Тәртіп жоқ жерде талап дәрменсіз

Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәртіп жоқ жерде талап дәрменсіз, тәртіп бар жерде тазалық бар. Тәртіп пен билік жоқ жерде проблема шешілмейді. Өзекті мәселелермен айналысу шетке ысырылады», – деген болатын.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дамыған қоғам тәртіптен, ұқыпты ауладан, таза көшелерден және мейірімді адамдардан басталады. Біз тіпті ең шағын құқық бұзушылықтарға төзбеуіміз керек, бұзақылық, мәдениеттіліктің болмауы, қоғамдық тәртіпті бұзып, өмір сүру сапасын төмендетеді. Тәртіпсіздік пен жазасыз қалу сезімін одан да елеулі қылмыстарға итермелейді. Ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік ахуалы – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, қылмысқа қарсы күресте маңызды қадам», – деп көрсетілген.
Жақында «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» қағидатын білдіру, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жазадан құтылмаушылық қағидатын көрсету, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, әкімшілік және қылмыстық заңнаманың нормаларын түсіндіру мақсатында Көліктегі ПД қарасты Нұр-Сұлтан стансасындағы Желілік полиция басқармасының бастамасымен және Ақмола көлік прокуратурасының, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көлiктiк бақылау инспекциясының, сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК АО өкілдерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласы темір жол бекетінің ішкі ғимаратында «Вокзалда қабылдау» республикалық акциясы өтті. Осы орайда аталмыш шараның куәсі бола отырып, біз де бөлім басқармасы, бөлімше бастықтарымен әңгіме өрбітіп қайтқан едік.
Ең алдымен, Нұр-Сұлтан қаласы темір жол вокзалындағы Желілік полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Руслан Әбілевті сөзге тартқанымызда:
– Дәл осынау акция барысында азаматтарға әкімшілік және қылмыстық заңнамаларының негізгі нормалары туралы ұғындырумен қатар, полиция қатарына жастарды тарту бойынша да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ІІО-ға қызметке тұрғысы келетін үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары кеңінен түсіндірдік. Жастар қызығушылық танытып жатыр. Халық арасында «полиция – халықтың қорғаушысы» деген ұғымды қалыптастыру үшін біз әрқашан да аянбай тер төгуге тиіспіз, – дей келе, олардың атқарып жатқан жұмыстары жайындағы ақпаратқа да қанықтық.
Ол туралы Руслан Қайроллаұлы:
– Елордадағы темір жол вокзалына келіп-кететін азаматтар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Желілік полиция бөлімшесінде 29 қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, бізде 5 адамнан тұратын Әскерилендірілген темір жол күзеті қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қол ұшын созысып, күнделікті тәуліктік күзетшілік міндеттерін атқарады. Вокзалға келетін барлық азаматтар вокзалға кіре-берістегі 8 пунктте тексеруден өтеді. Темір жол вокзалы аумағында полиция қызметкерлері үшін таптырмас көмек құралы болып саналатын, бір сәт те қалғымай онлайн режимде жұмыс істеп тұрған 245 бейнекамера орнатылған. Оны кезекшілікпен кірпік қақпай бақылаймыз. Вокзал төңірегінде қандай да бір құқық бүзушылық орын алып жатса, дереу хабарлай қоямыз, – деп бізбен емін-еркін шүйіркелесе кетті. Мұндай ашықтық, жоғары мәдениеттілік олар үшін, әсіресе, халықпен оңтайлы жұмыс істеуде керекті қасиеттердің бірі болса керек.
Ендігі кезекте аталмыш акцияда халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отырған Нұр-Сұлтан стансасындағы ЖПБ Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Қилыбаевтың бір сәтке қолы қалт еткенін дереу пайдалана қойып, қоғамдық тәртіп хақында білгіміз келіп, оған қанағаттанарлық жауап та алып үлгердік.
Абай Сембайұлының сөзінен түсінгеніміз, Әкімшілік кодекстің 449-бабында жазылғанындай, егер де қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адамдар жасаған болса, сондай-ақ, жол жиектерінде, вокзал маңында отырып алып бал ашу, тіленшілік, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не одан өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру, азаматтарды әурелеу – жеке тұлғаларға ескерту алуына немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (12 625 теңге) айыппұл төлеуіне әкеп соғады. Ал осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттердің жауапкершілігі екі есе жоғарылайды. Яғни он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға тура келеді. Ал мұндай жүгенсіздіктерге шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар баратын болса, олар да өз кезегінде 5 АЕК не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамақа алынады, тіпті болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен біржолата шығарылады.
Абай Сембайұлы:
– Елбасының: «Біз деструктивті әлеуметтік қылықты жұмысқа тұру мүмкіндігімен байланыстыруымыз қажет. Біз қоғамдық орындарда бұзақылық мінез-құлқы үшін жазалау шараларын енгізуіміз керек, ол міндетті түрде жеке істерде, түйіндемелерде көрініс табуы тиіс және жұмысқа қабылдау және мансаптық саты бойынша жылжу кезінде ескерілуі тиіс, ол қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс», – деп айтқан сөзінің жаны бар. Яғни, мүлдем төзбеушіліктің негізгі рөлі – қоғамды жандандыру, елдің әрбір азаматы кез келген құқық бұзушылықты байқап, бейжай қалмауы тиіс, ол туралы арнайы қызметтерге хабарлап айтуы керек. Мұндай үрдіс дамыған, озық елдердің бәрінде бар. Тіпті көзімен көріп тұрмаса да, қабырғаның ар жағында көрші үйден тарс еткен дыбыс шықса да, шу шықса да дереу полицияға хабарласады.
Ал бізде қалай, керісінше, астыңғы қабатта әйел адам мас күйеуінен өлімші болып таяқ жеп ойбайлап жатса да, мән бермейміз. Ал мұның соңы біреуге орны толмас өкініш әкелуі мүмкін екенін жан-тәнімізбен сезіне отырып, қоғамдық тәртіпті тек құқық қорғау органдарына итере салмай, өзіміз де атсалысуымыз қажет. Әрбір азамат елдегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін жауапты болуы тиіс. Әркім тәртіпсіздіктің кез келген көріністерінің жолын кесу керек. Бұлай істеу – азаматтарымыздың құқықтық мәдениетінің жарқын бейнесін қалыптастырады, – дейді.
Осылайша, бейбіт күннің сақшыларының бір күндік жұмысының тыныс-тіршілігімен танысып, осындай өз ісіне мығым азаматтарымыздың барында қоғамдық тәртіптің бұзылмайтынына тағы бір көзіміз жетіп қайттық.
Айта кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері қызмет көрсету учаскесі бойынша әкімшілік жауапкершілікке 3174 құқық бұзушыны тартты, оның ішінде: ӘҚБК 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) 85 құқық бұзушы жазаланды. ӘҚБК 440-бабы 1-бөлімі бойынша (спирттік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орында мас күйде жүру) 349 адам, ӘҚБК 449-бабы бойынша (қоғамдық орындарда тұру) 108 адам, ӘҚБК 441-б. 1-б. Бойынша (жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзу) 271 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ӘҚБК 204-бабы бойынша (белгіленбеген орындарда сауда жасау) – 35, ӘҚБК 442-бабы 2-бөлігі (кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз болуы) бойынша 16 азамат заң алдында жазасын алды. ӘҚБК 517-бабы бойынша (шетелдіктердің ҚР-да болу ережесін бұзу) 171 шетелдік азамат, ӘҚБК 559-бабының 5-бөлігі бойынша (белгіленбеген жерлерде т/ж жолын кесіп өту) 1753 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, Суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*