Ата Заңым – ардағым

Конституция күні Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/18 мекемесіндегі шаруашылық қызметтегі сотталғандар арасында да мерекелік көңіл күймен аталып өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның басты құжатын құрметтеуге арналған салтанат еліміздің Әнұранын орындаумен басталып, көңілді шараға ұласты. Сотталғандар белгілі ақындардың Ата Заңға арнаған өлеңдерін нақышына келтіре оқып, мерекеге жиналғандардың ризашылығына бөленді. Ақын Айбатыр Сейтақтың:
Еліне арналатын тілегі шын,
Ей, ұлым – Отанымның түлегісің!
Іргесін туған елдің тіреп тұрған
Қадірін Ата Заңның білемісің?!
Ешкім де мін таға алмас елдігіме!
Дауласып жармаспайды белдігіме.
Бойында Ата Заңның өріліп тұр
Даламның кеңдігі де, теңдігі де! – деген өлең жолдарында айтылғандай, даласының асқақ рухымен астасқан қазақ халқының өр тұлғасы жайлы өлеңдер көп оқылды.
Көңілді кешті әнмен ажарлаған қыз-келіншектердің өнері де көрермендер көңілінен шықты. Жиналғандардың ду қошеметіне ие болған көріністер – сотталғандардан құралған көңілді тапқырлар командасы ұсынған әзілдер болды. Қысқа болса да адамдарға ой салар мазмұны салмақты әзілдерді шебер орындаған әзілкештердің өнері ду қол шапалаққа ұласты.
Салтанатты мерекеге қатысушыларды Конституция күнімен құттықтаған ЛА-155/18 мекемесінің бастығы А. Жұмадиев: «Әділдік пен әрбір қазақстандықтың тең құқылы болуын негізге алатын біздің Конституциямыздың қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Басқа мемлекеттер тарапынан да Қазақ елінің Ата Заңына деген құрмет бөлек. Тарихы тереңнен басталатын басты құжат бізге оқуға, білім алуға, еңбек етуге кепілдік беріп отыр. Сіздердің де осы қамқорлықты жақсы бағалап, өмірден өз орындарыңызды табуларыңызға тілектеспін», – деді.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*