«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел…»

Шымылдықты әдейі Абай сөзімен ашып отырмыз, оқырман қауым. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деп айтқан да сол Абай. Һәкім сөзінің әлі де қасаң тартпағанын һәм қуыс-тасада жатпағанын, жылдар жылжып, айлар озса да, құнын қанша сақтағанын айқындайтын, уақыт болса, пайымдайтын – халық.
Жоқ, Абай сөзі ешқашан да ескірмек емес. Асылдың сөзін ескермей, ерміз деп желпініп жүргендерге ес кірмек емес. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық – аздырар адам баласын». Иә, солай. Ұлықтасақ, осындай тап басып тауып айтқан тамыршыны ұлықтайық, айтқан сөздері – айна-қатесіз ғой! Жұмысы жоқтық адам баласына не істетпейді десеңізші?! Адам баласының қандай да бір қылмысқа баруының басты белгісі – жоқшылық. Шенеуніктің – жемқорлыққа, көрінеу жұрттың – ұрлық-қарлыққа баруының себебі де сонда жатыр. Ал тоқшылықтан болып жатқан қылмыс, азғындық әрекеттер туралы бұрын да талай айтқанбыз.
Алайда, Абай осылай депті деп, алтын көмбенің үстінде отырған қарапайым халыққа ешкім де енші бере қойған жоқ әлі. Қара халық – қанша қара терге түссе де, титықтап жүріп тапқаны – ішіп-жеуден, киінуден өзге, отбасылық қаржылық қор-қоржынына ай сайын бір тай алып салып қоюға да жетпейді.
«Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейміз. Бірақ, үш жылдығы тұрмақ, үш онкүндігіне әзер ілігіп жүргендердің көптігі соншалық, отбасылық бюджет туралы тіл безей бергеннен май шықпайды. Осындай итшіліктен соң қаншама ерлі-зайыптылар бір-бірлерінен безіп жатыр?!
«Тарта жесең, тай қалар еді, қоя жесең, қой қалар еді ғой» деп оларға былғары креслода отырып алып көсемсудің керегі шамалы. «Арзанның жілігі татымас» дегендей, онсыз да қытайдың арзан өнімдерін тұтынып отырған олардың дені – дімкәс, мінезі – шәлкес, жүйкесі тозулы, еңсесі езулі.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі және бар ақынның. Ешкім еңбек еткісі келмейді емес, келеді. Бірақ, онысы тек күнделікті күйкі тіршілігінен аспайтын нәпақаға ғана байлаулы болғанын емес, дүниеге адам болып келгеннен кейін, көкейіндегі арман-мұраттарына қол жеткізе алатындай, болашағына – көмек, бала-шағасына – қорек болатындай жұмысқа жегілгенін кім жек көреді?!
Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқасын жат жерге кетпей ме?! Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Ғ. Әбілқайырдың «Шетелге кетудің негізгі себептері неде?» атты мақаласы жарияланыпты. «Еліміздегі әлеуметтанушылар қазақ жастары негізінен дамыған Канада, АҚШ, Германия, Түркия секілді мемлекеттерге қоныс аударуға құштар екенін айтады. Әлеуметтік зерттеу жүргізген сарап¬шылар қазақ жастарының өз Ота¬ны¬нан алыстауға итермелейтін негізгі жағдай кірістің төмен деңгейінен деп түсіндіреді», – дейді тілші.
Айтса, айтқандай-ақ, жасырып-жабатын несі бар? Диагноз – дөп. Кетіп жатқандар – көп. Ешкім жетіскеннен шетел шиырлайды деймісіз, әлде шотындағы ақшасын қайда жұмсарын білмей есірген олигарх-магнаттарымыз секілді саяхат жасауға кетіп бара жатыр ма? Бәрі де – өзіне-өзі жағдай қылудың қамы да! «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» арлы адамның ісі емесін біледі бүгінгі жастар.
Тағы да жүгінеріміз – Абай сөзі. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық». Бір қызығы, еңбегі бағаланбай, аз айлыққа аялдамай кетіп жатқан қандастарымыздан гөрі, елдерінде жағдайы нашар болған соң немесе тұрмыс түзегісі келіп бізге жетіп бес жүз миллион жалақыға райыс үстіндегі үйде молшылыққа кенеліп отырғандардың қарасы молырақ сияқты…

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*