Ауғандық ардагердің айтары мол

Мәлік Сұлтанғалиев – Орал қаласы Полиция басқармасы Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгер және ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Таяуда ол Орал қаласы ПБ-да ұйымдастырылған «Ардагерлерге құрмет – ерлікке тағзым» атты кездесу сағатына ұлын ерте келді. Ішкі істер органдарына қызметке қабылданған жас қызметкерлерге өмір жолдары туралы әңгімелеп, жастарды ауызбіршілік пен ұйымшылдыққа, адал әрі мінсіз қызмет атқаруға шақырды.
Мәлік Сәрсенбайұлы 1960 жылдың 17 шілдесінде Тайпақ ауданына қарасты Есенсай ауылында дүниеге келген екен. Қазан төңкерісінің 40 жылдығы атындағы орта мектепті 1977 жылы аяқтап, Чапаев қаласындағы автомектепке курсқа қабылданыпты. Осында жүргізуші мамандығын игеріп, еңбекке ерте араласқан.
Жаймашуақ күндердің бірінде қылшылдаған жас жігітті әскерге шақырады. 1979 жылдың 9 мамырында Ақжайық аудандық әскери комиссариатынан 60 жігіт әскерге аттанып, Украинаның Харьков қаласына түскен. Одан әрі Белый Церковь қаласына барып, жаяу әскерлер қатарында азаматтық борышын атқарған. 1980 жылдың наурыз айында 60 жігіт арнайы тапсырмалармен Ауғанстан жеріне жіберілген. Сол 60 адамның тізімінде кейіпкеріміз де бар еді. Таулы-қатпарлы Ауғанстанның Пулихмури провинциясында далалық палаткада тұрып, тау арасында болған. Далалық почтамен ауылдағы ағайындарға хат жазып, амандығын жіберіп отырған. Өзімен әскерге қатар аттанған Чапаев ауданынан Серік Рысқалиев, Теректі ауданынан Николай Федосенко деген екі азаматпен қатар жүрген. Ауған жерінде тұтқиылдан болатын төтенше жағдайларға алдын ала дайындалу, терең окоптар қазу, танк қасында түнімен көз ілмей тыныштықты қадағалау, ауысыммен күзетте тұру, айналаны барлау, тау ішімен жасырын барлауға шығу сынды тапсырмаларды мінсіз атқарған.
«Төңірек ашық дала, күн ми қайнататындай ыстық, бос топырақ желмен көтеріліп ауада ұшып, аузыңа келіп құйылады. Жергілікті тұрғындармен араластырмайды, сөйлесуге қатаң тыйым салынды. Мен ол кезде «КамАЗ» сынды ауыр жүк көліктерін айдадым. Бір күні провинция ішінде кездескен түрі орыс сияқты азаматшамен тілдесіп, ұлтының украин екенін білдім. Жолдасы ауғандық болғандықтан, осы елде тұрып жатқанын айтты», – деп есіне алды сөз арасында.
Бала күннен сурет салуға қабілетті кейіпкеріміз әскер қатарында суреттер салу, плакаттарды сәндеу сынды бейнелеу өнеріне қатысты жұмыстарды бір өзі дөңгелетіп тындырып отырған.
– Күні бойы иығымызда салмағы әжептәуір автомат. Түнде де соны құшақтап ұйықтаймыз. Теледидар мүлдем жоқ, жаңалықтарды радиодан ғана естиміз. Екі үлкен далалық палаткада тұрдық. Әскери-далалық асүй болды. Раздаткамен тасып тамақ үлестіреді. Санаулы минутта ауқаттанып, тез жиналып, үлгеруің қажет, – дейді ардагер.
