«Мектепке жол» – мейірім жолы

Жыл сайынғы дәстүрге сай еліміз аумағында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жүріп жатыр. Бұл игілікті шарадан ішкі істер органдарының қызметкерлері де шет қалып жатқан жоқ. Тәртіп сақшылары көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне барып, балаларға мектепке қажетті оқу-құралдарын табыс етуде.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД
Облыс полицейлері көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға мектепке жиналуға көмектесуде. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы шеңберінде әр бөлініске әлеуметтік қызметтер ұсынған тізімнен отбасылар бекітілді.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальонының қызметкерлері үш отбасыға барды. Батальон командирінің орынбасары, полиция капитаны Рүстем Есбердинов пен батальонның аға инспекторы полиция аға лейтенанты Манарбек Молдабековты Ольга Дорогаева ерекше көңіл күймен қарсы алды. Оның бес баласы бар. Олардың төртеуі – оқушылар. Балаларды жаңа оқу жылына дайындау жалғызбасты ана үшін оңай емес. Балалар әкелген сыйлықтарды қуана қабылдады. Кеңсе тауарлары, мектеп формасы, аяқ қиім мен сөмкелер салынған сыйлықтарды ашқан балалардың қуанышынде шек жоқ. Спортпен шұғылданатын Дорогаевтар отбасының балаларына сыйланған спорттық киімдер де өздеріне құйып қойғандай.
«Барлығыңызға үлкен рахмет. Сабағымызды жақсы оқимыз деп уәде береміз», – деп өзінің алғысын білдірді 15 жастағы Дима.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Наталья Калининаның айтуынша, «Мектепке жол» акциясына полиция қызметкерлері ұйымшылдықпен қатысады. «Балалардың қуанышты жүздерін көргенде бұл қызметтің ең жақсы сәттері екендігін түсінесіз, – дейді ол. – Бұл акцияның профилактикалық мәні біз үшін де маңызды. Біз оқушылардың демалыстан соң мектепке бармай қалуының алдын аламыз».
Жалпы акция аясында облыстық Полиция департаменті мен Петропавл қаласы Полиция басқармасының бөлімшелеріне 36 отбасында тұратын 97 мектеп оқушысы бекітілген. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін полиция қызметкерлері олардың әрқайсына сый-сыяпаттарын ұсынбақ.

Түркістан облысының ПД
Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясынан Түркістан облысының полицейлері де қалыс қалмай, кең көлемде ұйымдастырып келеді.
2019-2020 оқу жылында көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік көмекпен қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы сақшылар тарапынан ағымдағы жылдың тамызынан бастау алды.
Бұл акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына қажеттіліктерін дайындап, қамтамасыз ету, оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету.
Акция барысында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы Полиция бөлімінің полицейлері көш бастады. Сарыағаштық сақшылар «Мектепке жол» акциясын Полиция бөлімінің мәжіліс залында ұйымдастырды. Тұрмысы төмен 10 отбасын арнайы шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті.
Сарыағаш ауданы ПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Шамшат ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, балалар үшін алынған кеңсе заттарын, сөмкелерді табыстады. Мәз-мейрам болған балалар мен олардың ата-аналары алтын уақыттарын бөліп, қуаныш сыйлаған сақшыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
Тура осындай жайт облысымыздың Келес және Төлеби аудандарында да өтті. Келес ауданы №1 О. Есімов атындағы орта мектептің оқушысына мектепке қажетті кеңсе заттары салынған сөмке табысталса, Төлеби ауданының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның 1-сыныпқа барғалы жатқан ұлына мектеп формасы мен спорттық киімдер, кеңсе заттарын үйіне алып барып, тосын сый жасап қайтты.
Сақшылардың мұндай игі бастамаларға, қайырымдылық шараларына белсене қатысуы полицейлердің де отбасында өзіндік орны бар асқар тау әке мен ақ жүректі ардақты ана екендігін көрсетті.
Акция аясында Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Созақ ауданы ПБ-нің полицейлері «Мектепке жол» акциясын аудандық әкімдікте ұйымдастырды. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті. Яғни, ер балалар мен қыз балаларға арналған мектеп формалары, спорттық киімдер мен аяқ киімдер, күз, қыс мезгіліне арналған жылы сырт киімдер мен аяқ киімдері толығымен табысталды.
Құмкент ауылының әкімі Ғани Пәрдебекұлы, Созақ ауданы Полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі К. Қамшыбековқатысып, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептің ұстаздары, сый-сыяпат табысталған оқушылардың ата-аналары өздерінің атынан балаларының мектепке баруына ықпал етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасаған жандардың жомарттығына алғыстарын айтса, кейбіреулері қайырымды сақшылардың қайырлы істеріне ризашылығын білдіріп жатты.
Игілікті акциясы алдағы уақытта Түркістан облысының басқа да қала, аудандарында жалғасын таппақ.

