Аудандық Полиция басқармасы ашылды

Кеше елордамызда Есіл ауданы Полиция басқармасының жаңа ғимараты ашылды.
Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов, ПД басшылығы қатысты.
Елорда әкімі полицейлердің қала өмірінің тыныштығына деген жауапкершілігі туралы сөз қозғай келе өз істеріне деген адалдығы үшін алғысын білдірді.
«Полиция еліміздің тыныштығы, тұрғындардың құқығы бұзылмас үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Соның бір көрінісі, міне, тәртіп сақшыларына жұмыс істеуге қолайлы әдемі ғимарат ашылды. Алдағы уақытта осыған ұқсас жоспарларымыз бар. Полицейлердің ат-көлігі сай болуы қажет. Жағдай жасау – біздің мойнымызда. Ал ел тыныштығын сақтау – сіздердің міндеттеріңіз. Қауіпсіздікті сақтау барысында жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Соның нәтижесінде биылдың өзінде қылмыс 40 пайызға төмендеп отыр. Бұл сіздердің еңбектеріңіз», – деді қала әкімі полицейлерге.
Елордалық Полиция департаментінің басшысы өз кезегінде қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін функционалды ғимаратты ұсынған әкімдікке алғыс алғысын білдіріп, Есіл ауданы Полиция басқармасының жаңа ғимаратында азаматтарды қабылдауға арналған заманауи фронт-кеңсе, кезекші бөлім, қызметкерлер үшін кабинеттер орналасқанын, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдай қарастырылғанын атап өтті.
Елбасының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі өткен жылдан бері ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асыруда. Жол картасына сәйкес елордалық департамент халықпен жұмыс істеудің заманауи форматын енгізіп, полиция қызметкерінің жеке және кәсіби сапасына жаңа стандарттар жасалынды. Полицияның материалдық-техникалық базасының нығайтылуына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Нұр-Сұлтан қаласының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*