Балалар қауіпсіздігі – басты орында

Солтүстік Қазақстан облысында 88 автопатруль балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жалпы білім беретін 486 мектептің 44-і облыс орталығында оқушыларға өз есіктерін айқара ашты. Жаңа оқу жылының басталуына орай әр мектепте өткен салтанатты жиналысқа полиция қызметкерлері келді. Сақшылар ұстаздармен, ата-аналармен бірге оқушыларды қарсы алып, балаларға алғашқы оқу күнінен бастап жол қозғалысының толыққанды қатысушылары екенін естеріне салды.
Облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таевтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицияның кешенді күштерінің қызмет өткеру орындары әзірленген. «Білім күнінде 632 полиция қызметкері жұмылдырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 88 автопатрульдің қызмет атқару бағыттары білім ордаларына жақындатылды. Бұдан бөлек, профилактикалық шаралар да күшейтіледі. Полиция қызметкерлері балалардың жол үстінде қауіпсіз жүріп-тұруына бағытталған және бейтаныс адамдармен сөйлескен кездегі бірқатар негізгі ережелерді айтып берді. Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының әрекетіне қатысты заңнаманың нормалары түсіндірілді», – деп атап өтті Думан Таев.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев қазақ мектеп-гимназиясындағы салтанатты жиналысқа қатысты. Полиция ведомствосының басшысы түлектерді Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарында білім алуға, департамент қызметімен, мұражаймен және мұрағатпен танысуға шақырды. Ал мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына оқу жылының сәтті өтуін, жақсы достар мен қуанышты күндердің көп болуын тіледі.
Білім күні қарсаңында бірқатар дайындық шаралары өтті. Жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, жасанды тегіссіздіктердің, жол белгілерінің жағдайы тексерілді. Мектептерде сабақтар басталмастан бұрын полиция қызметкерлері облыс орталығының көше-жол желісін тағы бір мәрте зерттеп шықты. Петропавлда 134 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Олардың басым бөлігі жаңартылды.
№10, 1, 17 орта мектептердің маңындағы өткелдер ақ-сары түске боялды. Тәртіп сақшылары талдау жұмыстарын жүргізіп, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол инфрақұрылымының элементтерін жаңарту бойынша жұмыстар ұйымдастырады. Қозғалысы көп үш көшедегі жолдарда ерекше дыбыс шығарып, жүргізушілерге ескерту беретін арнайы жолақтар салынды.
Жыл басынан облыс полицейлері көше-жол желісіне 118 тексеру жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар атына жол жағдайын бақылау туралы 106 ұйғарым жіберілді. Жолдар мен жол маңындағы құрылыстардың қанағаттанарлықсыз жағдайы үшін 12 хаттама толтырылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова полиция қызметкерлерінің балалардың қауіпсіздігіне бағытталған сан қырлы жұмысына ерекше бағасын берді. «Оқу жылы барысында балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Бұл мақсатта полиция қызметкерлері жүргізетін жұмыстардың маңызы зор», – деп атап кетті басқарма басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*