Кешегі батальон – бүгінгі бөлім

Жыл басында Алматы облысына қарасты Заречный кентінде Ұлттық ұланның жаңадан әскери бөлімі құрылған болатын. Негізі бұл бөлім – әскеріміздегі жетпіс жылдан астам тарихы бар ең байырғы бөліністерінің бірі – 7552 әскери бөлімінің бөлек тұрған 2-атқыштар батальоны еді. Қазіргі уақытта жеке құрамының саны полк деңгейіне жетіп қалып, дербес бөлім болып қайта құрылды.
3660 әскери бөлімнің нөмірі бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде еді. Бөлімнің Жауынгерлік Туы да Алматы өңіріне әкелініп, құжат айналымы, қызметтер мен бөлімшелердің жұмысы жаңа арнаға ауысты.
Әрине, жаңадан әскери бөлімнің құрылуы оңай жұмыс емес. Бұл жерде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығынан бастап, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылары мен лауазымдық тұлғаларының, 7552, 3660 әскери бөлімдер жеке құрамының орасан еңбегін атап өту керек. Заречныйдағы әскери бөлімнің аяғынан тұрып, өз алдына дербес бөлім болып қалыптасып кетуі үшін жергілікті атқарушы және өзара әрекеттестіктегі бірлесіп қызмет атқаратын органдармен құжаттарды заңдастыруда, шаруашылық мәселелерін шешуде көптеген келіссөздер жүргізілді. Әскер тарапынан мақсатты қаржылық қолдау болды, 3660 әскери бөлімнің құрылуына қатысы бар әрбір лауазымдық тұлға бұл іске жауапты қарады. Нәтижесінде, әскери бөлім өз жұмысын еш олқылықсыз бастап кетті. Биыл көктемде алғашқы жас толықтыруларын қабылдап, оқу пунктін жасақтады.
Заречный Алматының іргесінде орналасқанымен, табиғаты қаталдау: күні желкем, ыстық, кейде аңызақ желге ұласады, жері құмды, қыстыгүні қарып өтер аязы бар. 3660 әскери бөлім осы елді мекенде орналасқан үш бірдей түзеу мекемесін күзету, сотталғандарды қадағалып, бақылауда ұстау, қашуына жол бермеу сияқты бірқатар міндеттерді атқарады.
Сондай қызметтердің бірі – қарауыл қызметі. Қарауыл дегеніміз өзіне бекітілген нысанның күзеті мен қорғалуын, сонымен қатар, ұсталған, сотталған адамдарды күзету, айдауылдау бойынша жауынгерлік міндеттерді атқарады.
Біздің мақсатымыз – жауынгерлік қызметтің бел ортасында жүрген мамандарды әңгімеге тарту еді, сондықтан сөз кезегін кейіпкерлерімізге берейік.

Қарауыл бастығы – жауапты қызмет
Қарауыл бастығы, аға сержант Тимур АШИРОВ:
– Ұлттық ұланда қызмет етіп жатқаныма он төрт жыл болды. Осынша уақыт қарауыл қызметінде жүрмін. Қарауыл бастығының міндеті – өте жауапты іс. Кезекшілікке түскен ауысымда тәулік бойы түзеу мекемесін күзету қызметінің тәртібіне жауап береміз. Сақшылардың қызметі, тәрбиесі, тіпті олардың көңіл күйлері әрдайым қарауыл бастығының назарында.
Қарауылға жиырма адам түседі: оның алтауы – келісімшарт қызметіндегі әскери қызметші болса, он төрті – мерзімдік қызметтегі сарбаздар. Сарбаздар үлкен қызмет атқарады. Сақшы бекетінде үш сағаттан қарумен күзетте тұрады. Солардың қызметін бақылап тұрамыз, әрбір бекетте бейнекамералар бар. Байланысқа шығып, жағдайды сұрап тұрамыз. Сарбаздар өз қызметтерін сергек атқарады. 18-19 жастағы бозбалалардан нағыз сарбаздарды тәрбиелеп шығамыз.
Қарауыл бастығы сарбаздар үшін әрі психолог, әрі ақылшы бола білуі керек. Кейде аспаз да болып кетеміз, кейде ата-анасы сияқты да сөйлесуімізге тура келеді. Әрине, қызмет болған соң, тәртіп бірінші орында тұрады. Дегенмен, қарумен жауынгерлік қызмет атқаратын жеке құрамға ерекше назар аудару қажет екені даусыз.

