Әнші Әлайдардың жеңісі

Алып шаһар Алматының аспаны мен Алатаудың баурайын асқақ әндермен тербеткен ән сайысы «Әр жүректе – туған жер» деп аталды. Атауының өзі-ақ жүрекке тұнған туған жерге деген махаббатты айшықтайтын ән сайысының әсері көпке дейін сейілмеді десе де болады.
Алпыс екі тамырыңдағы қаныңды егіндібұлақ еліңе, жазиралы жеріңе деген сүйіспеншілікпен тулататын ән сайысы Алматы қалалық Полиция департаментінде өтті. Оңтүстік астананың аудандық полиция басқармалары мен департаментке қарасты құрылымдардың жеке құрамы бақ сынасқан сайыста Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 3-батальоны, 1-взводының полицейі, аға сержант Әлайдар Қожабеков екінші орынды иемденді.
«Атырау мен Алтайына әнмен шашу шашқан» Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жерім тамаша» әні аға сержант Әлайдардың орындауында «қасиетті Қаратау мен асыл текті Алатаудың» аспанында қалықтап, «жер жәннаты – Жетісудың» кең даласын тербетіп, тыңдармандарын туған жерге деген мақтаныш сезімге бөледі.
«Әр жүректе – туған жер» атты патриоттық әндер байқауының екінші орын жүлдегері Әлайдар Қожабеков Тараз қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*