Ауыр жүк көлігін тізгіндеген Мәлік Сәрсенбайұлы оқ-дәрі қару-жарақтар тиелген көлікті Кабул қаласына жеткізген. Тау үңгірлерінен машинамен өтіп, құздан құламай межелі нүктеге аман жетіп отырған. Сол кезде Орал қаласынан ауған жеріне бірге аттанған Алексей Дербицкий есімді көлік жүргізушісінің қару-жарақ, снаряд, оқ-дәрілер тиелген ауыр жүк көлігімен биік құздан құлап, көлігі жарылып, өзі мерт болғанын, осы оқиғаны өз көзімен көргенін қинала әңгімелеп берді.
1981 жылдың шілде айында қасындағы жерлес әріптесі, Чапаев ауданының тумасы Серік Рысқалиев екеуі Өзбекстан Республикасының Термес қаласына, Кашкиндаринский ауданына, кейін Алматы қаласына келген. Алматы қаласына жеткенде өзі туып-өскен ауылының төбесі мен түтіні көрінгендей болған. Бір жыл бес ай азаматтық борышын атқарып, ауылына оралған Мәлік Сәрсенбайұлы қазіргі Гагарин кинотеатры артындағы өрт сөндіру бөліміне қызметке қабылданған.
Өрт сөндіру бөлімінің күзетінде бір жыл қызмет атқарған жас қызметкерді басшылығы Шымкент қаласындағы оқу орнына біліктілігін жоғарылату мақсатымен жолдайды. Шырайлы Шымкентте екі жыл оқып, 1984 жылы оқуын аяқтаған жас маманды Ақжайық аудандық Ішкі істер бөліміне жаңа лауазымға қызметке шақырған. Сол кездегі Ақжайық аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Қадырбай Ақыбаевтың қолдауымен ауданда 5 жыл қызметін мінсіз атқарып, колония бойынша сотталған тұлғалармен жұмыс істеген. Мәлік Сәрсенбайұлының милициядағы еңбек жолы Тайпақ аудандық Ішкі істер бөлімінде жалғасып, Өлеңті ауылының учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалады. Өлеңті ауылында 8 жыл қызметін атқарды.
Мәлік аға учаскелік полиция инспекторы қызметінде орын алған қыз балаға зәбір көрсету фактісін жеке өзі іздеп ашып, аудандық Ішкі істер бөлімі басшылығы атынан алғыс хаттармен марапатталған. Жас қыз қорлыққа жол берген жігіттің бір саусағын жанталасқанда қырқып тістеп алғанын айтқан. 2-3 күннен соң ауыл кафесінен бір саусағын бинтпен байлап алған жігітті байқайды. Сөзге тартып сұрастырып неде болса күдікті кісі осы деп ойлайды. Расын да қызды жәбірлеген сол жігіт болып шығады. Нақты дәлелдер табылып, бұлтартпас айғақтар арқылы іс оң шешімін тапқан. Жас қызға зәбір көрсеткен ауылдың тентегі 5 жылға сотталып кете барған.
М. Сұлтанғалиевтің ішкі істер саласындағы мінсіз қызметі мен кәсіби шеберлігі, қырағылығы еленіп, екі жыл Теректі аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Қиындығы мен жауапкершілігі мол, уақытпен санаспайтын осы салада 26 жыл 6 ай үзбей қызмет сапынан табыла білген ол Ақжайық ауылдық бөлімінен 1997 жылы капитан шенімен зейнет демалысына шыққан.
Ауған соғысының интернационалист-жауынгері, ішкі істер органдарының ардагері зор құрметке ие тұлға. Қала мектептерінде ұйымдастырылатын барлық мәдени көпшілік іс-шараларға барып қатысады. Жас буынға ақылын айтып, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Ардагерлер қатарында болса да, еңбектен бір күн қол үзбеген жан. Қазірдің өзінде Орал қаласындағы бір мекемеде еңбек етіп, қоғаммен байлынысып өмір сүруде.
Жолдасы Бибігүл Сұлтанғалиева екеуі бала-шаға өсіріп, барлық жиып-тергендерін балаларының бақытына, болашағына дарытуды ойлайды.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*