Иттерді рациямен басқаруды үйрендік
Кинология қызметі мамандарының взвод командирі, аға лейтенант Егор АСТАХОВ:
– Пермь қаласындағы Ресей Федерациясы Ішкі әскерінің жоғары әскери институтын кинология бөліністерінің командирі мамандығы бойынша бітірдім. 3660 әскери бөлімге осы жылдың наурыз айында ауысып келдім.
Кинология қызметі мамандарының взводы түзеу мекемелерінің күзетін қамтамасыз етеді, яғни қарауыл бастықтарының кинология қызметі бойынша көмекшілері болып және көліктерді тексеру қызметіне түседі. Сонымен қатар, тінту шараларына қатысамыз, мысалы, жасырылған есірткі заттарын иттердің көмегі арқылы табамыз.
Әскери бөлімнің кинологиялық қалашығында қырықтан астам ит ұсталады. Иттерді пайдалану мақсатына қарай қарауыл қызметіндегі иттер, патрульдік-іздестіру қызметіндегі иттер, есірткі заттарын іздеуге қолданатын иттер деп бөлеміз. Сотталғандардың түзеу мекемесінен қашу жағдайы болса, қызметтік иттерді пайдалану оң нәтиже берері сөзсіз.
Иттерді үйрету, жаттықтыру жұмысымен үздіксіз айналысамыз. Ол үшін оқу-материалдық база, макеттер, құралдар, ауыспалы материалдық база толықтай бар. Итті рация арқылы басқару тәжірибесіне қол жеткіздік. Әзірге бір ит рациямен берілген пәрмендерді орындау дәрежесіне жетті. Мұндай тәжірибе әскерде қолданыла қойған жоқ.
Адамдарды, заттарды иісі арқылы табуға жаттықтырамыз. Иттің иіс сезу қабілеті өте дамыған, ол өте көп иістің ішінен іздеуге берілгенін тез табады. Мысалы, биыл жылдың басында түзеу мекемесіне азық-түлік таситын машинаны тексеру барысында, кинолог маман қызметтік итімен бірге көлікке жасырылған тыйым салынған біраз заттарды тауып алды.
Сондай-ақ, өзара әрекеттестікте бірлесіп қызмет атқаратын органдардың қызметкерлерінен де бізге өтініштер түсіп тұрады. ІІМ органдарының қызметкерлері ұрлық болған жерлерге шақырады, мысалы, жақында Қапшағай қаласынан ірі қара малдың ұрланғаны, күдіктілерді іздестіру ісіне көмек беру туралы бөлім командиріне өтініш түсті. Ізге түскен қызметтік итіміз екі жарым шақырым қашықтықтағы малдың сойылып, көлікке тиелген орнына алып барды. Әрі қарай ІІМ қызметкерлері көліктің дөңгелек ізі арқылы іздеу жұмыстарын жалғастырып кетті.

Міндетіміз – мекемелерді күзету
Әскери жасақ бастығы, кіші сержант Ерлан БОЗЕКЕНОВ:
– Мен мектеп бітірген соң, 2002-2003 жылдары Алматы қаласындағы Ішкі әскердің 5572 әскери бөлімінде мерзімдік әскери қызметімді өткердім. Әскерден кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімнің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып, 2012 жылы Ұлттық ұланға қайтып келдім. Содан бері 7552 әскери бөлімде бақылаушы, қарауыл бастығы қызметтерінде болып, қазіргі уақытта әскери жасақ бастығы лауазымында міндетімді атқарып жатырмын.
Біздің міндетіміз – сотталған адамдарды бақылау және қадағалау. Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің ішінде сотталған адамдардың әрбір іс-қимылын, күнделікті өмір тіршілігін қадағалап, бақылап жүреміз. Бақылаушылар саны өзімді қосқанда 11-12 адам мөлшерінде кезекшілікке түсеміз. Олардың қашуына, қылмыс жасауына, тәртіп бұзуына жол бермейміз. Қажет жағдайда қолымыздағы көзден жас ағызатын құрал, қол кісен және резеңке таяқтарды қолданамыз. Бірақ, ондай жағдайлар өте сирек болады.
Біздің қызметке келетін адам физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да дайын болуы тиіс. Қызмет барысында сотталған адамдардың арасында өзіңді сенімді ұстай білуің керек. Жалпы түзеу мекемесіндегілер ішкі тәртіпке бағынады, күн тәртібін сақтайды, егер заңға бағынбай жатса, арнайы шараларды қолданамыз.

