Ұрлық ушығып тұр

Петропавлдық полицейлер балалар арбасын ұрлау фактісін ашты. Қылмысты ашуға «бұлтты бейнебақылау» камералары көмектесі.
…Петропавл қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны жүгініп, Жамбыл көшесіндегі үйдің кіре-берісінен балалар арбасының жоғалғанын айтқан. Оқиға орнына келген криминалдық полиция қызметкерлері үйдің кіре-берісіне және қабырғаларына орнатылған «бұлтты бейнебақылау» жүйесінің камераларына түскен жазбаларды алды. Бейнежазбалардан ер адамның кіре-берістен шойын батареяны балалар арбасына салып ала шыққаны көрінді. Батареяны осы үйдің тұрғыны үйінде жөндеу жүргізіп жатқандықтан кіре-беріске шығарып қойыпты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ол бұрын істі болған тұрғылықты мекенжайы жоқ 37 жастағы петропавлдық болып шықты. Белгілі болғандай, ол үйдің кіре-берісіне кіру үшін домофондағы кез келген пәтердің нөмірін теріп, магнит кілтінің үйінде ұмытып кеткенін айтқан. Бұған сенген тұрғындар есікті ашқан.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған мүлік алынып, иесіне қайтарылды.
«Үйлердің кіре-берісінде және пәтерлерде жасалатын ұрлықтар проблемаға айналды. Алайда, азаматтардың өз қаражаттарына орнатқан бейнебақылау жүйесі осындай қылмыс түрлерін ашуда үлкен көмек болып отыр, – дейді Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Руслан Сыздықов. – Сондай-ақ, жер үйлердің маңында қараусыз қалдырылған заттар, велосипедтер, ұялы телефондар ұрылардың олжасы болады. Мұндай жағдайда өте қырағы болу қажет. Құнды заттарды оңай көзге түсетін жерлерде қалдырмау, бөтен адамдарды кіре-беріске кіргізбеу керек. Өздерін коммуналдық немесе әлеуметтік қызметтердің жұмысшыларымыз деп таныстырса да, бұған көз жеткізген дұрыс».
Жыл басынан Петропавлда барлығы бөтеннің мүлкін ұрлаудың 685 фактісі ашылды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*