Отставкадағы полиция полковнигі Ермахан БЕКМАҒАМБЕТОВ: Заңгерлік – құқық үшін күрес

Еліміздің тыныштығын сақтауға өз үлесін қосқан, бір басына ер-азаматқа лайықты қасиеттерді тоғыстырған, адал дос, сүйікті жар, ардақты әкенің өмірі мен қызмет жолы бізге үлгі. Газетіміздің бүгінгі санында Астана қаласы, Сарыарқа ауданының Полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған, отставкадағы полиция полковнигі Ермахан Бекмағамбетов жайында сөз қозғауды жөн санадық.
Сыны қатал салада абырой биігінен төмен түспеген азамат ақтарыла сыр шертті. Ішкі істер органдарындағы қызметіне бар күш-жігері, білім-біліктілігі мен асыл уақытын берген полковникпен өзінің жеке нотариалдық кеңсесінде кездестік. Ермахан Алдашұлы жаны қалап таңдаған қызметі жайлы ашыла сөйледі.
Ол жиырма жыл Ішкі істер департаментінде еңбек етіп, зейнетке шыққан. 1965 жылы Қызылорда қаласында кіндік қаны тамған Е. Бекмағамбетов әуелі сол қаладағы орта мектепті, кейін Қызылорда қаласының политехникумын бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын жетілдіру үшін Ресейдің Тверь қаласында политехникалық иститутын тәмамдайды. Құрылысшы-инженер мамандығын алып шыққан жас жігіт, туған жері Қызылорда қаласына зәулім ғимараттар мен үйлер салуды алдына мақсат етеді. Оқуды жақсы бағамен бітірген Ермахан жұмысқа кіріспес бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге Германия еліне аттанады. Ол әскер қатырында жүріп көп нәрсені үйренді. Жас инженер жігіттің алдына қойған мақсаты да көбейді. Өзге мемлекетте жүріп, туған жерін сағынған сарбаз еліне оралып, Отанын, елін, жерін қорғау мақсатында еңбек етуге бел буады.
Борышын өтеп, туған жері Қызылордаға оралысымен Ермахан құжаттарын Өрт сөндіру басқармасына тапсырады. Ол жерде біраз уақыт инженер болып жұмыс істейді. «Өрт – тілсіз жау. Оттан жылына қаншама адам жапа шегеді десеңізші?! Ал өрт сөндіру қызметінің мамандары оқиға орнына дер кезінде жетсе, талай адамның өмірі сақталып, біраз дүние-мүліктің аман қалары сөзсіз. Бұл салада қызмет ететін жасақтар төтенше оқиға орын алған жерге қарай атқа қонған кезде өздерінің жанын шүберекке түйіп шығады десек, асыра айтқандық емес. Олар – аталмыш мамандықты саналы түрде таңдай отырып, адамдарға қызмет етуді мақсат тұтқандар», – деді Ермахан Алдашұлы.
Ол өрт сөндірушілер қатарында 4 жылға жуық еңбек етті. Осы жылдар ішінде оның бойында өз міндетін атқару үшін сергек оянатын, жүре киінетін, тамақты тұрып ішетін мінез-құлық қалыптасты. Бұл – әрбір өрт сөндірушіге тән қасиет. Осындай қасиетті бойына жинаған Ермахан өрт сөндіру көлігі мен құралдарының бұзылуына жол бермей, ұқыптылықпен қарап отырды.
Өзінің жұмысына тиянақты, еңбекқор жігіт басшылықтың көзіне бірден түсті. Сөйтіп, жас маманды Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасына инспектор қызметіне шақырды. Бірақ, ол азаматтық қорғау саласынан инспектор қызметіне ауысу үшін көп ойланды. Алғаш еңбек кітапшасын ашқан өрт сөндіру басқармасының ұжымынан жыраққа кету қиынға соқты. Десек те, өмір бір арнада тұра бермесі анық. Қызығы мен қиындығы мол шен таққан полиция қызметіне ауысуға шешім қабылдады.
Ермаханның алға қойған мақсаты – еліміздің тыныштығын қорғау үшін аянбай еңбек ету еді. Инспектор қызметіне орналасқан Ермахан 1999 жылы заңгер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірді. «Мен алғаш Ішкі істер басқармасына инспектор қызметіне орналасқанда қатты жүрексінгенім рас. Бірақ, бұл жұмысқа да, ұжымға да тез үйреніп кеттім. Менің тынбай жасаған еңбегімді ескерген басшылық көп ұзамай аға инспектор қызметіне тағайындады. Әрине, қызметкерлеріне әділ баға берген басшылыққа алғысым шексіз», – деді полиция полковнигі.
Міне, осы кезден бастап Ермахан Алдашұлының қызметі де өсе берді. Тыным таппай еңбек етіп, өзінің жұмысына жанын берген жанды әртүрлі қызметке шақырушылар да көп болды. 1997 жылы полиция полковнигі Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Содан кейін көп ұзамай Қызылорда қаласының Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жіберілді. Ал 2004 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және кадр жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Білікті маманды бір жылдан кейін-ақ қайтадан Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне шақырылады.
