Қарақшы топ қалай құрықталды?

Бұл мақала Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Сағидолла Әбдірамановтың өнегелі өмір жолы мен қауіпті қарақшылар тобымен шайқасына арналып отыр.
Түркістан облысының жаздағы ми қайнатар қапырық ыстығында, қыстағы дымқыл болып келетін қара суығына қарамай, күн демей, түн демей аса қауіпті қылмыскерді іздеп-табуды мақсат тұтқан криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдерінің қызметін көп адам біле бермейді. Мәселен, 6 жылдан бері жедел уәкіл болып, осы қызметтің қиындығы мен қауіпіне төзіп, көптеген қауіпті қарақшылық топ жасаған қылмыстарды ашу – құрметке лайық іс.
2013 жылдан бері жедел уәкіл болып келе жатқан Сағидолланың қызметтік жолында неше түрлі қылмыскерлерді іздестіруге тура келіпті. Өйткені, қылмысты ең бірінші болып іздестіру, сарсылып ізіне түсу, күдіктілерді айлап іздеу оңай емес. Кейде тіпті көрші шетелдермен бірлесе атқарылатын қылмыс түрлерін іздестіруге де тура келеді. Криминалистермен, учаскелік полицейлермен бірлесе қызмет атқаратын сәттер жиі болады. Қылмыстың ауыр-жеңіліне қарай бірде жеке іздесең, бірде арнайы топтың құрамында әрекет етесің.
Осындай сан түрлі қылмыстардың ішінде қауіптісі – ұйымдасқан қарақшылық қылмыс. Қарақшы – аса қауіпті қылмыскер, өйткені, біріншіден, ол кәнігі қылмыскер болып келеді, екіншіден, суық қарумен «мұздай» қаруланады, үшіншіден, мақсатына жету үшін адам өлтіруден тайынбайтын қатыгез болады.
Осындай қарақшылық қылмыстың бірі Түркістан облысына қарасты аудандардың бірінде болған оқиға еді.
Сайрам ауданында 2019 жылы таңғы сағат 05.30-дар шамасында беймезгіл уақытта ел тыныштығын бұзған оқиға болды. Жәбірленушінің үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы Сайрам ауданы Полиция басқармасына хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына жеткен шұғыл тексеру тобының анықтауы бойынша, 21 мамыр күні сағат 02:51-де Сайрам ауданына қарасты ауылда белгісіз бірнеше адам бетпердемен терезе арқылы ішке еніп, екі адамның қолын байлап жатқанда, олардың әкесі оянып кетіп, қылмыскерлермен арпалысқа түседі. Айқай-шу шыққан соң белгісіз үш азамат өздерінің ойластырған қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізе алмай, оқиға орнынан ізін суытып, бой тасалауға мәжбүр болады.
Қарақшылық қылмыстық оқиғаға байланысты Сағидолла Нәбибуллаұлы бастаған жедел уәкілдер тобы шұғыл іздестіру әрекеттерін жүргізіп, аталған дерек бойынша қылмысты ашуға кірісіп кетеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-ші бөлімі бойынша іс қозғалады.
Ақыры Сағидолла Нәбибуллаұлы бастаған топ күдікті адамдарды ұстады. Күдіктілерді ұстау аса күрделі әрі қиын болды. Себебі, күдіктілер Сайрам ауданынан емес, облыстың бірнеше қаласы мен ауданының елді мекендерінен құралған қандықол қарақшылар болып шықты. Олардың 4-і бұрын сотты болған, біреуі ғана сотты болмаған. Қылмыстық топтың біреуі шолақ мылтықпен, екеуі карабинмен қаруланған екен. Осындай қауіпті қарақшылық топтың күдіктілерін ұстап, тергеуге өткізу айтуға ғана оңай, бірақ өмір мен өлімнің арасындағы бейбіт заманның батырларының ғана тәуекел ететін қауіпке толы іс еді. Бұл орда бұзар отызға да жетпеген жас жедел уәкілдің бір ғана қылмысты ашу ісі екенін еске алсақ, бейбіт заманның батыры деуге лайық.
Сағидолла облыс орталығына айналып отырған қасиетті рухани астанада 1991 жылы қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген жас маман. Қаладағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте оқып, тәрбиеленді. Бұл мектеп атақты спортшылармен, оның ішінде балуандарымен аты шыққан мектеп.
