Тыйым салынған зат тәркіленді

Бас бостандығынан айырылғандарға тыйым салынған заттарды жеткізуде қолданылмайтын қулық жоқ десе де болады. Әсіресе, ұялы телефондар мен олардың карталарын азық-түліктердің ішіне тығып әкелу жиі кездеседі. Сондықтан да бақылаушылар сотталғандарға әкелетін тамақтарды өте мұқият тексереді.

Осындай қырағылықтың арқасында жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 тергеу изоляторының қабылдау-тапсыру бөлмесінде әртүрлі маркадағы 3 телефон анықталды. Н. атты әйелдің шошқа майының ішіне тығып әкелген «ұялы сәлемдемесін» тәркілеген тергеу изоляторының қызметкерлері іле-шала тағы да бір осындай оқиғаның жолын кесті. Сотталғанның анасы бұл жолы ұялы телефонды кәдімгі тәтті чак-чактың ішіне тығып әкеліпті.
Әртүрлі жолмен тыйым салынған заттарды түзеу мекемесінің аумағына кіргізбек болатындардың негізгі сылтауы – «сотталғандардың достары беріп жіберген еді, мен оның ішінде не барын білмедім» деген жаттанды сылтау болып келеді.
Тергеу изоляторында жатқандардың жақын-туыстарына келушілерді тексермес бұрын тыйым салынған заттарды өткізуге қатысты жасалған әрекеттер үшін де жаза бар екені түсіндіріледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы 1-бөлігінде көзделгендей, Қылмыстық атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселерді жете тексеруден жасырып беру немесе кез келген тәсiлмен беруге әрекеттену – әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болып табылған зат тәркiлене отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады. Бұл туралы мекеменің қабылдау-тапсыру бөлмесінде тайға таңба басқандай етіп жазулы тұр.
Алайда, осындай ескертулерге қарамастан сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге тырысқан адамдарға қатысты хаттама толтырылып, материалдар Алматы қаласының әкімшілік сотына жолданды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА
Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*