Өзіне жүктелген міндетті қалтықсыз атқарған қызметкер Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Содан кейін 2008 жылы Астана қаласы, Сарыарқа аудандық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2010 жылы Астана қаласы, Ішкі істер департаментінің айрықша маңызды істер бойынша аға инспекторы жұмысын істеді. Өзіне сеніп тапсырылған ішкі істер органдарында 20 жыл абыроймен еңбек етті.
Ол ішкі істер органдарының жауапты әрі ауқымды саласын басқарды. Сонымен қатар, жеке құрамды ұйымдастыру, тәжірибелік іс-шараларын жүргізу және жас мамандардың қызметтік тәртібін қадағалауды тұрақты жүргізіп отырды. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында үнемі құқықтық тәрбие жұмыстарын да ұйымдастырып тұрды. Сондай-ақ, Ермахан өзі еңбек еткен ішкі істер органдары қызметкерлері арасында заңдылықты, тәртіпті бұзуға жол бермеуге бағытталған арнайы тәрбие сағаттарын да жүргізіп тұрды. Онда полиция қызметкерлері қатарында қандай да жағымсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттілігінің маңыздылығы, сондай-ақ, әрбір қызметкерге жүктелген жауапкершілік пен міндеттің аса маңызды екенін түсіндіріп, олармен жеке-жеке кеңестер де жүргізді.
Ермахан Алдашұлы өзі басшылық жасап жүргенде көптеген жас мамандарды үйретіп, олардың адал еңбек етуіне ықпал жасады. Оның қанатының астында тәрбие алған қызметкерлер бүгінгі таңда полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Өзінің ұстазы әрі өмірдегі досына айналған тәлімгері жайында Берікбол Қуанышұлы былай деп сыр шертті: «Мен Қызылорда облысының Ішкі істер департаментіне алғаш жұмысқа орналасқан кезде Ермахан ағаны көрдім. Ол кісі мен секілді жас мамандарға қызмет бабын асықпай түсіндірді. Көкейімде жүрген сұрақтардың бәріне де жауап алдым. Сол кезден бастап, ағамызға қарап бой түзей бастадым. Жұмыста кездесіп қалғанда үнемі біздің жағдайымызды сұрап, жылы қабақ танытып жүрді. Ермахан аға мен қызметтік достығымыз, өмірде шынайы достыққа ұласты. Қазіргі таңда біз отбасымызбен бірге араласып тұрамыз. Осындай жаны жайсаң ағаларымның барына қуаныштымын. Ермахан Алдашұлының кеңесінің арқасында көптеген жетістікке жеттім», – деді.
Ермахан Алдашұлы өзінің атқарған еңбек жолын еске түсіргенде, естеліктер оны жігерлендіре түскендей болды. «Қызмет бабымда маған жүктелген міндетке тоқталар болсам, ішкі істер органдарына жаңа жұмысқа қабылданған қызметкерлерді тәрбиелеу мен үшін үлкен ғанибет еді. Құқықтық мемлекет болу бағытын ұстанып, өркениетке бет бұрған егемен елімізде азаматтардың конституциялық құқығын, заңды мүдделерін қорғау, ар-ожданның қорлануына жол бермеу бірінші кезекте қойылған. Сол саясаттың дәйектілікпен жүзеге асуына үлес қосу – әрбір құқық қорғау қызметкерінің абройлы борышы. Әрине, ол деңгейден көріну оп-оңай шаруа емес. Үлкен парасаттылықты қажет етеді, жауапкершілік жүгін жете сезіне білу керек», – деп ағынан жарылды.
Зейнет демалысына шыққан ардагеріміз заң саласынан алыстамады. Қазіргі таңда жеке нотариалдық кеңсе ашып, халыққа қызмет көрсетуде. «Әрине, көп адамдардың заңгер болуға деген құштарлығы бекер емес. Заңгер мамандығы пайда болған қиындықты шешуге бағытталады. Заңгер әділетсіздіктің құрбаны болған тұлғаға, қылмыстан зардап шеккен жәбірленушінің өз құқықтарын қалпына келтіруге, оларды қорғауға, заңсыз жұмыстан шығарылған адамның қайта жұмысына тұруына, даулы мүліктік және тұрғын үй сұрақтарын шешуге көмек береді. Заңгер жұмысы – құқық үшін күрес, ол күрес заңгерлерге үлкен рухани ләззат сыйлайды. Зейнетке шықсам да, халыққа қызмет көрсетіп келе жатқаныма қуанамын», – деді Ермаған Алдашұлы.
Бүгінде елуден асып, ел ағасы атанып отырған кейіпкеріміз жұбайы екеуі бес перзентті тәрбиелеп өсіріп келеді. Оның кенже ұлы «Өскенде әкем секілді полиция қызметкері боламын» деп алдына мақсат қойып келеді. Арманшыл бала әкесінің киімін киіп алып, өзін тура бір полиция қызметкеріндей ұстайтын көрінеді.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*