Қауіпсіздікті сақтау – амандық кепілі

Жуырда Алматы-1 стансасындағы Желілік полиция басқармасында «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Жетісу көлік прокуратурасының қызметкерлері, жолаушы пойыздарының басшылары мен жолсеріктері қатысқан «Темір жолдағы кездесу» атты іс-шара өтті.
Кездесуге қатысушылар Алматы-1 стансасы мен Алматы-2 стансасы арқылы қатынайтын мемлекетаралық және республикалық бағыттағы пойыздарда жолаушылармен кездесіп, олармен пойыздардағы қылмыстардың және темір жол нысандарында болатын бақытсыз жағдайлардың алдын алу жөнінде әңгіме өткізді. Сондай-ақ, олардың назарынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі де тыс қалған жоқ. Кездесу барысында жолаушылардың ӘҚБтК-не енгізілген жаңа баптарға, әйнек сындыруда жасөспірімдерге қолданылатын жазаларға қатысты қойған сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауап берілді.
Темір жолға жақын орналасқан елді мекендерде арнайы көпірлер мен өткелдердің болуы – қауіпсіздік кепілі. Алайда, темір жолдың белгіленбеген жерінен өтіп жатқан мектеп оқушыларын, тіпті ересек адамдарды жиі көруге болады. Техникалық дамудың арқасында қазіргі жолаушы пойыздарының жылдамдығы сағатына 140 шақырымға дейін баратынын ескерсек, алыста келе жатқан пойыздың алдын тез кесіп өтемін деу жаңсақ пікір. Кездесуге қатысқан мамандар жолаушыларға аса қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыздың тоқтап үлгере алмайтынын, тіпті қозғалыс серпінінен туындайтын қатты ауа ағымының адамды пойызға қарай тартатынын, сондықтан темір жол төсемін жағалап жүрудің де адам өміріне қауіпті екенін түсіндірді.
Темір жол вокзалдарында аялдап тұрған вагондар құрамының астынан өтіп кетуге тырысатындар немесе тұйыққа қойылған вагондардың үстіне шығып ойнайтын жасөспірімдер де кездеседі. Осы екі әрекет те адам өміріне өте қауіпті. Себебі, аялдап тұрған темір жол құрамы кез келген уақытта қозғалып кетуі, машинистің бүкіл вагондар құрамын бақылауда ұстай алмайтындығы адам қазасына алып келуі мүмкін. Ал вагондар құрамының үстінде жоғарғы кернеулі ток болады.
Жолаушылар пойыздарына бөгде зат лақтыру темір жол ұйымдарына залал келтіріп қана қоймай, вагон ішіндегі жолаушылардың денсаулықтарына, тіпті өмірлеріне қауіп төндіреді. Лақтырған заттың вагон теміріне соқтығып кері ұшатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан да әрбір ересек адам жас балалардың темір жол төсемі жанында ойнауларына, сенделіп босқа жүрулеріне ескерту жасаулары мен тыйым салулары қажет екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Г. БЕКЕМҚҰЛОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*