Сұрмергендер сұрыпталды

Жастарды спортпен айналысуға шақырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Парламентке спортты бұқаралық сипатқа айналдыруды тапсырған болатын.
Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының «Алатау» спорт сарайында ІІО қызметкерлерінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, жауынгерлік қарудан ату дағдыларын жетілдіру мақсатында ІІМ және «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі бірінші рет ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында жауынгерлік қару ату бойынша Ішкі істер министрінің кубогына республикалық турнир өткізді.
Жарысқа аумақтық Полиция департаменттерінің, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің, ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, ведомстволық оқу орындарының, сондай-ақ, Ұлттық ұланның командалары қатысты.
Құрметті қонақтар ретінде турнирге Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық ұйымының төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, Олимпиада чемпионы, су добынан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, «Динамо» ДСҚ ардагері Сергей Котенко шақырылды.
Турнирдің ашылу салтанатында елордалық Полиция департаментінің «Арлан» арнайы бөлімшесінің қоян-қолтық ұрысы бойынша өнер көрсетуі барлық қатысушыларға жауынгерлік рух берді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте І орынды Алматы қаласы Полиция департаментінің командасы, ІІ орынды Қарағанды облысы Полиция департаментінің командасы, ІІІ орынды ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы иеленді.
Әйелдер арасындағы ең үздік нәтижелерді Наталья Ткаченко (Алматы қаласының ПД), Айсәуле Жеңісқызы (Қарағанды облысының ПД) және Павлодар облысы ПД қызметкері Айман Жаминова көрсетті.
Турнирдің жеңімпазы Наталья Ткаченконың нәтижелері атудан спорт шебері атағына үміткер нормативінен асып түсетінін атап өту керек.
Ерлер арасында Алматы қаласы ПД өкілі Елдос Нәсіпбаев үздік болып танылды. Сонымен қатар, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Айдын Капелов та жақсы нәтиже көрсетті. Көшбасшылар үштігінің бірі – Еркебұлан Қамиев (Қарағанды облысының ПД) болды.
Турнирдің жабылу салтанатында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев атыс дайындығы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның негізгі қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бірі екенін айтты. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің атыс қаруын сенімді меңгеруі – ІІМ бөлімшелері қызметінің тиімділігін анықтайтын маңызды факторлардың бірі. Сондай-ақ, ведомство басшысы аталған турнир қолданбалы спортты дамытуда игі дәстүрге айналуы тиіс екенін де атап өтті.
«Бүгін біз әскери қарудан ату бойынша бірінші турнирдің қорытындысын шығардық. Тек табельдік қарудан оқ атуды ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі төтенше жағдайларда атудың қажетті дағдыларын меңгеру ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Біздің ведомстволар алдағы уақытта да елімізде денешынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруда тығыз өзара іс-қимыл жасайтын болады деп сенемін. Турнирдің соңында барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны және жеңіске деген жігері үшін алғыс айтқым келеді. Турнир жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!» – деді.
Ведомство басшысы үздік командаға Ішкі істер министрінің кубогын табыс етті. Жеке біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суретті түсірген Жандос ҚОҚЫМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*