Мектеп бітірген соң, арман қуып, өзі қалаған полицей мамандығын алу үшін 2009 жылы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Академиясына оқуға түсіп, 2013 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Бұл оқу орны полиция саласының талай ығай мен сығайларын, оның ішінде талай генералдар мен министрлерді тәрбиелеген, оқытушылар білікті, оқу базасы қалыптасқан атақты оқу орны.
Жас маман 2013-2014 жылдары Қарағанды қаласы Полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қылмыскерлерді іздестіру тобының жедел уәкілі, 2014-2018 жылдары Түркістан облысы Полиция департаменті Кентау қаласы Полиция бөлімінің криминалистика бөлімінің жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстарды ашу тобының аға жедел уәкілі болып, тәжірибе жинап, жаңадан ашылған Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі лауазымына көтерілді.
Жас маманның нәтижелі әрі жемісті қызметі, мәдениеті мен жеке бас үлгісі, жайдары мінезі елеусіз қалған жоқ. Кентау қаласы Полиция бөлімінде қызмет атқарып жүргенде «Үздік қызметі үшін» медалімен, департамент пен полиция бөлімінен бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталды.
«Әке – асқар тауың, ана – кәусар бұлағың, ұстаз – мейірім шуағың, тәлімгер – үлгі тұтар өнегең» дегендей, қатарының алды, қызметінің мақтанышына айналған жас полицейдің адами қасиеттері, ата-анасы мен ұстаздарынан алған тәрбиесі және өнегесі, тәлімгер ағаларының ақыл-кеңесімен қалыптасар болар. Күнделікті күйбең тірлікпен жүрген қарапайым адамдар қылмысқа қарсы күресушілерді елемеуі де, білмеуі де мүмкін. Сондықтан да халықтың басым бөлігі полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін адал атқарып, халық үшін отқа да, суға да түсетін, керек болса өмірін де қиюға даяр қызметін кейде түсіне бермейді. Себебі, олар қылмыстың көбінесе аяқ астынан болатынын жақсы түсінгенде ғана полиция қызметіне әділ бағасын беруі мүмкін.
Полицейлер – уақытпен санаспай, күндіз-түні сабылып жұмыс істейтін қызметкерлер, оның үстіне күтпеген қауіп-қатері тағы бар. Кейде бала-шағасы мен отбасын да көруге, тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппайтын жағдай көп болады. Сондықтан бала тәрбиесі, отбасының шаруашылық мәселелері олардың жұбайларының мойнында. Сағидолланың жұбайы Ақмаржан Нұрлыбекқызы осындай қиындықтарға бел буып, жас полицейдің жан дүниесін түсінетін жан. Екеуі ата-аналары Қарпықбаев Нәбибұлла Әбдіраманұлы, анасы Байболиева Гүлжауһар Сабырқызымен бірге қыздары Айдананы тәрбиелеп келеді.
Тұлғаның қалыптасуында тәлімгерлердің де өзіндік орны ерекше. Өйткені, қызметке келген соң ақыл-кеңесін аямай, қызметтегі тәжірибесін үйретіп, қамқор болатын да сол тәлімгер. Алғашқы тәлімгері ретінде Кентау полиция бөлімінде қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы болған, қазір сол бөлім бастығының кадр мәселесі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жатқан Тұрғанбаев Мұхаметәлінің көп қамқорлығын көріп, өнегесін үйреніп тәрбиеленген. Қазіргі тәлімгері Түркістан облыстық Полиция департаментінің жедел іздестіру басқармасының бөлім бастығы Мәди Қожамұратов ағасын құрметтейді, ұлағатты ақыл-кеңестерін алудан жалықпайды, осы департамент басшысының кадр жөніндегі орынбасары Бағлан Халықов ағасының тәлімгерлік мейірімін мақтан тұтады.
Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруда жас мамандарға Президентіміз бен халқымыз зор сенім артады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда», – деген еді. Міне, сондай жастың бірі әрі бірегейі болып қызмет тәжірибесін жетілдіріп келе жатқан жас маманға зор болашақ, қызметіне табыс тілеп қоштастық.

Балтакесті ӨТЕБЕКОВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*