында «Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» басшысының орынбасары Александр Рублевский қазіргі таңда аталған салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі туралы айтып өтті. «Жолаушылар тасымалдау ассоциациясының» басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Рүстем Калишев те осы проблеманың өзектілігін жеткізді. Жолаушылар көлігінің техникалық жағдайына бақылау жасау үрдісін «Ақмола облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы» басшысының орынбасары Руслан Сейталин баяндады.
Сондай-ақ, Берік Біләловтің тапсырмасы бойынша, Ақмола полицейлері, құзіретті қызметтердің басшылары бағыттық автобустардың жағдайын және жүргізушілердің жол қозғалысы ережерін сақтау деңгейлерін тексеру мақсатында қоғамдық көліктерге отыратын болады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары автобус парктерінің иелерін оқу қарсаңында жолаушыларды, әсіресе, балаларды автобусқа отырғызу және шығару нормаларын, оқу орындары мен мектептерге жақын жолдарда жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырды. Полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдау саласындағы проблемаларды бірнеше ведомствомен бірлесе шешу оң нәтижелер беретініне сенімді.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*