Ақжайықтың ақ шағаласы

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде ақиық ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақжайықтың ақ шағаласы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жерлес ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтулы іс-шараны облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М. Аблазимов өз құттықтау сөзімен ашып, оның консультативтік-кеңесші орган қызметіне қосқан үлесі үшін үлкен алғысын білдіріп, әлі де болса жүзінен ажары таймаған ақын апамызға 75 раушан гүлін сыйлағанда сахна сұлулықтан нұрланып кеткендей болды. Кеш барысында департамент ұжымы ақын поэзиясынан үзінділер оқып, оның сөзіне жазылған әндерді шырқап, өз кезегінде ақынға көкейтесті сұрақтарын қойды. Ақын өзінің өмір жолы, шығармалары мен өлеңдері туралы сыр шертіп, орнынан тұрып өлеңдерін жатқа оқып жырсүйер қауымды өзіне бірден баурап әкетті. Залдан қойылған сұрақтарға берген жауаптары оның ақиқатшыл ақын екенін дәлелдей түскендей.
Көрерменге ақын апамыздың сөзіне жазылған қазақ вальсінің королі Ш. Қалдаяқовтың, Еділ мен Жайықты әнімен жалғаған І. Жақановтың, сондай-ақ, жастар арасында танымал «Ақ шағала», «Мен сені ойлайтынмын» әндері көрерменге ерекше әсер қалдырды.
«Анамын бөбегін сағынған, ақынмын жыр болып ағылған» деп жырлаған ақын ана қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің ұлтымызға ұят тұстарын, әйелдердің бүгінгі қоғамдағы бейнесі туралы айтуды да ұмытпады.
«Ақында да ақын бар айта алатын» дегендей, жырларына әлеуметтік өмірдің кем-кетігін, қазақ халқының бастан өткерген мұң-шерін арқау етіп, жоғын жоқтаған арқалы ақын халқымен кездесуде де қоғамдағы қазіргі келеңсіз жағдайларға өзінің бейжай қарамайтындығын айта келіп, елге қай салада еңбек етсек те адами құндылығымызды аласартпай, әр қызметте қашан да оң имидж көрсету қажеттілігін тілге тиек етті. Бұл, әрине, ішкі істер органдарындағы өрімтал жастар үшін өнегелі кеш болғаны сөзсіз.
Кеш соңында Ақұштап Бақтыгереева: «Осының бәрі сөз түсінетін жастар өссін деген мақсатпен өтіп жатыр. Сөз түсінбегенді біздің қазақ адамға санамайды ғой. Ал сөздің мәнін түсіну, оны қадірлеу – адамның ең ғажап адамгершілік қасиеті», – деп жастардың кітап оқудан ажырамауына тілек білдірді.
Өзіндік мінезі мен үні бар Жайықтың Ақ шағаласына арналған сазды кешті жергілікті «Batys Star» тобы М. Балмолданың сөзіне жазылған Қ. Қисметовтың «Ақжайықтың Ақұштабы» әнімен әдемі нотада аяқтады.
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі А. Бақтыгерееваға арналған әсерлі кештің куәсі болған департамент ұжымы мен шақырылған сыйлы қонақтар ақынның өз елінде азаматтық ұстанымына, адамшылық келбетіне қарап әрқашан қадір-қасиеті арта беретініне сенімдерін білдірді.

Батыс Қазақстан облысының ПД
Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*