Кезекті «онлайн» қабылдау

Қостанай облысының полицейлері кезекті «онлайн» қабылдау өткізді. Шараның басты мақсаты – облыс тұрғындарын ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдау ережесімен таныстыру, өз қатарына сауатты, талантты, ақылды және парасатты жастарды, еліміздің нағыз патриоттарын тарту, сондай-ақ, білікті құқықтық кеңес беру.
28 тамызда облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев «Инстаграмм» және «Фейсбук» ведомстволық әлеуметтік желілерінде азаматтарды «онлайн» қабылдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Әлеуметтік желілердегі тікелей эфирді бір мезетте 700-ден астам желі қолданушысы көрді. Облыстық ПД бастығының орынбасарына 40-қа жуық сұрақ қойылды. Азаматтарды жұмысқа орналасу жасы, еңбек ақысы, қажетті білім, тұрғын үй ақысы және т.б. сұрақтар қызықтырды.
– Ішкі істер органдарындағы қызмет – маңызды мамандық. Дәл осы полицейлер азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бүгінде полицияда жас мамандарға тұрақты жалақы, тұрғын үй шығынын өтеу ұсынылуда. Бүгінгі таңда облыстық Полиция департаментінде 243 бос орын бар. Бос лауазымдарға үміткерлерді қабылдау бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Бірқатар үгіт жұмысы ұйымдастырылды. Хабарландырулар ДП ресми сайтында да, әлеуметтік желілердің ведомстволық аккаунттарында да орналастырылады. ІІМ бастамасымен облыстың жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойылды, оның аясында студенттер ішкі істер органдарына жұмысқа орналаса алады, – деді Ардақ Ынтықбаев.
Сонымен қатар, полиция полковнигі қазіргі уақытта полиция қызметкерінің толық әлеуметтік пакеті, тұрақты жалақысы, әрі қарай тегін оқу мүмкіндігі, мансаптық өсуі және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлікке ерте шығу құқығы бар екенін атап өтті.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы 65%-ға, жедел қызметтердікі 55%-ға өсті. Сондай-ақ, өзіне және өз отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй жалдау үшін өтемақы қарастырылған (отбасының әрбір мүшесіне 23 мың теңгеге жуық).
Тіпті, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне, құқық қорғау органдарының ардагерлеріне тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, балабақшамен бірінші кезекте қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.
Бұрын жұмыстан шығарылған қызметкерлерді ішкі істер органдарына қызметке қайта қабылдауға қатысты бірнеше сұрақ қойылды.
– Бұл өте қиын мәселе. Мұнда әрбір жағдайға жеке қарау керек. Бізге жүгінген азаматтардың құжаттарын мұқият қарастырамыз, босатылған себептерін анықтаймыз. Теріс себептермен жұмыстан босатылған азаматтар полицияға қайта қабылданбайды, – деді полиция полковнигі.
Іс-шара «2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасын» іске асыру шеңберінде өткізілді. Ондағы тармақтардың бірі жұртшылықпен тиімді өзара іс-қимыл, халықпен жұмыстың жаңа форматы, құқық қорғау органдарының кадрларын іріктеу және даярлау және «Жастар жылы» мәселелеріне арналған.
Ішкі істер органдарындағы қызметке қызығушылық танытқан барлық тілек білдірушілер сол жерде полицияға жұмысқа қабылдаудың ережелері мен негізгі өлшемдері туралы толық кеңес ала алды.
Мысалы, «Samat» атымен тіркелген «Инстаграм» пайдаланушылардың бірі қызығушылық танытып, бірнеше сұрақ қойып, мемлекеттік қызмет істері агенттігінде тестілеуден өткеннен кейін Кадр саясаты басқармасына келуге дайын екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаевтың бірінші «онлайн» қабылдауы 1 тамызда өтті. Сол кезде облыс тұрғындарынан полицияға қызметке кіру бойынша 100-ден астам сұрақ келіп түсті. «Онлайн» көруге облыстың 500-ден астам тұрғыны қатысты. Нәтижесінде облыстың Кадр саясаты басқармасына 200-ге жуық адам жүгінді.
Ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу туралы толық ақпарат алу үшін Қостанай облысы ІІД Кадр саясаты басқармасына мына мекенжай бойынша хабарласуға болады: Қостанай қаласы, Баймағамбетов көшесі 197, 415 кабинет, байланыс телефондары: 52-60-93, 52-60-16, 8-707-535-86-76.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*