Ақтөбе облысының ПД
Ақтөбелік тәртіп сақшылары «Мектепке жол» шарасына атсалысуда. Олар қалада тұратын 20-дан астам оқушыға көмек көрсетті. Игі шара одан әрі жалғаса бермек.
Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 3 шілде мен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық шарасына Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері де өз үлестерін қосуда. Осы шара барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 20 балаға полиция қызметкерлері жаңа оқу жылына қажет киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алып берді.
«Балалар – біздің болашағымыз. Оларға өз қатарларынан қалмай, мектеп табалдырығын аттап, білім алулары үшін бар мүмкіндік жасау – біздің парызымыз. Біз өткен жылы өз жалақымыз есебінен республикалық шара аясында Алға мен Жайсаңдағы жемім балалар үйлері мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту ортылғығына 5,5 млн теңге аудардық. Және бір патронатты тәрбиедегі жетім баланың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есеп шотына пәтер алуы үшін 2,5 млн теңге қаржы аударып, көмек көрсеттік. Біз мұндай қайырымдылық шараларына ұдайы атсалысып тұрамыз», – деді Ақтөбе облысы Полиция департмаменті Кадр саясаты жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алтыншаш Жасанова.

Павлодар облысы ТЖД
Департаментінің қызметкерлері жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында «Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернаттың» 15 баласына көмек көрсетті.
Аумақтық ТЖ органы аппаратының жеке құрамы осы мектептің тәрбиеленушілеріне екінші жыл қамқорлық жасап отыр.
Облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары, полковник С. Асайынов аталмыш мекеменің басшысы Нұрсәуле Төлемісовамен жеке кездесіп, бірінші сынып оқушыларына арналған кеңсе керек-жарақтарын табыс етті. Жаңа оқу жылында үлкен жетістіктер тіледі.
Нұрсәуле Қайыркенқызы қамқоршыларға оқу мекемесінің кабинеттері бойынша экскурсия жүргізіп, осы мектеп тәрибеленушілерінің шығармашылық жұмыстарын көрсетті. Онда балалар мұғалімдердің басшылығымен ұсақ-түйек заттар жасап, суреттерді жасайды, мектеп аумағын көріктендіреді.
Оқу орнында оқытушылардың ұйымшыл және шығармашылық ұжымының арқасында жайлы атмосфера құрылды, бұл балаларға өз үйлерінде жүргендей сезінуі үшін маңызды.
Мектеп-интернаттың ұжымы мен тәрбиеленушілері азаматтық қорғау қызметкерлеріне қамқорлық пен көңіл бөлгендері үшін алғыстарын білдірді.

Жамбыл облысының ТЖД
Жуырда Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінде «Мектепке жол» акциясы аясында шара өтті.
Шара барысында мекеменің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев ата-аналарымен бірге келген бүлдіршіндерге алдағы оқу жылын үздік аяқтауларына сенім білдіретіндігін жеткізді.
Шара барысында көмекке мұқтаж аз қамтылған отбасыларда өскен бүлдіршіндерге мектеп формалары, спорттық киімдер, мектеп сөмкелері, сондай-ақ, қарындаш, дәптер секілді мектепке қажетті дүниелері үлестіріліп берілді.
Өз кезегінде ата-аналар қауымы ұйымдастырылған мұндай игі шараға өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*