Полицейлер қылмыскердің психологиясын білуі тиіс

Құқық қорғау органдарында психолог мамандардың жұмысы мен жауапкершілігі өзгеше. Солардың бірі – Құралай Абдрахманова психолог мамандығының қыр-сырын меңгеріп ысылған маман. 10 жылдан астам осы салада тәжірибесі бар. Ақтөбе қалалық Полиция басқармасының кадр саясаты тобының инспектор-психологы, полиция аға лейтенанты Құралай Зайлағиқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Ішкі істер саласындағы қызметкерлермен қандай психологиялық тәжірибелік сабақтар жүргізіледі?
– Психология саласында 4 бағыт бар. Олар психологиялық диагностика, кеңес беру, түзету және алдын алуға арналған. Жұмысқа қабылданған жас мамандарға түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, олардың ұжыммен тез тіл табысып кетуіне оң ықпал етеміз. Қандай да бір қиындықтар туындаған кезде психологиялық кеңес беріп, көмектесеміз.
Полиция қызметі төзімділікті, сабырлылықты қажет етеді. Жаңадан жұмысқа қабылданған жастармен бастапқыда бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Тәртіп пен талапқа көну қажет.
Арнайы сабақтар, тренингтер өткізудің тиімділігі неде?
– Бізде көбінесе психологиялық тренингтер өтіп тұрады. Полиция қызметкерлері күні-түні жұмыста жүреді, қатарларында енді шаңырақ құрғандар, жас отбасылар, енді қызметке араласа бастаған жас мамандар бар. Біз оларға да қолдау танытамыз. Ең бастысы – жұмыс барысында адамдармен тіл табысып, әсіресе, қарапайым азаматтармен өзара түсіністік орнату үшін сабырлылық қажеттігін ұғындырамыз.
Басқа өңірлермен байланыс қалай? Оқып, білімдеріңізді жетілдіріп тұрасыз ба?
– Әрине, Алматы, Астана қалаларына барып, психологтарға арналған оқуларға қатысып, білімімізді жетілдіріп, жаңаша әдістемелермен танысып қайтамыз. Жұмыста анонимді сауалнамалар арқылы ұжымда қалыптасқан моральды-психологиялық жайтты бақылауға мүмкіндік жасаймыз. Сауалнама нәтижелерін сараптап, бөлім, басқарма бастықтарымен басқару стильдеріне өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар айтамыз.
Сонымен қатар, Жол картасы аясында полицейлерге тұрғындар тарапынан айтылған сыни піріклерге қалай ұстамдылық таныту, оларға қалай жауап беру, өзара байланыс орнату, тіл табысу, т.б. арналған психологиялық тренингтер жүргіземіз.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері күдіктіні, қылмыскерді өзін-өзі ұстауынан-ақ тануы үшін психологиясын жақсы білуі керек. Біз әркез қызметкерлерімізге қолдау көрсетеміз, моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындаймыз.
Сұхбатыңызға рахмет!

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*