Батыр әкенің ізімен…

Ішкі істер органдарының қызметкерлері күн сайын азаматтардың конституциялық құқықтарын, еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау ісіне өлшеусіз үлес қосып келеді.
Солардың бірі – Өскемен-1 стансасындағы Желілік полиция бөлімі Тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мәдина Қазыбекова. Күн сайын оның табанды да қажырлы еңбегінің нәтижесінде күрделі деген қылмыстық істердің өзі әділ шешімін тауып, баукеспе ұрылар мен қандықол қылмыскерлердің қаншамасы заң алдында жауапқа тартылып, темір тордың арғы жағында отыр.
Мәдина Қазыбекованың әкесі – полиция лейтенанты Қазыбек Сасиков Жезқазған облысы, Жаңаарқа аудандық ІІБ мотовзвод командирі болған. Сонау 1984 жылы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан.
Қайсар әкенің ерлігі мен отансүйгіштігі қызына үлкен үлгі-өнеге болғаны анық. 1996 жылы Мәдина ІІМ Семей заң колледжі милиция мектебіне оқуға түсіп, 1998 жылы оны үздік аяқтап шықты.
Бүгінде полиция подполковнигі өз әкесін мақтан тұтады. Себебі, дәл осы қызметке аса қажет қайраттылық пен шыдамдылық әкеден перзент бойына дарыған. Жылдар бойы милиция қатарындағы қызметінде Қазыбек Сасиков ІІІ дәрежелі «ІІО 10 жыл мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Ол тек өз ісінің білікті маманы емес, үздік спортшылардың да бірі болған.
Осы күнге дейін Мәдина Қазыбекова көптеген қылмыстық істерді ашты. Соның қатарында осы жылы Шығыс Қазақстан облысында темір жол рельстерін ұрлағандардың қылмыстық ісі бар. Тергеу нәтижесінде бірнеше мәрте алдын ала келісу арқылы темір жол рельстерін жасырын ұрлаған екі ер азамат сот алдында жауапқа тартылды.
Әріптестерінің айтуынша, Мәдина – өз ісіне берілген, жауапкершілігі аса жоғары мамандардың бірі. Күн сайын кез келген ауа райына, уақыт мезгіліне қарамастан оқиға орнына жылдам жетуге тура келеді. Алайда, ол өзінің жинақылығы және жеделдігімен қатардан қалған емес.
Айта кетерлігі, полиция қызметкерлері арасына ол «ІІО үздігі» төсбелгісімен және «ІІО 5, 10 және15 жыл үздік қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.
Бүгінде әке ізін жалғастырған тергеуші Мәдина Қазыбекова Отанға адал қызмет етуді қасиетті борышы санап, жас қызметкерлерге үлкен үлгі болып келеді.

Өскемен-1 стансасындағы ЖПБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*