Елінің мақтанышы, халқының қорғаны

Бұл мақала Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Полиция бөлімінің тергеушісі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция лейтенанты Эльмира Әжібектің өмірі мен жетістіктеріне арналып отыр.
Іс тетігін кадр шешеді
Ішкі істер органдары заман талабына қарай жаңғыртылу үстінде. Осы мақсатта ішкі істер органдарын жаңғыртуға арналған 9 тараудан тұратын жол картасының 1-тарауы ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландыруға, 3-тарауы кадрларды іріктеу мен даярлауға арналған. Осы талапқа сай кез келген адам полиция қатарына кіре алмайды, оған арнайы мамандығы бар, дене тұрқы жағынан шыңдалған, шымыр да қайратты жастарға басымдық беріледі.
Біз баяндағалы отырған бүгінгі кейіпкеріміз, каратэ спортынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция лейтенанты Эльмира Бақытқызының басқаларға үлгі боларлық қайсарлығы мен қайратына, ерік-жігеріне арналып отыр. Реформада полиция жұмысының ең маңызды деген бағыттарына білікті жас кадрларды тартуға ерекше мән берілген. Сондай кадрлардың бірі – Эльмира Әжібек. Спорттағы жетістіктері – оның еңбекқорлығы мен қайраттылығының жемісі.
Эльмира Бақытқызы 1999 жылы Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Жетісай қаласында дүниеге келген. Жетісай өңірі – өнері дамыған, еңбекпен гүлденген, ұлттық қаймағы бұзылмаған, рухани дамыған, берекелі аймақ. Міне, осы қалада болашақ қайсар қыз Қожановтардың қарапайым отбасында дүниеге келді. Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген, сауатты жаза біледі.
Кейіпкеріміз Жетісай қаласындағы Максим Горький атындағы №1 мектеп-гимназияның 1-сыныбына барып, 2015 жылы аталған мектепті ойдағыдай тәмамдады. Ол жастайынан-ақ Әлия, Мәншүк апалары сияқты батыр болуды, қыздардан шыққан әлемге танымал спортшы Әлия Юсупова сияқты спортшы болуды армандап, 2008 жылы 3-сыныпта жүргенде Жетісайдағы спорт мектебінің каратэ-до шотакан спорттық үйірмесіне барып, 2015 жылға дейін 7 жыл бойы үзбей қатысып, тер төкті, қиындыққа мойымай жаттықты.
Тынымсыз жаттығу, теккен төр заяға кеткен жоқ. Тұлымы желбіреген жас қыз шынығып, туған еліне ғана емес, әлемге таныла бастады. Жеті дүркін каратэ-до шотаканнан өз салмағы бойынша Қазақстанның алтын жүлдегері атанды. 2009 жылы Украина астанасы Киевте өткен әлем кубогы жолындағы жарыста күміс жүлдегер атанып, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді. 2012 жылы Австралияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2013 жылы Киевте өткен Әлем кубогы жолындағы жарыста алтыннан алқа тағып, еліміздің жалауын желбіретіп, әнұранын ойнатып, туған елінің мәртебесін асқақтатты.
Елін сүйіп қана қоймай, оның мәртебесін асыруға бар ерік-жігерін салып, патриоттығын ісімен де дәлелдеген жап-жас қыз баланың өнегелі жетістігі қатарластары мен кейінгілерге үлгі боларлық. Боксшы Назым Қызайбай мен зілтемірші Жазира Жаппарқұловадай ел мерейін асқақтата бер, тіл мен сұқтан аман бол дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Мамандыққа талпыныс, қызметке қадам
Сынаптай сырғыған уақыт мектептегі ақ бантик таққан балалық шақпен де қоштасар шаққа қадам бастырып, болашақ мамандығын таңдар кезеңге де әп-сәтте жеткізді. Елін әлемге танытқан батыр қызды Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы құшақ жая қарсы алды. Өйткені, оқу орнының абыройын көтерер курсант Академияға да ауадай қажет еді. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар», – деген нақыл осындайда айтылса керек.
Спортта шыныққан еңбекқор қызға Академиядағы теория мен тәжірибесі қатар жүретін әскери оқу да қиындық тудырған жоқ. Ұстаздардың тапсырмаларын, ақыл-кеңестерін мұқият тыңдап, зердесіне құя білді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», – деп хәкім Абай айтқандай, тәжірибесі бар, өмірдің ащы-тұщысы мен полиция қызметінің майталмандары – аға ұрпақтың тәлімгерлігін алып, тәрбиесін бойына сіңірді.
2019 жылдың маусым айының 14-інде Түркістан облысы, Мақтарал ауданы Полиция бөлімінің тергеушісі лауазымына полиция лейтенанты шенімен тағайындалды. Қазір басшылар тапсырмасын мұқият орындап, тәлімгерлер кеңесін жадына тоқып, атқарып жүрген қызметінің қыр-сырын үйрену үстінде. Қазақта «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген қанатты сөз бар. Жас маманға қойылар талап та жоғары, соның үдесінен шыға біліп, әріптестерін жерге қаратпай, полиция бөлімінің абыройын арттыру – басты мақсатым деп санайды.

Отбасында алған өнеге
Нәзік жанды шенді ару Бақыт және Гүлзәуре Қожановтардың көпбалалы отбасында Алла берген 5 баланың бірі болып өсті. Әкесі Бақыт Әжібекұлы жоғары білімді кәсіпкер, анасы Гүлзәуре Темірбекқызы отағасы мен 5 перзентінің қас-қабағына қарап отырған үй шаруасындағы ана. Әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеулері бойынша, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өскен ұрпақ кішіпейіл, көпшіл, мейірімді болып келеді екен. Эльмира да осындай үлкен бауырларына қолқанат, кіші екі інісіне қамқор болып өсті. Спорттағы ел абыройын асырған жетістіктерімен ата-ананың ғана перзенті емес, ел перзенті дәрежесіне көтерілді, елінің мерейін асырды. Бұл төккен маңдай тердің, еңбекқорлықтың арқасы.
«Тал бесіктен, жер бесікке дейін білім ал» деген өсиетті сөзді жанына серік етіп жүрген, болашағынан зор үміт күттіретін тәртіп сақшысының алдағы қызметінде табысты болуын тілейміз.

Балтакесті ӨТЕБЕКОВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*