Мерген қыз

Қай уақытта да ішкі істер органдарында ер азаматтармен полиция қызметінің ауыр жүгін қатар арқалап, өздерінің қайсар мінездерімен көзге түсіп, қоғамымызда ерекше орын алып жүрген аруларымыз аз болмаған.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында жауынгерлік қару атудан Ішкі істер министрлігінің кубогі өтті.
Осы додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен өз бағын сынауға келген ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында Қарағанды облысы ІІО-ның намысын қорғауға жол тартқан Қарағанды қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Айсауле Жеңісқызы да жүлдеге қол жеткізді.
Айсауле 1990 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданының киелі топырағында дүниеге келген. Алтын ұя мектебімен қимай қоштасқан қызымызды қандай мамандық иесі болсам екен деген ой мазалаған жоқ. Туған жерімнің амандығы мен тыныштығын күзетіп, халқыма адал еңбек етсем, қауіпсіздігін қорғасам, қоғамда орын алған әділетсіздікпен білек сыбана күрессем деген бала күнгі арманы Айсаулені Қарағанды қаласындағы Заң Академиясына жетелеп әкеледі.
2012 жылы оқуын аяқтаған жас маман еңбек жолын Қостанай қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі лауазымы болып бастайды. Өзінің еңбекке деген адалдығымен көзге түсе білген Айсауле Қостанай қаласы ПБ КПБ ұйымдастырушылық-бақылау бөлімшесінің бастығы лауызымына дейін көтеріледі. Он жылдан артық тынымсыз еңбегінің арқасында еңбегі еленген Айсауле Жеңісқызы 2016 жылы 2-дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.
Екі күнге созылған республикалық жарыста жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының ПД 2-жүлделі орынға ие болды. Ал сырт көзге нәзік көрінгенімен, ер мінезді батыл Айсауле өзінің мол тәжірбиесінің нәтижесін көрсете біліп, әйелдер арасында жүлделі 2-орынға табан тіреді.
Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбековтің қолынан медаль алып қайтқан Айсауле қызымыздан жарыстан алған әсерін бөлісуін сұрап жолыққан болатынбыз.
Айсауле Жеңісқызы: «Әрине, бұл жарыста республикамыздың әр облысынан сайдың тасындай сайланып келген қыз-жігіттер көп болды.
Жарыстың басты мақсаты – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің абыройын асқақтатып, халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолындағы ерен еңбектеріне баға беру. Мен де осы жарыста тапаншадан ату бойынша алған барлық тәжірибемді ортаға салып, намысты қолдан бермеуге барымды салдым», – деді.
Полиция қызметкері болу- абыройлы міндет. Бір бойына төзімділік пен қайсарлықты серік етіп, Отан алдындағы міндетін адал атқарып, полиция қызметкері деген абыройлы атаққа дақ түсірмеуді қасиетті ұғым деп білетін Айсауле Жеңісқызының алдағы уақытта да алар асулары биік боларына сенімдіміз.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*