Жазасын өтеушілер заңға бағынады
Маман-бақылаушы, ефрейтор Нұржан САЙЛАУБАЕВ:
– Ұлттық ұланға 2015 жылдың аяғына қарай қызметке келдім. Оған дейін әр жерде жұмыстар істедім, бірақ тиянақты жұмысым болмады. Бір күні осы бөлімге бос орындарға мерзімдік әскери қызметін өткерген адамдарды қабылдап жатқандығын естіп, қызметке тұру ниетпен келдім.
Алғашында бекетте сақшының қызметін атқардым. Қазір маман-бақылаушымын. Сотталғандардың әр іс-қимылын қадағалаймын. Өзімізге шабуыл жасап, қауіп төндіргендей жағдай болса ғана, бұйрық бойынша сотталғандарға қарсы күш қолдануға болады. Ал егер үлкен көтеріліс болып, сотталғандардың арасында қалу өте қауіпті болса, бақылаушылар қарулы күзет тұрған бекеттің астына қарай жиналады. Бірақ, ондай жағдай болған емес, сотталғандар заңға бағынады.

Бақылаушылар міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды
Әскери жасақ бастығы, сержант Айтболат АХМАДИЕВ:
– 2011 жылы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бірқатар лауазымдарын Ішкі әскерге қосқаны белгілі. Мен де сол құрамда маман-бақылаушы болып, ол кездегі 7552 әскери бөлімнің 2-атқыштар батальонына ауысып келдім. Екі жылдан бері әскери жасақ бастығы қызметін атқарып келемін.
Әскери жасақ бастығы бақылаушылардың жұмысын реттеп, нұсқау беріп, қадағалап отырады. Бақылаушылардың бекеттерде атқаратын қызметін үнемі бақылауда ұстайды. Мекемеге келген әкімшілік қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жалпы, әскери бөлімнің бақылаушылары өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарайды. Психологиялық жай-күйі жағынан да дайын болып келеді. Бұл қызметке әскерилерді әбден «пісіріп» алып тағайындайды.

Қарауыл бастығы болғаныма – 10 жыл
Қарауыл бастығы аға сержант Нұрлан Темірбаев:
– Мен бұл әскери бөлімге 2004 жылы мерзімдік қызметке сарбаз болып шақырылған едім. Екі жыл сарбаз болып әскери борышымды өтеген соң, келісімшарт бойынша әскери қызметке қалдым. Содан бері осы ұжымда қызмет етіп келемін. Алғашында қарауыл бастығының көмекшісі болдым, ал қарауыл бастығы болғаныма биыл он жыл толды. Міндетіміз – қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерін күзету.
Қарауыл бастығы қарауылдың жауынгерлік қызметін ұйымдастырады. Оған сақшылардың ауысымы, бақылау-өткізу пунктінің жұмысы, үнемі жауынгерлік әзірлікте болу сияқты міндеттер жатады.
Жақында бір сотталған адам ішкі тыйым салынған аймаққа өтіп кетті. Сақшы бірден байқап, баяндады, дабыл тетігін басып, аспанға ескерту оғын атты. Мен бірден қарауылды «В ружье» пәрмені бойынша көтеріп, қызметті күшейттім де, сол бекетке жылдам жеттім. Сол кезде сотталған адам кері қарай қашып кетті.
Сондай-ақ, түзеу мекемесіне азық-түлік таситын көліктерді, кездесуге келген адамдарың заттарын мұқият тексереміз, тыйым салынған заттардың өтіп кетуіне жол бермейміз.
Бұрын 7552 әскери бөлімнің бір батальоны болдық, қазір өз алдына әскери бөлім болғандықтан, қамтамасыз ету, қаржыландыру жағынан жағдай көп жақсарды. Құжат айналымы да жеңілдеді. Бұрын бір құжат алу немесе рұқсат сұрау үшін Алматыға қарайтын едік. Қазір бәрі өзімізде, мәселелер де тез шешіліп жатыр.

Сөз соңында
3660 әскери бөлімнің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді және атқара да бермек. Олар өздеріне аса жауапты істің сеніп тапсырылғандығын жақсы түсінеді. Сарбаздарымыздың қызметіне сәттілік тілейміз. Абыройларыңыз арта берсін!

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА,
Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*