Тұрғындардың сүйікті полицейі

Түркістан қаласының тұрғыны Әбдірахман Жұман – IIтоп мүгедегі. Ол басына іс түскенде жанынан табылған полицейге өз ризашылығын білдіріп, тіпті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа оны марапатқа ұсынуды сұрап хат жазған.
Жалғызбасты тұрғынның алғысын алған Түркістан облысының полицейі Нұрболат Нұрышов болатын. Түркістан қаласы ПБ ЖПҚ-не қарасты учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрболат өзіне міндеттелген қызметті абыроймен атқарып, тіпті асыра орындағаны үшін тұрғынның оған айтар алғысы көп.
Денсаулығы нашар жалғызбасты қарияның айтуынша, үйіне ұры түсіп, қолына ілінген пайдаға асар заттарын, яғни қазанын, ыдыс-аяқтарын ұрлап кеткен. Осы жайт бойынша заңды шешім қабылданған. Осы кезде учаскелік полиция инспекторы қарияның жағдайын біліп, қажетті заттарын әкеліп береді. Әрдайым хабар алып, ұлындай қызмет көрсетеді. «№6 аймақтың учаскелік полиция инспекторы Нұрболат осы қызметке келгелі ұрлық жайты тоқтап, көшемізде тыныштық орнады», – дейді қария өз сөзінде.
Полиция қызметкері болу үшін білім, тәжірибеге толы жылдар, білектің күші керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті үнемі алғашқы талаптардың қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Нұрболат Нұрышов.
Түркістан облысы ПД-нің учаскелік полиция инспекторлары халықпен өзара байланыстың тиімділігін арттыру мақсатында өткізілетін републикалық жедел-профилактикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Әрбір учаскелік полиция инспекторы тұрақты түрде өзінің әкімшілік аумағындағы тұрғын үйлер мен пәтерлерді аралап шығып, тұрғындарға өздерін таныстырып, жақыннан олардың жағдайларын біліп, келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында телефон нөмірлерін беріп, қылмыссыз аула құру аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сондықтан біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету. Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны екенін ұғындыру. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз, халыққа осыны көрсету.

Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*