Латын әліпбиі қазақ тілін жаңғыртады

«Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшудің өзіндік артықшылықтары бар. Төрткүл дүниедегі көптеген елдер латын графикасына негізделген әліпбиді пайдаланады. Оған қоса, қазіргі заманауи технологияны, коммуникацияны игеру барысында латын әліпбиінің алатын орны ерекше.
Нұрсұлтан Әбішұлы 2017 жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы кезеңнен бастап латын графикасына көшуге байланысты іс-шаралар белсенді түрде ұйымдастырыла бастады. Бұл өз кезегінде мемлекеттілік тілдің де қолданыс аясының кеңеюіне мүмкіндік береді деген сөз.
Еліміздегі басқа да мемлекеттік органдар, ұйымдар сияқты Қылмыстық атқару жүйесі комитеті де (ҚАЖ) жеке құрам арасында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» түсіндіру мақсатында 2018 жылғы 14 қарашада өткізілген жалпыхалықтық диктант жазу ұйымдастырылып, оған жеке құрам белсенді түрде қатысты. Мәселен, ішкі істер органдарының қызметкерлері Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткізілген қазақ әліпбиі емле ережесінің жобасын апробациялау жұмысына қатысып, өз ойларымен бөлісті. Бұл өз кезегінде 2025 жылға қарай іс қағаздарын жаңа әліпби негізінде, яғни латын графикасы арқылы жүргізуге дайындық деп айтуға болады.
Ішкі істер министрлігінің 2018 жылғы 14 сәуірдегі №290 бұйрығын орындау мақсатында ағымдағы жылы 15-20 шілде аралығында министрліктің Орталық аппараты қызметтерінің мемлекеттік тілді жоғары және орта деңгейде меңгерген басшыларына «Латын графикасы негізіндегі ресми жазылым» тақырыбы бойынша оқыту курсы өткізілді. Осы атқарылып жатқан шаралардың барлығы жаңа әліпбиге бейімделудің, латын графикасына көшудің алғышарттары деп айтуға болады.
Ішкі істер министрлігінің Орталық аппараты комитеттерінің, департаменттерінің басшылары арасында 2019 жылғы 9 тамызда «Құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік тіл: жаңа міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті. Ішкі істер министрінің орынбасары А. Заппаровтың басшылығымен ұйымдастырылған шараға Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары А. Мұрзабекова, Жоғарғы соттың Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н. Қарағойшина, Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Н. Примашев және т.б. тіл мамандары қатысты.
Алқалы жиын барысында құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, латын әліпбиіне көшудің мәселелері жөнінде пікір алысылды. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан ауқымды жұмысқа, жаңа әліпбиге көшудегі құқық қорғау органдары саласының дайындық барысы сөз болды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінде облыстық ішкі саясаты басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы қауымдастығының ұйымдастыруымен аударманың негізгі мәселелері және қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселелері жөнінде жиын өтті.
Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп «Латын әліпбиін үйренеміз» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Тренингте латын әліпбиінің бүгінгі таңдағы еліміздің дамуы жолында атқарылатын міндеттерді орындауда аса қажеттілігі, латын қаріптерінің жазылуы, айтылуы, ерекшеліктері жөнінде нақты түсініктер берілді.
Қорытындылай айтқанда, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті аппараты, сондай-ақ, облыстық департаменттерде іс-қағаздарын латын графикасына көшіруге сәйкес әзірлік жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде комитет тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге жасалған нақты қадам болмақ.

Л. СЕЙІТҚАЗИНА,
ҚАЖК Ішкі және сыртқы коммуникациялар
тобының бас сарапшысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*