Интернет алаяқтығы артуда

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертеді.
Интернет-алаяқтар алдаудың жаңа түріне көшті. Қылмыстардың басым бөлігінде алаяқтар тауарлар мен қызметтер туралы жалған хабарландырулар орналастырып, олар үшін алдын ала төлем сұрайды. Алаяқтардың басым көпшілігі азаматтардың маусымдық қажеттіліктерін пайдаланып, тез арада әрекет етуге көшеді.
…Жарнамалық хабарландырулар сайтында Бурабай шипажайында демалу үшін үйді брондау туралы хабарландыру орналастырылған. Клиенттерге 15 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасау қажет екені айтылған. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны хабарландыруда көрсетілген Qiwi-әмиянға ақша жіберген. Өзінің алданғанын тек «фирмаға» қоңырау шалып, көрсетілген мекенжайға баратын бағытты нақтыламақ болғанда түсінген. Бұдан соң сан соғып қалған әйел полицияға хабарласқан. Сақшылардың тексеру жұмыстары Петропавл қаласына алып келді.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығында тұратын 41 жастағы әйел болып шықты. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәртіп сақшылары қала тұрғынының осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда…
«Күмәнді көрінетін ұсыныстарды қабылдамаған абзал, – дейді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев. – Ғаламтор кеңістігінде автобөлшектер, тұрмыстық техника, баспана да сатылуы мүмкін. Алаяқтар кей кездері психологиялық әдістерді де қолданады. Мерзімі аяқталуға жақын акциялар туралы айтып, клиентке тез арада шешім қабылдауды ұсынады. Жақында облыста интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болуы мүмкін. Бұл еліміздің басқа өңірлерінде орын алып үлгерді. Қаскөй әлеуметтік желілерде медициналық көмекке зәру, шұғыл операцияны қажет ететін азаматтар туралы хабарландыруларды іздейді. Науқастың жақындарына хабарласып, дәрігерлермен тіл табыса алатынын, ота жасауды ұйымдастыруда көмектесуге дайын екенін айтады. Кейін емдеу курсын ұйымдастыру үшін дәрігерлермен сөйлесуге кеткенін айтып, медициналық ем-дом шараларын төлеу үшін қажетті соманың бір бөлігін жіберуді сұрайды. Ақша қолына тиген соң, байланысқа шығуды қояды».
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан барлығы интернет-алаяқтықтың 30 фактісін ашты.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*