Антына адал, ісіне берік

Әрқайсымыз өрт орын алса, «101» телефон нөмірін терсеңіз жеткілікті, сізге міндетті түрде өрт сөндірушілер келеді және көмек көрсететініне сенеміз. Кезкелген уақытта өз өмірін тәуекелге тігіп, басқа азаматтарды құтқаруға дайын тұратын бұл адамдар кімдер? Әрине, олар– батыл тұлғалы өрт сөндірушілер.
Өрт сөндіруші – жай ғана кәсіп емес. Басқаларды қорғау және сақтауға қабілетті, әр кезде қауіп-қатерде батыл, қорықпай әрекет қылатындарды қалай жай ғана мамандық иесі деп атауға болады? Сондықтан өртке қарсы қызметке әдетте өз іс-әрекеттеріне жауап беретін, ер мінезді адамдар келеді. Солардың бірі – Қазыбек Үсен.
Түркістан облысы, Бөген ауылында дүниеге келген Қазыбек орта мектепті тәмамдағаннан соң,Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады. Қарағанды қаласындағы №54/51 әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүргенде-ақ халық игілігі үшін қызмет етіп, өз өмірін темірдей тәртіпті талап ететін саламен байланыстыруды көздеді.Осылайша 2016 жылы Шымкент қаласында енді бой түзеген жаңа нысан – №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне (ол кезде №4 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі деп аталатын) өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымына жұмысқа орналасады. Сол мезеттен бастап қызметтің әр күнінде саланың қыр-сырын меңгеруден жалықпай, түрлі санаттағы өрттерді сөндіруге және апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып, өз шеберлігін шыңдап келеді.
Қала аумағында орын алған өрттерде, оқу-жаттығуларда алдыңғы шептен көрініп жүрген өрт сөндіруші Қазыбек Үсен 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде басқа да өрт сөндіруші-құтқарушылармен бірге көмекке аттанды. Оқиға орнында ең басты міндеті – адамдардың өмірін құтқару үшін қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Анаға да, балаға да, қарт пен жасқа да өз көмегін аямай, күн-түн демей қызмет етті. Өзінің антына адал, қызметтік міндетін бұлжытпай орындайтындығын осылайша дәлелдей білді.
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру барысында өрт сөндірушілеріміз тек өзінің қызметтік міндетін адал атқарып ғана қоймай, қарапайым адамгершілік қағидаларының озық үлгісін көрсете білді. Бұған объективке іліккен бір ғана сурет дәлел. Сол суреттегі бейнеленген белсенді өрт сөндірушілердің бірі Қазыбек еді. Бұл сурет өрт сөндірушілердің ерлік істерімен қатар, кісіліктің, кішіліктің дәлелі ретінде көптің есінде қалары анық.
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру және өрттерді сөндіру барысында аянбай еңбек еткен өжетжас өрт сөндіруші ҚазыбекҮсен«Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.
Осындай жаңа серпіннің бастауына айналған жас ұрпаққа еліміздің қашанда артар сенімі мол. Ал ондай жастарымызды тәрбиелеу, кәсіби шеберлігін арттыру, бастамаларына қолдау көрсету –«антқа адал болу – ардың ісі» деп білетін біздердің – аға буын өкілдерінің міндеті деп білемін.

А. БЕЙСЕМБАЕВ,
Шымкент қаласы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығы,
азаматтық қорғау полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*