Ата Заң ардақталды

Ішкі істер министрлігінде Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған министрліктің басшылығы, ардагерлер мен жеке құрамы қатысты.
Биыл 30 тамызда тәуелсіз, экономикалық жағынан ілгерілеп дамып келе жатқан, жаһандық қауымдастықпен өзара ынтымақтастықтағы мемлекет құру жолындағы қадамымызды заңдық негізде реттеген басты құжатымыздың қабылданғанына 24 жыл толды. Ата Заң ел азаматтарының бостандығы мен құқығын жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етіп келеді.
– Осы жылы біз ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бойынша жоспарланған бірқатар маңызды іс-шараларды іске асыруға кірістік. Бүгін негізгі Заңның және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың талаптарына сәйкес, біз елдегі қылмысқа қарсы күресте ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің жұмысын жоғары деңгейде, жаңа форматта ұйымдастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде, – деп атап өтті министр, полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаев.
Салтанатты шарада өз міндеттерін адал атқарғаны үшін және Конституция күніне орай ішкі істер органдарының бірқатар қызметкеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, Президенттің арнайы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлім командирлері Дәулет Алшымбеков, Талғат Медеубаев, аталған қызметтің жедел кезекшілігінің көмекшісі Дархан Райымбеков, Қарағанды облысындағы Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Берік Рахымжанов мемлекеттік марапат – «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Аталмыш өрт сөндірушілер «Жалаңтас» ауылы мен «Жас Қанат» балалар лагері жанындағы өртті сөндіру кезінде батылдық пен кәсіби шеберлік көрсетті. Өрт сөндіру барысында ауыл шаруашылығы алқаптары мен елді мекендердің қызыл жалынға орануына жол берілген жоқ. Олардың осындай ерлік әрекеттері нәтижесінде жүздеген адам өрттен құтқарылған болатын.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның бірқатар қызметкерлері марапатталды. Жалпы Конституция күнін мерекелеуге орай, ішкі істер органдарының 560 қызметкері әртүрлі марапаттарға ие болды.
Мерекелік жиынның соңында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің көркемөнерпаздар ұжымы дайындаған мерекелік концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*