Полиция полковнигі Оңал БЕКЕЕВ: Сақшыларға қойылатын талап қашан да жоғары

Бүгінгі сұхбатта ІІМ Көліктегі Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оңал Бекеев полиция органдарында кадрларды іріктеу және көлік полициясының жеке құрамының сапасын нығайту туралы әңгімеледі.

Оңал Ботайұлы, қазіргі уақытта ел Үкіметі бекіткен Жол картасына сәйкес, заман талабына сай жаңа форматтағы полиция қалыптасуда. Әңгімемізді полицейлерге жүктеліп отырған тың міндеттер туралы айтудан бастасақ?
– Тұңғыш Президентіміз-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Бұл полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесін жақсартуға айрықша көңіл бөлінген Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан бастау алады. Сондай-ақ, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 17 сәуірде өткен ІІМ алқа отырысында ведомствоның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірқатар міндеттерді атап көрсетті.
Қазіргі күні департаментте Мемлекет басшысының полиция қызметкерлерінің алдына қойған тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде нақты жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, қызмет сапасы мен кәсіби біліктілікті көтеруге, полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсартуға, заңдылықтардың сақталуына жауапкершілікті нығайтуға, полиция қызметкерлеріне деген халықтың сенімін арттыруға баса назар аударылуда.
Бір сөзбен айтқанда, ең басты мақсатымыз – кәсіби, тиімді, халықтың сеніміне ие жаңа форматтағы полиция қалыптастыру.
Полицияға қызметке тұрғысы келетін азаматтарға қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Полицейлерге қойылатын талаптар қашан да жоғары. Сондықтан кез келген адам полицияға қабылдана бермейді. Көбіне біздің салаға полиция мамандығын шынайы сүйетін азаматтар ғана келеді. Ал негізгі талаптар бойынша полиция қызметіне білімі орта немесе жоғары, денсаулығы мықты, Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматтар қабылданады. Бұған қоса, ішкі істер органдарына қабылданатын кандидаттың кәсіби біліктілігіне, физикалық даярлығы, төтенше жағдайлардағы моральдық-психологиялық тұрақтылығына баса көңіл бөлінеді.
Ішкі істер органдарына қызметке орналасу кезінде үміткерлер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалау және заңнамаларды білу бойынша тестілеуден өтулері шарт.
Заңгерлік білімі бар үміткерлер қызметке қабылданғаннан кейін олардың мамандық бағыттарына қарай 3-6 айлық бастапқы оқу курстарына жіберіледі.
Биыл көлік полициясына қанша адам қабылданды?
– Жыл басынан бері қызметке сапалы іріктеу жүргізу мақсатында бақылаушылардың қатысуымен ваканттық орындарға 5 рет конкурс өткізілді. Жаңартылған конкурс ережесі бойынша 100-ге жуық үміткер қатысты. Конкурс нәтижелері бойынша 30 лауазым бойынша үміткерлерге тағылымдамадан өту бекітілді. Есепті кезең ішінде департамент бойынша 180 адам қабылданды.
Жас мамандар тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінуде?
– ІІО-да әрбір жас маманды практикалық жұмыстарға бейімдеу үшін оларға тәжірибелі тәлімгер бекітіліп беріледі. Қазіргі таңда департаментте жас мамандар мен олардың тәлімгерлерінің слетін өткізу тамаша дәстүрге айналған. Мұндай шаралар жас қызметкерлерге көлік полициясының бүгіні мен өткен тарихын білуге және осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген, нағыз кәсіби мамандардан пайдалы кеңестер алуға зор мүмкіндік береді.
Жас мамандардың кәсіби-адамгершілік тәрбиесін көтеруде, әсіресе, сала ардагерлерінің қосып отырған үлестерінің орасан екендігін айрықша айтқым келеді.
Полковник мырза, жеке құрам арасындағы қызметтік тәртіп пен жауынгерлік-қызметтік даярлықтың деңгейі туралы не айтар едіңіз?
– Департамент басшылығы жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыстарды үнемі басты назарда ұстайды. Заңсыз әрекеттерге жол берген қызметкерлердің құқық бұзушылығы дәлелденсе, олар ішкі істер органдарынан шығарылады, ал олардың басшыларына түрлі тәртіптік шаралар қолданылып, тіпті кейде атқарып отырған лауазымдарынан босатуға дейінгі тәртіптік жазалар тағайындалады.
Қызмет бабында күн сайын түрлі құқық бұзушылармен, тіпті кейде қандықол қылмыскерлермен бетпе-бет келетін полицейлер қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін шебер меңгеруі, кез келген атыс қаруларынан дәл ата білуі тиіс. Сондықтан департамент қызметкерлерінің физикалық және атыс жаттығуларына, арнайы тактикалық даярлықтарын ұйымдастыруға, олардың құқықтық білімдерін жетілдіруге және тиімді әрекеттер бойынша оқытуға, оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде арнайы операцияларды жүргізу шарттарын үйретуге ерекше көңіл бөлінеді. 2016 жылғы тамызда ІІМ құрылымында, соған сәйкес Көліктегі ПД-де арнайы даярлық бөліністері құрылды. Бұл полицейлердің жедел-қызметтік міндетке бейімделу үшін кәсіби даярлықтарын ұдайы жетілдіріп отыруға септігін тигізуде.
Көлік полициясы қызметкерлерінің арасында үлкен спорттық, басқа да мәдени шараларда дарабоз атанғандар бар ма?
– Департамент қызметкерлері өздерінің мықты спорттық даярлықтарының арқасында қазақ күресі, самбо, дзюдо, қоян-қолтық ұрыс бойынша өтетін дүбірлі жарыстарда жалпыкомандалық есепте жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Таяуда ғана біздің полиция қызметкері Азамат Жамағатов Петропавл қаласында өткен қазақ күресінен ведомствоаралық спартакиадада 1-орынға ие болды. Бұдан бұрын, полиция подполковнигі Талғат Қожабаев АҚШ-та өткен «Полицейлер арасындағы бүкіләлемдік чемпионатта» грэпплингтен ІІ орынды жеңіп алып, күміс медальды, дзюдо бойынша ІІІ орынды жеңіп, қола медальды еншілеген-ді. Ол халықаралық деңгейдегі спорт шебері, күштік құрылымдар арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, қазақ күресі, дзюдо, самбо бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы.
Біздің қызметкерлеріміз өнерден де құралақан емес. Айдын Чайков, Айдос Қожахметов сияқты өнерлі жігіттеріміз көптеген өнер сайыстарына қатысып, департаменттің мерейін үстем етіп жүр.
30 тамыз – Конституция күні. Олай болса, газет оқырмандарына айтар ақжарма тілегіңіз.
– Бейбiтшiлік пен тұрақтылықтың, азаматтарымыздың бостандығы мен қауіпсіздігінің кепiлi болған Тәуелсіз еліміздің басты құжаты – Ата Заңдымыздың мерекесі құтты болсын! Ұлық мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, әр отбасына бақ-береке тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Л. НҰРМҰҚАН

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*