Иппотерапия – таптырмас ем

Тәртіп сақшылары ерекше балаларға иппотерапия сеанстарын ұйымдастырып келеді.
Атпен серуендеу арқылы жасалатын емнің бұл түрінен бүгінде талай жан дертіне дауа тапқан. Облыста даун синдромы, аутизм диагнозы қойылған балалар иппотерапиядан ем алуда. Сырқат балалар аттармен серуендеп, халықтық медицинаның мүмкіндіктерін көруде.
Биыл сәуір айынан бастап Батыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары ерекше балаларға иппотерапия сеанстарын ұйымдастыра бастады.
Иппотерапиялық емдеу әдісі тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады. Бүгінде аталған ем бойынша 15 бала апта сайынғы сабақтардан өтуде, олардың арасында тірек-қимыл және басқа да аурулары бар балалар да қатысып, тегін сеанстан өтуге мүмкіндік алды.
Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының күндізгі тәрбиешісі Назира Кушимованың айтуынша: «Біріншіден, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт атпен жүргенде көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Ал дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты боп табылады. Балалардың арасында экскурсия мен басқа да ойын-сауық түрлеріне барғысы келмейтіндер бар, бірақ олар полиция қызметіне қуанышпен барады. Ешкім ешқашан иппотерапиядан бас тартқан емес», – дейді ол.
Осындай иппотерапиялық емге барып жүрген балалардың бірінің анасы департамент басшылығына келіп, алғысын жеткізді.
Қала тұрғыны Әлия Бекжанова – екі баланы тәрбиелеп отырған ана. Екіншісі Гаухар есімді қызы сал ауруына шалдыққан. Осы кезге дейін ата-анасы қызы үшін қолынан келгенінше барлық жағдай жасап келеді. Оның зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына барып жүргеніне бір айдан астам уақыт болған. Ол иппотерапиялық ем қабылдап келеді және нәтижесі де жоқ емес.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовтың қабылдауында болып, ыстық ықыласын білдіріп, облысымыздың бас полицейіне алғыс хатын табыстады. «Қай ата-ана да баласының дені сау, болашағының жарқын болғанын қалайды. Қызым иппотерапиялық сеансқа аса қызығушылықпен барады. Бұл атам қазақтың бұрыннан бар емі. Сондықтан осындай ем алуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткеніңіз үшін өзіңізге және полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз!» – деп көзіне жас алып, ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, 2017 жылы Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жанынан кавалериялық взвод ашылып, іске кіріскен болатын. Бұл взводтың мақсаты – қала аумағы, саяжай учаскелері, орман алқаптарында қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қызметте атқа отыра алатын, жылқы малын жанындай жақсы көретін, оның құлағында ойнайтын 25-ке жуық жігіт жұмыс істейді. Қазіргі уақытта іріктелген жігіттердің барлығы да аттың құлағында ойнай білетін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан алынған.
Иппотерапия емін жүргізетін тәртіп сақшылары ізгі іске әрқашан өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өздерінің барлық жұмыстарын қалдырып, атқа мінгісі келген балақайларға асығады. Себебі, балалардың денсаулығы – барлығы¬нан да маңызды.

Батыс Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*