Жоғалғандарды іздейтін сайт

Қостанайда «Регион-10» атты жоғалғандарды іздеу ресурсы пайда болды.
www.region10.kz. сайтында жоғалған адамдарды іздеу бойынша ақпаратты білуге, сондай-ақ, ғаламторда жиі кездесетін жалған ақпараттарды ажыратуға болады.
Сайтты жасаушылар – Яна Маляр, Татьяна Милехина және Ирина Карпенко есімді еріктілер. Ресурсты құру және оны толтыру идеясын Қостанай облысының Полиция департаменті қолдап, бірігіп жұмыс істеуге келісті. Бүгінде сайт өзінің ресми қызметін бастап кетті. Тәртіп сақшыларымен ынтымақтастық қалай құрылатыны және ресурстың қалай жұмыс істейтіндігі туралы волонтерлар ДП-да өткен брифингте айтып берді.
– Біздің іздеу жасағы 2018 жылдың тамыз айында құрылды. Қазіргі уақытта оның құрамына 16 волонтер және Халықаралық кинологиялық одақтың 4 иті бар, сондай-ақ, «К-9» Қостанай кинологиялық клубы кіреді. Біз қазірдің өзінде полиция қызметкерлерінің барлық іздеу операцияларына атсалысып келеміз. Нәтиже бар. Жыл басынан бері біз 10-нан астам адамды табуға көмектестік, – деп атап өтті Татьяна Милехина.
Айта кету керек, еріктілер жоғалғандарды іздеумен риясыз түрде айналысады. Олардың барлығы тұрақты жұмыс істейді, бірақ адамдарға көмектесуді өз парызы деп санайды.
– Біз «Қызыл жарты Ай» және «ГРИН» ҮЕҰ-ның қолдауымен алғашқы көмек көрсету, іздестіруді ұйымдастыру және жоғалған адамдарды іздеу кезінде қажетті бастапқы әрекеттерді жүргізу бөлігінде арнайы дайындықтан өттік, – дейді еріктілер.
Сайт ыңғайлы навигацияға және бірнеше бөлімдерге ие. Ол ақпараттың түсуіне қарай жаңартылып отырады. Қазір сайтта жоғалып кеткен 7 адам мен табылған 5 адам туралы мәлімет бар. Оларға полиция қызметкерлері басқа да іздестіру фактілері бойынша ақпарат дайындап жатыр.
Волонтерлер балалардың жоғалғаны туралы жалған жаңалықтарға ерекше назар аударады.
– Егер мұндай хабарда ата-аналармен қалай байланысуға болатын телефон нөмірлері көрсетілмесе, хабар эмоционалды түрде айтылса, бұл жалған екеніне сенімді болыңыз. Бізге мұндай хабарламаларды тексеруге жиі хабарласады, – деп атап өтті Ирина Карпенко.

Елена КАШАРИНА, Кенже ҚОНЫСБАЙ, Қостанай облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*